Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

AMANAT  «ӘДІЛЕТКЕ»  АМАНАТ немесе  ширек  ғасырлық  партияның  ақырғы  адымы

18.06.2026, 7:40 49

Қазақстанның саяси картасы бір аптаның ішінде түбегейлі өзгерді. Ширек ғасыр бойы ел билігінің тірегі болып келген  Amanat партиясы небәрі екі ай бұрын дүниеге келген өзінен  жас «Әділет» партиясының құрамына қосылды. Бұл – соңғы жылдардағы партиялық кеңістіктегі ең ірі оқиға әрі сарапшылар айтып отырғандай, бұрынғы саяси дәуірмен символдық тұрғыдан қоштасу. Бірігу екі кезеңмен, екі бөлек съезде ресімделді. Алдымен 12 маусым күні Астанада Amanat партиясының XXVI съезі өтті. Жиында партия мүшелері мемлекетті дамыту жолында атқарылған жұмысты қорытындылап, «Әділет» партиясына қосылу идеясын қолдады. Партия төрағасы, Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов съезд  мінберінен  бірігудің  себебін  ашық  айтты.

– Дәл осындай жауапты сәтте біз күш біріктіріп, ресурс­тарымызды жаңа саяси «Әділет» партиясымен біріктіруіміз керек, — деді  ол.

Қошановтың пайымынша, бүгінгі елге жаңа бөліну сызық­тары емес, керісінше біріктіретін тұғырлар қажет. Съезд қорытындысында бұл қадам Қазақстанның стра­те­гиялық міндеттерін жүзеге асыру үшін жинақталған тәжі­рибені, кадрлық және қоғамдық әлеуетті біріктіруге мүмкіндік  беретіні  атап  өтілді.

Екінші кезең 14 маусымда орындалды. Сол күні Астанада «Әділет» партиясының съезі өтіп, делегаттар Amanat-тың өз қатарына қосылуын қолдап дауыс берді. Осымен заңды рәсім аяқталды. Партия мәлімдемесінде бұл шешім тар партиялық мүддеден жоғары тұратын, ұлттық жауапкершілікке негізделген қадам  ретінде  бағаланды.

Неге алып партия жас партияға қосылды? Бір қарағанда қисынсыз көрінетін тұс – осы. «Ширек ғасырлық тарихы, мыңдаған бас­тауыш ұйымы мен миллиондаған мүшесі бар алып партия неге екі айлық жаңа құрылымның құрамына енеді?» деген сұрақ туады. Жауабын сол съезде партия өкілдері түсіндірді. Мәжіліс депутаты, партияның саяси кеңесі бюросының мүшесі Ерлан Саировтың сөзінше, бұл бастама Amanat жинаған тәжірибе мен «Әділеттегі» жас саясаткерлердің күш-жігерін біріктіруге бағытталған. Депутат шешімді партияның өз мүддесі емес, елдің саяси дамуының жаңа кезеңінің бір бөлігі  деп  бағалады.

Саяси мәнін Саиров одан да ашық жеткіз­ді. Оның тұжырымдауынша, екі партияның бірігуі – Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жүйесі­мен толық қоштасу. Депутат Amanat-тың артында әлі де бұрынғы Президенттің ықпалы сезілетінін, ал шілденің 1-інен бастап елдің жаңа саяси дәуірге қадам басатынын мәлімдеді. Демек ескі брендтен арылып, президенттік бағыттағы күшті жаңа атаумен қайта құру – бұл бірігудің  астарындағы  негізгі  логика.

Сонымен, «Әділет» деген кім? Бойына алып партияны сыйғызған  бұл құрылымның жасы әлі бір жылдан асқан жоқ. «Әділет» партиясын құру  бастамасы  биыл 15 сәуірде жарияланып,                 7 мамырда құрылтай съезі өтті, оған қатысқан 931 деле­гаттың барлығы партияны қолдады. Партия 1 маусымда ғана мемлекеттік тіркеуден өткен еді. Төрағалыққа осы съезден сәл бұрын Президент Әкімшілігінің басшысы қызметінен босаған Айбек Дәдебай сайланды. Партияның саяси кеңесінде белгілі тұлғалар жетерлік. Қатарын­да «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, кәсіпкер Андрей Лаврентьев, саясаттанушы  Марат  Шибұтов,  «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Астана халық­аралық қаржы орталығының бас­қарушысы Ренат Бектұров бар. Партия өзін президенттің стратегиялық бағытын институ­ционалдық тұрғыдан қолдаушы, «Әділетті Қазақ­стан» идеясының  жақтаушысы  ретінде  таныс­тырады.

Осы тұста тарих қайталанып отырғанын байқаймыз. Билік партиясының басқа партия­ларды сіңіруі Қазақстан тарихында бұрын да болған, бірақ бұл жолғы бағыты бөлек. Қазіргі Amanat-тың түп-төркіні – «Отан» партиясы өз кезінде Азаматтық, Аграрлық партияларды, «Асар» қозғалысын қатарына қосып алған. 2022 жылы «Нұр Отан» Amanat болып ат ауыс­тырғанда «Адал» партиясы да оның құрамына енген. Сол кездердің бәрінде ұсақ партиялар алып партияға келіп қосылса, енді тарих тегер­шігі керісінше айналды, ширек ғасырлық алып партияның өзі жаңа құрылымның туына иек артты. Мұны бірігу емес, дәуір ауысуының белгі­сі  деп  қабылдағандардың  қатары  қалың.

Бұл өзгеріс кездейсоқ сәтте болып отыр­ған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл тамызда бірпалаталы парламент сайлауы өтетінін жариялаған, жаңа парламент партия­лық тізіммен қалыптаспақ. Демек президенттік бағыттағы күштер дәл осы ірі науқанның қарсаңында жалғыз тудың астына шоғыр­ланып отыр. Қошанов съезден кейінгі брифингте жаңа партия құрылтайына Amanat-тың қазіргі депутаттары да кіруі мүмкін екенін, бірақ түпкілікті таңдауды сайлаушы жасайтынын айтты. Қазір елде ресми тіркелген сегіз партия бар, ал саяси сарапшылар шілденің 1-інен басталатын кезеңді Қазақстанның жаңа саяси дәуірі деп бағалап отыр. Сыр өңірінің сайлаушылары үшін де бұл өзгеріс тікелей маңызды, өйткені таяуда өтетін сайлауда дауыс беретін бюллетеньде таныс «Amanat» атауының орнын жаңа партия  басатын  болады.  Ақырын  күтейік.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Фото: qazdauiri.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: