Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Апатты мектептің орнына салынған жаңа білім ошағы табысталды

05.09.2022, 17:50 43

HALYQLINE.KZ Қызылорда өңірінде жаңа мектептер мен балабақшалар желісі көбеюде. Бүгін Арал ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел ағаларымен бірге бірқатар әлеуметтік нысанды ашты. Аймақ басшысы алдымен бүгінге дейін апатты деп танылған мектептің орнына жаңадан салынған №71 орта мектебіне барып, оқушыларға игі тілегін арнады.

“Мемлекет үшін де, адам үшін де бала өмірінен қымбат байлық жоқ. Сондықтан да, өткен жылы мектеп ғимаратының құрылысы басталып, өз уақытына сай жаңа оқу жылында пайдаланылуға берілді. Осы кезге дейін №71 мектеп-интернатының ескі мектеп ғимараты апатты деп танылып келді. Енді ол қауіп жойылды. Елдің ардагерлері мен ұстаз қауымының сұранысы толық өтелді.

Білім жолында еңбекқорлықтың өлшеусіз үлгісін көрсетер ұстаздар қауымының ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі еңбектеріне сәттілік тілеймін!”, – деді Н.Нәлібаев.

Өңірде апатты деп танылған 4 мектептің 3-еуінің биыл шешімі табылып, оның екеуі қыркүйек айында табысталмақ.

Аралдағы Тоқабай елді мекенінде пайдалануға жарамсыз деп танылған №248 орта мектеп жеке инвестор есебінен қайта салынуда. Айту керек, Тоқабай ауылындағы 11-сынып оқушыларының барлығы биыл мемлекеттік грант иегері атанды. Мұнан бөлек, алдағы 3 жылда Арал ауданының өзінде 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, жаңа нысандар бой көтермек. Оның ішінде, «асарлату» әдісімен салынған Сапақ ауылдық округіндегі №69 орта мектеп пен Мергенсай елді мекеніндегі №58 орта мектебі келесі жылы салынатын мектептер тізімінде тұр. Жалпы Сыр елінде алдағы 3 жылда 32 мектеп салынбақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: