Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкім орынбасарлығынан – мәслихат хатшылығына

21.01.2021, 12:00 655

Бұдан бес жыл бұрын, яғни 2016 жылдың наурызында билікшіл сарап­шылар айтып жүргендей, елімізде саяси­ реформалардың салтанат құруына­ негіз болған саяси науқан – кезекті сайлау­ кезінде былай деп ой толғағанымыз бар. «Сайлауға он күндей уақыт қалды. Қарбалас сәт. Партиясы бар, жеке кандидаты бар, үгіт-насихатты қыздырып жатыр. Қыздырып жатыр дегенім­із ерсілеу көрінер, бұл жолы бұдан он жыл бұрынғы сайлаудағыдай, тіпті 2012 жылғы саяси науқандағыдай қарқын­ байқалмайды. Партиялардың алаулатып-жалаулатып жатқанын да, жеке үміткерлердің үйіп-төгіп уәде беріп жат­қанын да көрмедік. Билік пен тиісті құрылымдардың «құлашын кеңге сермегені»  болмаса, қарапайым жұрт үшін сайлау­ бас қатыратын мәселе емес сияқты­. Қалада да, далада да. Қайбір күні туған топыраққа, яғни облыс орталы­ғынан шалғайдағы ауылға барып келдім. Елдегі жұрттың аузынан сайлау туралы бір ауыз сөз естімедім, есесіне теңізден тапқан несібесі мен қорасындағы малының амандығын әңгімелейді. Өйткені, бар тірлігін сонымен байланыстырып отыр. Ал өткенде сайлау барысын бағамдамақ оймен қаладағы бір халықшыл партияның (әрине, ол жетекші партия емес. – авт.) бөлімшесінің кеңсесіне соқтым, үш жас қыз-жігіт бөлмедегі қос компьютерге телміріп отыр. Ештеңемен ісі жоқ, жайбарақат, бейқам, бұған қарап бұл пар­тияның өздерінен гөрі өзгеге (негізі, билік­ке – авт.) сенетін ниеті барын аңғардым. Айтқандай, бұрынғыдай үй-үйді аралап, бәріне «сендіргісі» келетін сенімді өкілдер де көрінбейді. Неге? Бақсақ, әрбір сайлау округінен додаға түсіп жатқан кандидаттардың  арасында айқын  бәсекелес­тік сезілмейді. Ал бәсекелестік жоқ жерде­ таңдау да болмайды. Демек, жұрт кімнің  өтетінін  әлден біліп отыр, яғни бұл сайлауда да баптан бұрын ат шабатынын түсінеді» деппіз. Сол жолы дүйім жұрт ел тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығының беташарын ашып беретін саяси­ науқан дағдарыстың өзін «дағ­дартып» тұрғанына таңданыс білдіріп жатса­, Орталық сайлау комиссиясының «сүзгісіне» партиялық тізімдерін ұсынып, әрі тіркетіп алған алты саяси пар­тия сайлау науқанына кірісіп, нәтижесінде 7 пайыздық межені бағындырған үздік үштіктің – «Nur Otan», «Ақ жол», ҚКХП өкілдері заң шығарушы органның төрінде бүгінге дейін отырып келді.

Биыл пандемия мен әлемдік дағдарыстың өзіне қарамастан, ел тәуелсіз­ді­гінің 30 жылдығының беташарын ашып беретін сайлаудың өтуі де дәл сол жылғыдай айна қатесіз қайталанды. «Сенсациясыз сайлау» деп айдар тағылып келген­ кезекті бұл саяси доданың бір ерекшелігі сол, биыл мәжіліспен қатар жергілікті мәслихаттардың депутаттары да партиялық тізім бойынша сайланды. Бұрынғыдай жекелеген адамдар «жеңім­паз» болу үшін барын салған жоқ. Есесіне­ өзін оппозиция санайтын ЖСДП тағы да бойкот жариялап, бес партия аламанға қосылды. Жетекші партияның былтырғы праймериз кезін­дегі белсенділігі осы жолы да айқын сезілді, сол сияқты «Бірлік» атауын «Adal»-даған партия мен ауылдықтардың қатарына қосылған қоғамшыл азаматтар мен жастардың саяси науқанның «көркін қыздырғаны» байқалғанымен, Перуашевтың партиясы мен атауын халыққ­а жақындатқан коммунистердің «күркірін» анау айтқандай аңдамадық. Есесіне, нәтиже таңдай қақтырар­лықтай.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас-ау, тәйірі. «Қара қылды қақ жарған» әділ сайлау да өтті, бұл жолы да үйреншікті үш партия (үшеуі де 2012 жылғы, 2016 жылғы сайлау­да да межелі дауысты жинап, төрт жыл төрде отырды. – ред.) қара үзіп келді. Әрине, көпшілік күткендей сенсация болған жоқ! Соныме­н, Алаш даласының тағдыры – нұр­отандық 76, ақжолдық 12, коммунистік 10, ассам­блеялық 9 халық қалаулысының қолында, яғни олардың саяси белсенділігіне тікелей байланысты. Бізде бәрі едел-жедел, апта аунамай жатып жетінші шақырылымның су жаңа 107 депутаты мемлекет басшысының алдында Отанға адал болуға ант-су ішті. Ант-су ішті дегенне­н шығады-ау, бірінші сыныптың баласы бірден жаттап алатын үш ауыз сөзді атпалдай азаматтардың шідерлеулі аттай кібіртіктеп айта алмай, тіпті қағаздан оқи алмай жатқаны жұрттың намысына тигенін қалай жасырайық.

Қош, «болары болды, бояуы сіңді», осылайша сайлаудың нәтижесі бойынша ел парламенті былтырғы қалпында сақталады. Яғни, жұрт болжағандай жаңа партиялар Мәжіліске өткен жоқ. Бірақ, депутаттардың құрамы біраз жасарды, ақсақалдарды жастар алмастырды, әйелдерге де көп орын тиді. Енді көш соңында­ қалып, сайыстан жеңілген «Ауыл» мен «Adal» партияларына келесі сайлауға дейін бес жыл бойы күтуге тура келеді. Бұл, әрине, қос пар­тия­ның әлі де елмен етене жұмыс істеу, әрі жеңілістің кермек дәмін сезіну керектігін бағамда­тады. Ал, жеңімпаздың жүрегі өзінде жоқ. Соның көңіл күйімен парламенттің төменгі палатасының төрағасын тағы да орнын­да қалдырды, яғни Нұрлан Нығматулин қызметін жалғастыратын болды. Айтпақшы, көппартиялы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар қызды-қыздымен Үкімет басшысы Асқар Маминді премьер-министрлікке тағы да лайық деп тауып, басым бөлігі қолдады. Басым бөлігі болғанда, қолдағандар – түгелімен нұр­отандықтар, өйткені «Ақ жол» мен ҚХП өкіл­дері «өз ұстанымдарымен» қалыс қалды. Осымен­ екінші рет үкіметтің тізгінін қолына ұстаған Мамин мызғымайтын болды. Осы лауазым­ иесінің қызметіне қатысты Елбасы емеурінін  білдіргенін де айта кетейік.

Енді өз облысымызға оралайық. Айтқандай, жергілікті мәслихаттарға депутаттар сайлау да ың-шыңсыз өтті, билік үкілеген (праймериз  арқылы. – ред.) үміткерлер үшін «жасыл­ шам» жанып, мәслихаттар төрінен орын алды. Аудандарды былай қойғанда, қоғамдық-саяси маңызы жағынан басымдыққа ие облыс пен қала мәслихаттары дерлік жетекші партия мүшелерінен жасақталды. Жалпы, облыста депутаттық құрам едәуір­ жаңарғанымен, партияларға дауыс беру көрсеткіштеріне орай берілген мандат бойынша тіркелген облыстық мәслихаттың 33 депутатының 27-сі, қалалық мәслихаттың 22 депутатының 18-і – «Nur Otan» партиясының мүшелері. Ал, «Ауыл» Халықтық-демократиялық партиясы мен «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясына облыстық мәслихаттан үш-үштен орын бұйырса, қалалық мәслихатта «Ақ жол» партиясы мен Қазақстан халық пар­тиясынан екі-екіден өкіл отыратын болды. Қызметіне кіріскен жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттарының орташа жасы – 52,  ең жасы 27-де болса, ең үлкені – 64 жаста. Кәсіби  біліктілігі  бойынша 1 дәрігер,   7 инженер, 2 мұғалім, 7 экономист,  6 заңгер,  1  ауыл  шаруашылығы  саласының  маманы, 8-і – өзге мамандық иелері. Қызмет саласы бойынша 3 мемлекеттік қызметші, 2 бюджет саласы қызметкері, 26 коммерциялық ұйым жұмыскері,  2 саяси партия мен қоғамдық ұйым өкілі бар. Ал 8 депутат – әйелдер, халық қалау­лыларының арасында 12 адам немесе 39,4 проценті – өткен шақырылымдардың депутаты.

Ал аудандарға келсек, Арал аудандық мәслихатына сайланған депутаттардың 11-і – «Nur Otan», 2-еуі – «Ауыл», 2-еуі – «Adal» пар­тиясынан, Қазалы ауданында 13 мандатты «Nur Otan», 2 мандатты «Ауыл» партиясы иеленсе, Қармақшы ауданында 11 депутат «Nur Otan»-нан, 2 депутат «Ауыл» партиясынан сайланд­ы. Жалағаш пен Сырдария аудан­дарындағы 12 депутаттың 10-ы – «Nur Otan», 2-еуі – «Ауыл» партиясының мүшелері. Ал Шиеліде 13 мандатты «Nur Otan» алып, 2 мандат  ҚХП-ға бұйырса, Жаңақорған ауданында «Nur Otan» партиясының 13 мүшесі мен «Ауыл» партиясының 2 мүшесі мәслихат төріне жайғасты. Осыған қарап та, өңірлерде халықтың кімге бүйрегі бұратынын («Nur Otan» пар­тиясынан басқасын айтып отырмыз. – ред.) байқауға  болады.

Сайлаудан соң елордадан қалыспай іле-шала  бірінші сессиясын өткізген мәслихаттардың депутаттары хатшыларын да сайлап алды. Сонымен, облыстық мәслихаттың хатшысы болып бірауыздан облыс әкімі­нің орынбасары Наурызбай Байқадамов сайлан­ды. Бұл қызмет Н.Сейітқалиұлына таңсық­ емес, әрине. 2016 жылғы сайлауда да осы қызметке  келген болатын, бұл лауазымды­  2019 жылдың тамызына дейін атқарды. Ал, қалалық мәслихаттың хатшылығына кезінде осы қызметті (2007-2016 жылдар аралығы) атқар­ған, «Nur Otan» партиясы облыстық фили­алы төрағасының бірінші орынбасары, бұған дейін қаладағы аграрлық-техникалық колледж директоры болып, зейнетке шыққан Ибадулла Құттықожаев барды. Бір қызығы, бұл жолы әкім орынбасарлығынан – мәслихат хатшыл­ығына барғандардың қарасы қалың. Нақты айтсақ, Арал аудандық мәслихатының хатшысы болып аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарған Базарбай Төрахаметов, Қазалы аудандық мәслихатының хатшысы болып аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап, Қармақшы аудандық мәслихатының хатшысы болып аудан әкімінің орынбасары Әділ Қошалақов, Жалағаш аудандық мәслихатының хатшысы болып білім бөлімін басқарған Гүлзат Құрманбаева, Сырдария аудандық мәслихатының хатшысы болы­п сол қызметті атқарып келген Ержан Әжікенов, Шиелі аудандық мәслихатының хатшы­сы болып аудан әкімінің орынбасары Тұрмағамбет Жағыпбаров және Жаңақорған аудандық мәслихатының хатшысы болып аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков  сайланды.

«Баршаңызды  сайлау нәтижесімен облыстық  мәслихаттың  депутаты болуларыңызбен шын  жүректен құттықтаймын! Аймақтың әлеумет­тік-экономикалық дамуында оң тенденцияның  қалыптасуы мәслихаттың жұмысымен де тікелей байланысты екенін ерекше атап өткім келеді. Биыл елімізде мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өткізілді. Бұл жаңа бастама партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайтуға үлкен мүмкіндіктер береді. Алдағы уақытта өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда­ мемлекеттік саясатты жүзеге асырады, елдің аманатын адал атқарады деп сенемін». Бұл – облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың алғаш­қы сессиясында айтқан сөзі. Біз де жазбамызды аймақ басшысының осы сөзімен түйіндейік, халық қалаулысы атанған азаматтар елдің аманатын адал атқарады деп сенейік.

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: