Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлем диктаторларының құпия шоттары

20.01.2020, 15:04 781

Расул  ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы

Саясаттанушы  Расул  Жұмалы әлемде  диктаторлардың  билігі әлсіреді  деп  есептейді.  Бұған бар байлығынан  аз  уақытта айырылған  бірінші  басшылардың  тағдыр  тарихы  дәлел.

Тарих парақтары жеке басының қамы мен тәкаппарлығын елінен жоғары­ қойған диктаторлардың қылмыстарына куә. Алайда ХХІ ғасырда­ өмірдің өзі шектен шыққан саясаткерлерді сабасына түсіріп жатыр. Соның бір көрінісі – диктаторлар тыққан байлықтардың әшкереленуі.

Жалпы, мал-мүлікке келгенде тойымсыздық таныту – кез келген диктатураға тән құбылыс. Бірақ онысы құр ашкөздік немесе түккөрмегендік сияқты тұрпайы түсініктермен шектелмейді. Ең алдымен қолдағы мол қаржы өзін қорғайтын күштік құрылымдарды жалдауға, қоғамдық сананы­ тек өз билігіне бағындыруға, сыртқы сыншылардың ебін тауып, үнін өшіруге жұмсалады. Кей елдерде билеуші мемлекеттің қазынасын өзінің жеке қобдишасымен шатастыратыны да жасырын емес.

Жүре-бара  диктаторлық  жүйеде мемлекеттің тапқан-таянғаны ондағы әлеуметтің игілігіне емес, көбіне билеушінің құлқынын қанағаттандыруға жұмсалады. Сондай-ақ, адам баласы бақуатты болған сайын қоршаған ортадан, ең  алдымен биліктен тәуелсіз бола түсетінін ескерер болса, сәйкесін­ше оның ойы еркін, талабы­ күшейе түседі. Ал енді саяса­ттағы монополияның бір­ден-бір тірегі – экономикадағы монополияны сақтау екенін назард­а ұстасақ, қаншама парадокс көрінгенімен, диктатура елдегі­ азаматтардың байығанын қаламайтыны  анық.

Шындығында, бүгінгі әлемде жағдай  өзгеру  үстінде. Айтыл­ғанға көз жеткізу үшін соңғы қырық жылда билігімен қатар бар мал-мүлкінен айырылған диктатор­ларға қарасаңыз жеткілікті: Филип­пин президенті Фердинанд  Маркос, Иранның шахы Реза Пехлеви, Заир президенті Мобуту Сесе Секо, Мексика президенті Раул Салинас, Нигерия президенті Сани Абача, Гаити президенті Франсуа Дювалье, Кот-Д’ивуар президенті Лоран Гбагбо  және  басқалар.

Ашықтық пен өзара жауапкершілік  жайлаған  заманда  заңсыз жолмен келген қаражатты құпия ұстау мүмкіндіктері күрт шектелген. Ұзақ мерзімде диктаторлардың байлықтарын қа­рауылдап келген орталықтар нысанаға алынған. Өз елдерін тонаған лауазым иелерін осылайша қолпаштау адами һәм халықаралық құндылықтар алдындағы қыл­мысқа айналуда. Сондықтан салым­шылар құпиясы саналып келген қағидат күшін жоғалтып жатыр. Әсіресе, АҚШ бастаған осы науқан атышулы 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғаларынан кейін мықтап қолға алынды. Оның нәтижесінде алдымен халық­аралық  терроризмді  демеушілерге  қатысы  бар  деген күдікпен Таяу Шығыстағы ауқатты династиялардың есепшоттары құрық­талған  еді.

Десе де, Батыстың ресми орындары аталған мәселеге келгенде жиі көз жұмып келгені белгілі. Бұндағы гәп диктаторларға қысым көрсететін тетіктердің жетіспеуін­де емес, тиісті мемлекеттерде өз мүдделерін жүргізудің қамымен байланысты. Сол арқылы аме­рикалық не еуропалық орталар жемқо­р екенін білсе де, жергілікті элиталарды өз ықпалында ұстауға, компанияларының пайдаға кенелуі­не басымдық берді. Жекеле­ген сәттерде, француз президенті Николя Саркози ливиял­ық Муаммар Каддафиден миллиондаған пара алғаны сияқты­ тікелей ауызжаласуға барды.

Тек кешегі одақтастарының былықтары күллі әлемге аян болғанда ғана Батыстың серкелері тәуелсіз баспасөз бен халық­аралық құқық қорғау ұйымдарының наразылығын елеуге мәж­бүрлік танытады. Басқаша болса, қылмысты ақшаны заңдастырып, оның иелерін жасырып келген Швейцария, Ұлыбритания сияқты қаржы орталықтарының басы бәлеге қалады. Сондықтан амал жоқтықтан диктаторлардың миллиардтары көлеңкеден шығарылып жатыр. Жекелеген реттерде тәркіленген байлықтары сол елдер­дің халқына бұйырады. Кезінд­е Нигерияның бұрынғы президенті Сани Абачидің жеке шотындағы 700 млн доллар осылай­  қайтарылды.

Өкінішке қарай, жымқырыл­ған қаржыны оның нағыз қо­жайын­ы – халыққа қайтарудағы әділдік ылғи салтанат құра бермейді. Есесіне түрлі айла-тәсілдер арқылы қараусыз қалған қазынаны меншіктеп қалу әрекеттері кездеседі. Мысалға Саддам Хусейн­нің миллиардтарын алайық.  2003 жылы биліктен аластатыл­ған бойда Ирактың бұрынғы диктаторына тиесілі 3 млрд доллар Дамаск банктерінде жасырылғаны және оны Ирак халқына қайтару жайлы АҚШ-тың үкіметі мәлімдеген еді. Алайда Сирия басшылығы бұған ешбір жауап бермей, ақыры даулы­ ақша ұшты-күйлі ғайып болды. Осы сынды қадамға Ливан бас­шылығы да барды. Саддамның жұбайы Саджида Туфахтың шоттарын бұғаттау жайлы Вашингтонның нұсқауына Голландия да «біреудің атындағы ақшаны бас­қаға аударуға болмайды» деген желеумен пысқырмады. Ал Саддамның мұрасынан дәмесі бар қалған үміткерлердің ішінде Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ир ашықтан-ашық «Пхеньянға Саддам салған екі миллион доллар иесіз қалғандықтан бізде қалады» деп бір кесті.

Қысқасы, Ирак халқының байлығ­ынан асап қалуға ұмтыл­ғандар асып-артылды. Тіпті, АҚШ-тың өзінде Ирактағы со­ғыста қаза болған жауынгерлердің ата-аналары өтемақы талап етті. Сотқа түсірген шағымдардың жалпы­ көлемі 40 млрд долларды құраған соманы олар диктатордың «қанды ақшасынан» өндірмекші екенін жасырмады. Американың барлау қызметтері Саддамның жасырын шоттарын неліктен жер-жерде тіміскілеп  жатқаны осыдан-ақ түсінікті. Басқаша айтқанда, АҚШ-тың қаржы мекемелері Ирак басшысының құпия қазынасын иемденуге дәмелі.

Диктаторлардың байлықтарына қатысты халықаралық заңдардың шикілігі әр кезде мысырлық Хосни Мубарактың, тунистік Бен Алидің, ливиялық Муаммар Кадда­фидің  миллиардтары  талан-тараж­ға түсуіне жол ашты. Соңғысына тиесілі 14 млрд евро 2011 жылы «Араб көктемі» оқи­ғаларынан  кейін  Біріккен Ұлттар Ұйымының  шешімімен Европада­ тәркіленді. Келешекте бұл қаржы Ливияны қалыпқа келтіру жоба­ларына жұмсалмақ деген уәде де берілді. Тек арада екі жыл өткенде­ әлгі соманың басым бөлігі – 11 млрд евро бельгиялық Euroclear банкінен жоғалып кетті. Бұның арты үлкен дауға ұласты, бірақ онысынан еш нәтиже шықпады.

Осыған ұқсас жағдайлар ТМД кеңістігінде де болып тұрады. Оның ішінде Украинаның экс-президенті Виктор Януковичтің, Өзбекстанның  бұрынғы   бас­шысы Ислам Каримовтың қызы Гүлнәр Каримованың шетелдегі орасан  байлықтары  көрінгеннің  қо­лында  кеткені  мәлім. Айталық, 2018  жылдың  жазында  Өзбекстан прокуратурасы Гүлнәрдың 1,5 миллиард долларға пара-пар жасырын шоттары болуы ықтимал 12 елге ресми сұрау салған болатын. Бірақ келтірілген дәйек­терге қарамастан, ұзаққа созылған келісс­өздердің нәтижесінде Өзбекстанға аталған қаржының тек жартысы ғана қайтарылды. Ықтимал алымшылар қатарында «Гүлнәр Каримова бізге де залалын тигізді» деп сотқа берген америк­алық Zeromax, басқа да батыс­  компаниялары  аталады.

Ислам Каримовтың халық алдын­дағы абыройына нұқсан келтірмеу үшін болу керек, оның жасырын шоттары жайлы ресми Ташкент әзірше тіс жармай отыр. Бірақ ол да – алдағы уақыттың еншісі. Бұны АҚШ-тың Ташкент­тегі елшісі берген мінездемеге сәйкес Өзбекстандағы «ең жек­көрінішті адам» Гүлнәр Каримова­ үйқамақтан колонияға аттан­дырылғанын  байқатады.

Сонымен қазірде Швейцария мен Ұлыбритания секілді елдер немесе Виргин аралдары мен Кипр секілді офф-шорлар шыққан  тегі күмәнді банк салымдары­ның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр. Оларға деген халық­аралық қысым күшеюде. Wiki­Leaks, басқа тәуелсіз ақпарат көздері Панама досьесі сынды жасыр­ын шоттарды тауып масқаралап жатыр. Екі ортада жиған-тергенін сақтап қалу қамымен әлемдік диктаторлар енді халық­аралық заңдарға бағына бермейтін Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Қытай секілді тұйық мемлекеттердің көмегіне жүгінуде. Тек есесіне сол көмектің өтемі қандай болмақ? Онысы қайта халықт­ың есесінен бола ма? Бұл бөлек  әңгіме.

Енді, міне, жақында бірқатар батыс елдерінде, оның ішінде АҚШ пен Ұлыбритания парламенттері өздерінің арнайы мекемелеріне жаңа міндет жүктеп отыр. Оған сәйкес жемқорлықтан түскен миллиардтарды іздестіру науқанына лауазы­мын жоғалтқан ғана емес, билік басында отырған диктаторлар және олардың жақын туыстары мен жоғары мансапты серіктестері де ілін­бекші екен. Шараның бірден-бір мақсаты – заңсыздықтарды ха­лықаралық дәрежеде әшкерелеумен қатар, сол елдердің азамат­тарына басшылары жемқ­орлыққа белшесінен батқанын көрсету.

Ең сорақысы сол – диктаторлардың былықтары тек олардың жеке қалтасымен шектелмейтіні. Кей кездері олардың залалы тұтас мемлекетке тиеді. Мысал ретінде Ресей президенті Путиннің империяшыл саясаты халықаралық санкция­ларға әкеліп соқтырғанын, ал оның ауыртпалығы қарапайым ресейліктерге түсіп отырғанын атауға болады. Сондай-ақ, өткен жылы отандық шенділердің кесірінен жапа шеккен бизнесмен Анатол Статидің шағымымен Ұлт­тық  қорымызда  жи­нақталған қаржының  40 пайызы – 22 млрд доллар батыс банк­те­рінде бұғатталғаны тағы бар. Ол жолы адвокат жалдап, қыруар шы­ғынға батып, үкімет бұл мәселені уақытша реттегендей болды. Бірақ келешекте мұндай жағдайдың қайталанбасына кепіл жоқ.

Автордың пікірі редакцияның  ұстанымына сай  келмеуі  мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: