Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкімдер екіжүзді ме?

27.08.2022, 9:30 474

HALYQLINE.KZ

Тақырып тосын болып көрінуі бек мүмкін. Тіпті кейбір әкімнің шамдануы да ғажап емес. Дегенмен, бұл сөздің мән-мағынасы тереңде. Қазіргі таңда, әкімнің бәрі жаппай халықпен кездесуде. Осылайша бұқарамен етене жақын екенін көрсеткісі келеді. Бірақ расымен солай ма? Атын атап, түсін түстемесек те, бір әкімнің халықпен кездесуі әлеуметтік желіде қоғамдық талқыға түскен еді. Өзінің жұмысына ренжулі әкім бар мінезін бұқараның алдында көрсетті. Алайда өзінен жоғары лауазым иесінің алдында осындай қылықтарын көрсете ала ма? Әрине, жоқ. Тақтан таймас үшін өзінің намысын жұтып, тыныш отыратыны анық. Ендеше, әкім екіжүзді ме? Бірақ халықта «іштім-жедім, қарызға белшеден баттым, мемлекет көмектессің» деген масылдық көзқарас қалыптасқан. Мұндайда әкімнің не десе де, сөзі ақиқат.

Бұған қоса, көбі «әкімдер ең алдымен өзінің тұрмысын түзеуге күш салады, туған-туысын жылы-жұмсақпен қамтамасыз етеді, сосын барып ауысқаны – халыққа» деген пікірде. Бұл сөздің де жаны бар секілді. Өйткені елімізге 30 жыл болса да, халықтың мәселесі – «сол баяғы бір жартас». Мәселен, шаһар басшысы Асылбек Шәменов мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Шанхай» мөлтек аудан тұрғындарының базынасын тыңдады. Сондағы келген дүйім жұрттың айтқаны – ауызсу, жол, жарық, кәріз жүйесі, қоғамдық көлік, т.т. Бұл мәселелер бұған дейін де айтылып жүр. Қала әкімі ұлттың басты айтқан мәселесін шешетінін жеткізді. Ол кездесуде сөзін былай бастады.

– Атқарып жатқан жұмыстарымызды көріп-естіп жүрсіздер. Оны қайта-қайта айтып, құлағдар етудің қажеті жоқ. Халық үшін істеген игілігімізді жарнамалап айтып емес, халқымыз өзі қуанып көріп жүрсе болғаны. Бүгін де сіздердің өзекті мәселелеріңізді тыңдап, соған қарай жұмыс істеуге келдік, – деді қала әкімі.

Қаланың шет жағында орналасқан «Шанхай» шағын ауданында балалар мен жастарға ойын алаңдары мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендері жеткіліксіз. Сондай-ақ, кешкі мезгілде жарықтандыру мәселесі де күрделі болып тұр екен. Балалардың қауіпсіздігіне тұрғындар қатты алаңдайтынын айтты. Және бала түгілі ересектер де қаңғыбас иттердің кесірінен шыбын жанын шүберекке түйіп жүреді. Білім маусымы басталған кезде ата-аналар баламызды жалғыз қалай мектепке жібереміз деп наразылығын білдірді.

– Биыл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 жыл – Балалар жылы» деп жариялады. Сол мақсатта аймақ басшысы кәсіпкерлер мен құрылысшыларды жинап, ұсыныстарын білдірген. Балалар – еліміздің болашағы. Сол себепті жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 50 спорт алаңы салынып жатыр. Алдағы уақытта жарықтандыруды да, аумағын кеңейтуді де қолға алатын боламыз, – деді Асылбек Шәменов.

Ашық аспан астында ұйымдастырылған әкіммен кездесу еркін форматта өткізілді. Кез келген тұрғын әкімге сауалын қоюға мүмкіндігі болды. Соның бірі «Шанхай» шағын ауданының тұрғыны Айым Смадиярова қоғамдық көлік мәселесін қозғады.

– Біздің ықшам ауданда қоғамдық көліктің мәселесі сын көтермейді. Тек бір ғана №15 бағытта қатынайтын автобус келеді. Оның өзі әл-Фараби көшесіне дейін жетпейді. Оқушылар мен студенттер сабаққа үлгермей қалады. Кешке қайтулары да оңай емес. Қыстың күні тіпті қиын. Интервал ұзақтығы – 1 сағат. Осы мәселені шешуге көмектессеңіз, – деді ол.

Қала әкімі қазан айында облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен қала тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында 150 автобус алынатынын тілге тиек етті. Бұл өз кезегінде тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Дегенмен, оқу жылы қыркүйек айында басталатын болғаннан кейін шаһар басшысы 150 автобусты қол қусырып күтіп отырмаймыз, ертерек шешуге тырысамыз деп жеткізді.

– Мен Серәлі Лапин көшесінің тұрғынымын. Біздің көшеде бағаналар ешқашан болмаған. Кезінде ағайын-туысты жағалап, бағаналарды өзіміз құрып алғанбыз. Бірақ оның да тозығы жетті. Сондықтан ол бізге ауадай қажет. Өзімізге тиесілі жарық ала алмай отырмыз. Екінші мәселеміз – асфальт салу. Жаңбыр жауған кезде балаларымыздың мектепке қатынауы қиындап кетеді. Ата-анасы жұмысқа кеткеннен кейін, балаларды күтіп алу біздей қарттарға міндеттелетіні сөзсіз. Зейнетке келген жасымызда ойқы-шойқы жолмен жүріп, немеремізді жетектеп жүру оңай емес. Және соңғы мәселеміз – ауызсу. Жазда судың қысымы аз. Қыстың күні шүкір тәуба болады. Өйткені су құбыры әбден ескірген. Осы үш мәселемен үш әкімге арыз жаздым. Н.Нәлібаев пен Қ.Қазантаевтан еш нәтиже болмады. Сізге де арызымды жазғанда, әкімдіктен екі бала келіп тексерді де кетті. Енді өзіңізге мәселені тарқатып тұрмын, осыны шешуге ықпал жасасаңыз, – деді зейнеткер Дәретай Әбдібекова.

Осы мәселемен қатар, басқа да тұрғындардың талап-тілегін қала әкімі назарына алатынын жасырмады. Бүгін шешілмесе де кезең-кезеңімен қарастыратын мәлімдеді. Қала әкімі мәселені тыңдап тұрып, сол мезетте жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді. «Шанхай» тұрғындарының Асылбек Шәменовке деген сенімі мол екенін аңғаруға болады. Ақсақалдар батасын беріп, тұрғындар әкімнің көзбе-көз сөйлесуге келгеніне ризашылығын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: