Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аспан астындағы көр: Айдаһардың соңғы тынысы, Барыстың соңғы жүрісі

28.09.2023, 11:40 272

Ең дәмді  Чунциннің Ваньчжоу ауданындағы шағын кафелерде беріледі дегенді естігенім болмаса, өзім жеп көрген жоқпын (шошқа етін жей алмаймын). Хуэй Го Роу – Сычуань асханасының бетке ұстар тағамдарының бірі. Өзіме Қытай мәзірінен императорлық мектеп (Пекин асханасы: Бейжің үйрегі), Кантон асханасының бірнеше тамағы ұнайды. Ал Сычуань тағамдары тым ащылығына  байланысты  аса  жаға  бермейтіні  рас.

Сун Цзы «Соғыс өнері» трактатында «Ең керемет соғыс – болмаған соғыс» дейді. Бұл – Қытайдың негізгі әскери идеологиясының түпқазығы. Дао, Конфуций, Лао Цзы үштағанына шын мәнінде бойлай енсек, біз Қытайдың сыртқы контурға шықпайтынын түсінеміз. Бірақ Қытай Тайваньды сырт мемлекет емес, өз іші деп санайды. Демек, Тайваньды басып алу – Қытай үшін басқа мемлекетпен соғысу емес, ішкі мәселені реттеу. Бірақ генерал Шан Кайшидің бүгінгі ұрпақтары олай ойлама­йды.

ЖАҒАДА  ОТЫРҒАН  ДАО,   

ӨЗЕНМЕН  АҒЫП  КЕЛЕ  ЖАТҚАН  ҚАЗАҚ  МҮРДЕСІ

Алыс көкжиекке көз салғанда, Қытай мен Тайвань қақтығысынан әлем экономикасы 1 трил­лион доллар жоғалтуы мүмкін екенін бажайлаймыз. Қытай өзінің 18 триллион доллар тартатын ішкі  жалпы  өнімімен әлем экономикасының 18,5 па­йызын құрайды. Тайвань әлемді барлық күрделі электрониканың жүрегі – чиптермен қамтамасыз етіп отыр. Қарулы текетірестен әлем экономикасы тек бір жылдың өзінде пандемияға парапар соққы алуы ғажап емес.

Ал ұзаққа созылатын ең үлкен қауіп – Қытайға Ресейдікіндей санкция салынуы. АҚШ ақымақ емес. Ол Қытайға электроника бойынша санкция салудың пайдасыз екенін біледі. Қытай экономикасын кідіртіп тастаудың үш амалы бар:

а) АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Жапония және Еуроодақ Қытай тауарларынан бас тартады. Қытай­ды Вьетнам, Индонезия мен Үндістанға ауыстырады.

б) Қытайға мұнай, газ, металл, басқа да өндіріске қажет шикізат сатуға санкция жария­ланады.

в) Қытай резервтері бұғатталып, банктері Swift жүйесінен  ажыратылады.

Осының Б варианты іске қосылса, Қазақстан үшін қуырдақтың көкесі басталмақ. 2022 жылы біздің  Қытайға экспортымыз (мұнай, газ, мыс) 13,2 миллиард долларды құрады. Бұл бір жылда Ұлттық қорға түсетін ақшаға парапар. Барлығы шикізат  және 100%  санкцияға  ілінеді.

БУРГЕР  әлде  ЛАПША?

Ресейге санкция салынғанда, біз «санкция режимін бұзбаймыз» деп ашық түрде батыстың ығына жығылдық. Енді ұжымдық Батыс «Қытай немесе біз» деген қиын таңдау қоятын болса, Қазақстанның жаны қиналатын болады. Себебі, санкцияны қолдасақ, Қытай оны еш уақытта кешпейді. Онда «көппен көрген ұлы той» демекші, батысқа қарсы шұғыл құрылатын Қытай-Ресей-Иран блогының ішінде жүретін боламыз. Еуроодақ және АҚШ-пен арадағы экономикалық байланыс үзіліп, Италия мен Нидерланды біздің мұнайдан бас тартады. Ал Chevron, Eni, ExxonMobil, Shell, Total, Agip сынды халықаралық компаниялар елден кетеді. Қазақстан батыстағы халықаралық байланыстарын үзіп, Қытайға байланған сателлит ретінде қалмақ. Тиісінше экономикасында кері трансформация басталады.

Ал егер батысты қолдасақ, Қытайдың импорттық/экспорттық эмбаргосымен қоса, егемендік (суверенитет) мәселесіне қауіп төнетін болады.

Қытай мен Тайвань соғысы бізге осындай ауыр заман туғызбақ. Сондықтан Конфуций философия­сы мен Сун Цзы ойларының астарына бойлау аса қажет. АҚШ шыны керек, Тайвань мәселесінде қолтыққа су бүркіп, мәселені ушықтыруға мүдделі. Олар Қытайдың дамуын тоқтату өздері үшін стратегиялық міндет екенін ашық айта бастады. Ресей кейсіне қарап, мемлекетті кері кетіру үшін оны соғыстырып, санкциялармен кислородын бөгеудің тиімді әдіс екенін көрдік. Қытай бұл провокацияға ермейді деп сенеміз. Ерсе, онда қазақ үшін оңай болмайды.

Ата-бабаларымыз теңіз жағасын жаулап, сол жаққа порттар, кемелер салудың орнына бізді проблемалары бітпейтін үлкен елдердің ортасына тығып тастады. Енді өз қотырымызды өзіміз қасуға тура келеді. Қатты қасысаң, қотыр қанайды, ақырын қасысаң, қышуы қанбайды. Бұл өмірде қазаққа  оңай  ештеңе  жоқ.

Айбар  ОЛЖАЕВ,

журналист,  қаржы сарапшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: