2027 жылы Құрылтай қызметін қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 22,53 млрд теңге бөлу жоспарланған. Шартты түрде есептегенде, 145 депутаттың әрқайсысына 155,3 млн теңгеден келеді. Экономист Әнел Дәулетғалиева жаңа парламенттің шығынына қатысты осындай есеп ұсынған.
Маманның айтуынша, 155,3 млн теңгені депутаттың жалақысы немесе қолына берілетін қаражат деп түсінбеу керек. Көрсеткіш Құрылтайдың жалпы бюджетін депутат санына бөлу арқылы шығарылған.
Жалпы бұл сомаға депутаттардың жұмысын ұйымдастыруға арналған барлық шығын кіреді. Олардың қатарында әкімшілік аппаратты ұстау, коммуналдық төлемдер, көмекшілердің еңбекақысы, кеңсе тауарлары мен депутаттардың тұратын жеріне жұмсалатын қаражат бар.
Сонымен, Құрылтай қызметіне 2027 жылы – 22,53 млрд теңге, 2028 жылы – 22,85 млрд теңге, 2029 жылы – 22,79 млрд теңге бөлу көзделген.Кейінгі жылдарға жоспарланған сомалар бюджет нақтыланған кезде өзгеруі мүмкін.
Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков алдағы жылға Құрылтайға 22,5 млрд теңге көлемінде қаражат бекітілгенін растады.
«Бұл сомаға Құрылтайды мемлекеттік орган ретінде ұстауға жұмсалатын барлық шығын кіреді. Атап айтқанда, коммуналдық, әкімшілік, көлік шығындары, тек депутаттардың ғана емес, аппарат пен оған қарасты ұйым қызметкерлерінің жалақысы, сондай-ақ ғимараттарды күтіп-ұстауға арналған коммуналдық шығындар бар», – деп мәлімдеді Кальянбеков Zakon.kz желілік басылымына.
Парламентте бір депутатқа жылына 195 миллион теңге жұмсалған
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстан Парламентінің бір депутанына орта есеппен 195 млн теңге жұмсалған. 2015 жылы бір депутатқа шаққандағы шығын 70 млн теңге болса, 2024 жылы 195 млн теңгеге жеткен.
Экономист Әнел Дәулетғалиева жаңа бірпалаталы парламенттің бұрынғы Мәжіліс пен Сенатқа қарағанда бюджетке арзанырақ түсетінін айтады. Оның сөзін Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков те растаған. Оның айтуынша, «Құрылтайды бюджеттен қаржыландыру көлемі өсті» деген сөз шындыққа жанаспайды. Ол салыстыру үшін Сенат пен Мәжілістің бюджетін мысалға келтірді. 2026 жылы Сенат пен Мәжілістің бюджеті 34,8 млрд теңге болған. Бұл тұрғыдан алғанда Құрылтайдың бюджеті 35%-ға азайған.
Осы есепке сүйенсек, Құрылтайға жоспарланған жылдық шығын бұрынғы екі палаталы парламент бюджетінен шамамен 12,27 млрд теңгеге азайған.
Қазақстан Халық кеңесінің қызметін қамтамасыз етуге 1,76 млрд теңге бөлу жоспарланған. Экономист ұсынған дерек бойынша, жаңа консультативтік органды ұстауға Құрылтаймен салыстырғанда әлдеқайда аз қаражат жұмсалады.
Депутаттардың жалақысы
Құрылтай депутатының жалақы мөлшері 600 мың теңгеден басталады. Төраға орынбасары Дәния Еспаеваның айтуынша, халық қалаулысысының қанша алатыны еңбек өтіліне байланысты.
«Қазір депутаттардың жалақысы 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін. Егер депутаттың еңбек өтілі ұзақ болса, оның жалақысы 1 миллион теңгеге жетеді», – деді Дәния Еспаева.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Мәжіліс депутатының айлық жалақысы 2024 жылы орта есеппен 1 257 040 теңге, ал Сенат депутатының жалақысы орта есеппен 1 132 500 теңге болған.
Депутаттар орта есеппен 719 051 теңге алған.
Яғни, бұл жерде де салыстырмалы түрде жалақының да аздап қысқарғаны байқалады.
Фото мен ақпарат: parlametr.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!