Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақтық айқас алдында…

15.04.2022, 7:50 413

HALYQLINE.KZ

Донбасстағы шешуші шайқас алдында Батыс елдері Украинаға қару және қаржылай көмекті арттырып, нақты қолдауды күшейтті. Ресей де әскерін өзі басып алған аймақта, яғни Украинаның шығысы мен оңтүстігіне топтастырып жатыр. Бүгінде Ресейдің қолында Луганск пен Донецк облыстарының бір бөлігі, Херсон қаласы мен Мариуполь маңы бар. Мариуполь қаласының жартысы Ресей әскерінің қолына өтсе, жартысын Украина әскері табандылықпен қорғауда.

Ресей әскері Украинаның үш облысынан шегініп кетті. Киев, Сум және Чернигов бойында үлкен шығынға ұшыраған Ресей сарбаздары Ресей мен Беларусь аймағына қарай өтіп кетті. Артынша олар Донбасста қайта топтаса бастады. Тараптар Донбасс үшін қанды шайқастар күтіп тұрғанын айтады.

Ресей әскерінің жоспары да белгілі болды. Ресей қоршауда жатқан Мариупольді толық басып алып, Харьков қаласына шабуылды күшейтпек. Сол арқылы екі бағытта шабуыл жасап, Донбасстағы Украинаның 60 мың жасағын қоршауға алуды жоспарлап отыр. Егер Мәскеудің аталмыш жоспары іске асса, онда артынша Одессаға шабуыл жасап, Украинаны теңізге шығу мүмкіндігінен айыруды көздеп отырған болуы керек.

Украина әскерінің басты міндеті – Харьков қорғанысын күшейтіп, Мариуполь қоршауын бұзып, қалаға резервтік күштерді жеткізу. Алайда екінші міндетті шешу өте қиын дейді мамандар. Мариуполь қаласына жету үшін ашық жатқан жазықтықпен өту міндеті тұр, ал ол өз кезегінде резервтік күштердің қоршауға түсіп қалу қаупін арттырады.

Донбасс үшін шешуші шайқаста Ресей әскері мен Украина жасақтары барынша дайындықты күшейтті. Ресей қосымша резервтік күштерін топтастырды, ал жараланған және ауруға шалдыққан сарбаздарын сепаратистер қолында аймаққа әкетуге тырысуда. Сарапшылар көктемгі әскерге шақыртылғандарды да ұрыс даласына жіберу мүмкіндігі барын айтады, ал ресми Кремль ол ақпаратты жоққа шығарды. Ресей Донбасста Украина әскерінен бес есе көп күшті топтастыруды жоспарлап отыр.

Ақтық айқас алдында Украинаны Батыс елдерінің қолдауы да күшейе түсті. Кеше ғана Польша, Эстония, Литва, Латвия президенттері Киевке келіп, Зеленскиймен кездесу өткізді. Тараптар қару мен қаржы беру мәселесін талқылап, нақты шешімдер шығарды. Ал бір апта бұрын Ұлыбритания басшысы Борис Джонсон Киевке арнайы сапармен келіп, Украинаға қуатты қару беретінін ресми мәлімдеді. Тіпті экономикалық бірлестік саналатын ЕО Киевке қару сатып алуға 500 млн еуро қаржы бөлетінін айтты. Бұл экономикалық одақтың саяси сипатта шешім қабылдауды арттырғанын аңғартады. Киевке келген Жозеп Боррель «Киев Донбасс айқасын қарумен шешеді» деп мәлімдеме жасады.

АҚШ билігі Украинаға көмек көрсету мақсатында кезекті шешімін жария етті. Ол үшін 800 млн доллар қаржы бөлінуде. Оған 200 бронды әскери M113 көліктері, 11 дана Ми-17 тікұшақтары, 18 гаубица, 300 дана Switchblade камикадзе дрондары мен 500 Javelin алынып, Украинаға жіберіледі. Бұл туралы Пентагон мәлімдеді.

Ресей Донбассқа шабуылды осы апта ішінде бастайды деген болжам бар. Кремль 9 мамырға дейін қандай да бір міндетті орындап, сол арқылы халық алдында ұпай жинауды ойластыруда.

Асхат  Қасенғали,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: