Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

18.11.2022, 11:00 679

 HALYQLINE.KZ Кеше Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов ҚР Президентінің 2022 жылғы 03 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында, Иіркөл, Төребай би ауылдық округтерінде халықпен кездесуі жалғасын тапты. Кездесу барысында алдымен ауыл әкімдерінің халықтың әл-ауқатын, тұрмыстық деңгейін жақсарту бағытында атқарылған жұмыстары тыңдалды. Сонымен қатар аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көршеткіштеріне тоқталып, аймақтың жағымды жаңалықтарын жеткізіп, алдағы атқарылар жоспарларымен бөлісті.

Аудандағы төрт түлік мал басы санының өсуіне байланысты жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында елді мекендерден шалғай орындардағы көне су ұңғымаларын тазарту арқылы, қайта іске қосу үшін 26 су ұңғымасы құжаттандырылып ұсынылған және оның ішіндегі 2 су ұңғымасы осы ауылдық округтердің аумағында орналасқандығын және сондай-ақ Иіркөл ауылдық округінің Достық көшесін жарықтандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы қаралып, қазіргі кезде жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде екендігін жеткізді. Сонымен қатар биылғы жылы елді мекендер бойынша су тапшылығы жағдайында қашыртқы суларын қайта пайдалану үшін егістік жерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету және үй-іргелік жерлерде өсірілген көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 18 дана, барлығы 57 дана насос тұрақты жұмыс жасағандығын айтты. Кездесу барысында аудан әкімі ауылдық округтер бойынша тұрғындардың толғандырып жүрген талап-тілектерін тыңдады. Көтерілген мәселелер қатарын заңдылықтар аясында шешуді жауапты сала басшыларына тапсырып, шешілу мүмкіндіктерін міндеттеді.

Сондай-ақ, Әділбек Ерсұлтановтың халықпен кездесуі Қармақшы ауылдық округінде жалғасын тапты. Алдымен ауыл әкімі А.Есқараевтың ағымдағы атқарылған жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Содан соң аудан әкімі сөз алып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін сөз етіп, алдағы міндеттерімен бөлісті.

– Қармақшы ауылдық округінің негізгі кәсіп түрі мал шаруашылығы. Сондықтан бұл ауылдық округтегі мал шаруашылығының дамуына қолдау көрсетілуі тиіс. Ауыл әкімі жергілікті тұрғындардың барлық жағдайынан хабардар болып, олардың әрбірінің тұрақты табысының болуын қамтамасыз етуі керек. Жаңадан кәсіп бастауға ниетті тұрғындарға мемлекеттік қолдаулар бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жан-жақты ақпарат беріп, құжаттама жұмыстарына әрдайым көмек көрсетіп отыру керек, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар елді мекен бойынша жолдарды жөндеу жұмыстары негізінде Қызылтам елді мекеніне кіре беріс жолына қайта жаңғырту жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы қаралып, жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде және Қармақшы ауылындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жобасына қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары бүгінде жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

Жиынға қатысқан ауыл тұрғындары аудан басшылығының және ауыл әкімінің атқарған жұмыстарын тыңдап, алдағы уақытта ауылішілік көшелердегі жарық, мал жайылымдық жерлерді белгілеу және де өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелер жөнінде ұсыныс-тілектерін білдірді.Аудан әкімдігі тарапынан тұрғындардың ұсыныс пікірлері ескеріліп, заңдылықтар аясында кезең-кезеңімен жүйелі түрде іске асырылатындығы жеткізілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: