Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бөкенбайұлы Сенатқа барғысы келеді

24.06.2020, 17:04 735

Ақорда сайты 12 маусым күні биыл Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы 12 тамызда өтетінін хабарлаған.

Осы бір саяси додаға Қызылорда облысынан қатысатын кандидаттардың төбесі ақырындап көріне бастады. Алғашқылардың бірі боп үміткер ретінде кешеге дейін «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Ақмарал Әлназарованың қатысатыны белгілі болды. Тіпті, ол саяси додаға байланысты қызметінен кеткен екен. «Қазіргі таңда Ақмарал Шәріпбайқызы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттығына үміткер ретінде қатысуына байланысты қызметінен өз еркімен босатылды» деді облыс әкімі партияішілік ауыс-түйісте.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатынан үмітті екінші кандидаттың есімі анықталды. Ол – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Бөкенбайұлы Қайруллаев. Бұл туралы ол Фейсбук әлеуметтік желісінде «Бүгін Қызылорда облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат болып тіркелдім. Алла жар болсын!» деп жазба қалдырған. Айта кетейік, Айдын Бөкенбайұлы облыс әкімінің баспасөз хатшысы, ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысы ішкі саясат басқармасы басшысы қызметінде болған.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев «Осы кезге дейін 2 кандидат тіркеліп оған тиісті куәлік берілді. Олар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы комерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев және «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов», – деді.

Еске сала кетейік, сайлау алдындағы үгіт 23 шілдеде сағат 18.00-ден кейін басталып, 11 тамызда сағат 00.00-де аяқталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: