Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйелдер кеңесінің қорытынды отырысы

25.12.2020, 9:55 1088

HALYQLINE.KZ

Кеше Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық әйелдер кеңесінің жұмысын қортындылау отырысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова,«Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Божанова, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ақыл Садуақасова, тиісті сала басшылары, қала, кент, ауылдық округтердегі әйелдер кеңесінің мүшелері және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынды ашып берген аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов өз сөзінде: «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген әйелдер қауымы тіршілікке нәр беретін айрықша күшке ие. Дана халқымыздың ежелден нәзік жандыларын қастерлеп, шаңырақтың шырағы, ынтымақ пен ырыстың алтын діңгегі деп білуі бекер емес», – дей келе, бүгінде әйелдер қауымы отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, еліміздің дамуына үлес қосып, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени салада табысты еңбек етіп келе жатқанын ерекше атап өтті.

Сөз тізгінін одан әрі аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ақыл Сәдуақасова жалғап, атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Одан соң Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Божанова, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Байназарова сөз алып, қоғамдағы әйел азаматшалардың өзіндік рөлі мен ерекше белсенділіктері туралы кеңінен әңгімелеп, келелі ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, әйелдер кеңесінің алға қойған мақсат-мүдделеріне тоқталды.

Маңызы зор басқосуда білім саласының ардагері О.Бозғұлова, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ғ.Орынбасарова сөз алып, әйелдер кеңесінің жұмысына сәттілік тілеп, әрдайым қолдау танытатындықтарын жеткізді.

Жиында ауданымыздың өркендеуіне аянбай үлес қосып жүрген белсенді әйелдер қауымы, іскер әйел-аналар, қыз-келіншектер аудан әкімінің және облыстық Әйелдер кеңесінің «Алғыс» хаттарымен марапатталып, аудандық өнерпаздардың әуезді ән-жырын тамашалады.

Расында, елдің, қоғамның бел ортасында жүріп, әртүрлі салада қызмет етіп, түйінді мәселелерді шешуге үлкен үлес қосқан азаматшалардың еңбегі шексіз.

Атап өту қажет, бүгінде аудандағы 80 мыңнан астам тұрғынның 40 мыңға жуығын әйелдер қауымы құрап отыр. Соның ішінде педагог қызметкерлердің 76 пайызы әйелдер болса, медицина қызметкерлерінің 70 пайызы, жалпы бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы – нәзік жандылардың үлесінде. Сонымен қатар аудандағы 4127 кәсіпкерлік бірліктің 50%-ға жуығы әйел азаматшаларға тиесілі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: