Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астана Ресейдегі нысандарға Қазақстаннан дрон ұшырылған деген сөзді жоққа шығарды

09.07.2026, 15:11 22

Астана Ресейдегі нысандарға Қазақстан аумағынан дрон ұшырылды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды halyqline.kz.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі елдің аумағынан Ресейдегі нысандарға дрон ұшырылған дегенге қатысты таралған болжамдарды шындыққа жанаспайтын, ешқандай айғақ-дәлелі жоқ жалған хабар деп бағалады. Бұл туралы Tengrinews сайты жазды.

Министрліктің мәліметінше, соңғы кезде кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейдегі нысандарға шабуыл жасаған ұшқышсыз ұшу аппараттарының Қазақстан аумағынан ұшырылуы мүмкін деген ақпарат таралған. Ведомство мұндай мәлімдемелер Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен дәстүрлі достық қатынастарды бұрмалауды көздейтінін атап өтті. Теңгерімді сыртқы саясат ұстанатын Қазақстан халықаралық міндеттемелеріне адал екенін және өзге елдердің ішкі істеріне араласпайтынын министрлік жеке мәлімдемесінде жеткізді.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан өз аумағы, әуе кеңістігі мен инфрақұрылымының басқа елдерге қарсы әрекеттер үшін пайдаланылуына жол бермейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін Ресей медиасында Омбы облысындағы мұнай өңдеу зауытына жасалған дрон шабуылдарынан кейін оған Қазақстанның қатысы болуы мүмкін деген болжамдар жарияланған еді. 6 шілдеде жасалған шабуылдан зақымдалған Омбы мұнай өңдеу зауыты жұмысын уақытша тоқтатты. Зауыт «Газпром нефть» компаниясының құрамына кіреді, оның жылдық өндірістік қуаты шамамен 21 миллион тонна мұнай өнімін құрайды. Ресейлік әскери сарапшы Борис Джерелиевскийдің Украинадан Омбыға дейінгі қашықтық шамамен 2 700 шақырым болғандықтан, дрондардың Қазақстан аумағынан ұшырылуы мүмкін деген болжамы кеңінен таралған болатын. Дегенмен қазақстандық әскери сарапшы Ермек Сейтбаталов мұндай тұжырымды растайтын нақты техникалық немесе тергеу деректері жарияланбағанын, ал Қазақстанның батыс өңірлерінен бұған дейін табылған ұшқышсыз аппараттар сынықтарын дәлел ретінде келтіру әскери сараптама үшін жеткіліксіз екенін жеткізді.

Омбы облысы Қазақстанның Павлодар облысына жақын орналасқан және екі елдің мұнай логистикасында маңызды рөл атқарады, себебі Павлодар мұнай-химия зауыты тарихи тұрғыдан Омбы – Павлодар мұнай құбыры арқылы шикізат жеткізу жүйесімен байланысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: