Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бекшин һәм «біртүрлі болжам»

12.03.2020, 10:53 629

«Сөзің аузыңнан шыққанша сіз оған, шығып кеткен соң ол сізге қожайын». Еліміздің бас санитарының сөзі бүкіл қазақ жұртының зәре-құтын қашырды. «Наурыздың орта шенінде Қазақстанға ақыры коронавирус келуі мүмкін» деген «біртүрлі болжамына» халық күлерін не жыларын білмей дал. «Сөзден сүрінді» деп ақжағалымызды ақтап алайық десек, кім болса да бұқара алдындағы жиынға алдын ала дайындықпен келеді.  Өзі қазақ, тілі орысша болып, тамағына тірелген сөзін жөнді айтқаны шығар бұл. Дәл осыны қазақша келтіргенде бұдан да сорақы сын мен міннің астында қалар ма еді, кім білсін?! Айтылған сөздің астынан астар іздемейік десек те, жұрттың құлағына жеткен соң талқыға түсіру міндет болып тұр. Жоғарыдағылар «келген ауруға есік ашық» деп бейқам отыр ма, әлде елдің есін алмаймыз деп алдын ала құлақтандырып қойған сыңайлары ма, белгісіз?!

Бекшиннің «болжамынан» кейін бұқара да болжам жасай­ бастады. Бәлкім, Қазақстанда коронавирус тіркеліп, оны тексеріп, екшелеу процесі әлі нақтылан­баған.  Нәтижесі наурыздың орта шенінде келсе, ақпаратпен  дереу  халықты  құлағдар қылады.

– Біздің болжамымыз бойынша шамамен 11-16 наурыз аралығында біздің елде коронавирус таралады. Бірақ, бұл – болжам. Бір апта ары не бері өзгеріс болуы мүмкін. Барлық тиісті шараны іске асырып жатырмыз. «Шеңбер» аясы қысылып бара жатқанын көріп отырсыздар. Қытай ғана еді басында. Қазір Иран, Оңтүстік Корея, артынша коронавиру­с Еуропа елдерін шарпыды. Инфекция тіркелген елдердің ортасында қалдық. Әлбетте, бізге вирус кірмейді деп кепілдік бере алмаймыз. Вирус – қамап тастайтын «мал» емес. Адам немесе жануардың бойында өсіп-өркендей береді. Күн сәулесі оны жеңе ме, жоқ па деген де сұрақ қойылып­  жатыр. Алайда бұлай ойласақ, күн жарқырап тұрған Иранды қараңыз. Вирус кез келген жануардың азғасын­да дами береді деп айтар едім. Біздің міндет – тәртіп болатындай ұйымдастыру жұмысын күшейту, – деді бас  санитар.

Дайындықты күшейту шаралары туралы о бастан айтып­ келеді. Алайда біздікілер бейқамдықтың ауылынан алыстаған жоқ. Дәріханаларда маска саны жеткіліксіз. Отандық өндірушілер масканы экспорттамағанның өзінде елімізді жеткілікті қамтамасыз ете алып жатқан жоқ. Әйтеуір бәрі «аурудың алдын алу шараларын күшейтіп  жатырмыз» деп дабыл қағудың хас шебері болып­  алды.

Құдай бетін әрі қылсын, бірақ бас санитардың «біртүрлі болжамы» келгеннің өзінде халықты жаппай ақпараттандыру, қоғамдық орындардан уақытша оқшаулану­, дәрілік препараттармен қамтамасыз ету секілді өте жедел жасалу керек дүниелер тым көп. Ал біздің әзірге жағамыз жайлауда. Бекшиннің «болжамына» Біртанов­ «Фейсбук» әлеуметтік желісінде былай деп жауап­  берді.

– Әлем бойынша коронавирус инфекциясы 115 елге таралды­. Олардың арасында бізге көршілес мемлекеттер және тікелей әуе қатынастарын орнатқан елдер де бар. Соныме­н бірге, бәріміз сыртқы әлемнен толық оқшауланудың  мүмкін  еместігін  түсінеміз. Еліміздің аумағына инфекция­ның  енуі ықтимал екенін де жоққа шығармаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда аурудың расталған бірде-бір жағдайы  тіркелген жоқ! ҚР Бас мемлекеттік санитарлық  дәрігері  Жандарбек  Бекшиннің  коронавирус  инфек­циясының келуі туралы болжамы – біздің ғалымдардың статисти­калық модельдеу арқылы жасаған болжамы ғана. Бастапқы деректер ретінде әлемнің түрлі елдерінде жолаушы­лар тасымалы мен коронавирус инфекциясының таралу көлемі алынды. Түрлі сыртқы факторларды ескере отырып, деректердің үнемі өзгеріп отыратындығын атап өткен жөн. Мәселен, беделді Ланцет журналында коронавирустың Қытайдан әлемдік мегаполистерге таралуы турал­ы  ұқсас  болжам  жасалды, – деді  бас  дәрігер.

Біртанов бас санитарды  осылай деп ақтап  алды. Дұрыс. Шырылдап  айтқан  жазбасына  қарағанда, инфекциялы­ вирус тіркелмеген шығар. Оның үстіне бір ауладағылардың  аузы  да  бір  болғаны  дұрыс. Бірақ, биліктегілер­дің  қауіпті  кеселді  құда  күткендей  әспеттей хабарлағанына қарап, бейқам елді беймаза күйге түсіріп қойғанына қарының­ ашады екен. «Арық айтып, семіз  шық»  деген. Лайым кесел келмесін, ауру ауылымызды  айналып  өтсін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: