Қоғам өзгерген сайын халықтың саясатқа деген талабы да өзгеруде. Бұрын жұрт ұранға сенсе, қазір нақты сөз бен шынайы іске қарайды. Әсіресе Қызылорда өңірінде халықтың көкейінде «Бізді шын тыңдайтын, мәселемізді түсінетін саяси күш бар ма?», деген сұрақ бар.
Соңғы жылдары ел ішінде саяси бәсекелестік туралы әңгіме көбейді. Бұл қоғамның оянғанының белгісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевта «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын ұсынып, саяси жүйені жаңғырту қажеттігін бірнеше рет айтты. Бұл тек билік реформасы ғана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді қайта қалыптастыру әрекеті.
Осындай кезеңде жаңа саяси ұйымдардың пайда болуы табиғи құбылыс. Соның бірі Әділет партиясы. Бұл партияның басты ерекшелігі айқайлы популизмнен гөрі парасатты пікірге, жалаң сыннан гөрі жүйелі ұсынысқа ден қоюында. Халық бүгінде эмоциядан шаршаған. Елге енді мәдениетті диалог, әділ көзқарас, сауатты саясат керек.
Қызылорда өңірінде осы бағыттағы жұмыстардың басталуы уақыт талабы. Себебі Сыр елінің мәселесі де аз емес. Су тапшылығы, ауыл инфрақұрылымы, жастардың жұмыс іздеп көшуі, әлеуметтік теңсіздік, экологиялық ахуал. Бірақ бұл мәселелерді құр ұран, ұсыныспен шешу мүмкін емес. Мұнда нақты стратегия мен жергілікті халықтың сеніміне сүйенген жаңа тәсіл қажет.
Осы ретте қоғамдық жұмыстар мен аймақтық бастамалардың ішінде белсенді көрініп жүрген азаматтардың бірі қоғамдық саясат пен тәуелсіз журналистиканың белді өкілі Нұрбек Дәуренбеков. Ол ұзақ жылдар бойы қоғамдық салада, ақпараттық кеңістікте, азаматтық бастамаларда өз пікірін ашық айтып жүр. Аймақтағы әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамайтын, жастармен жұмыс істеуге мән беретін, қоғам мен билік арасындағы байланыстың әлсіреп кетпеуін қолдайтын азамат ретінде елге танылған.
Нұрбек Дәуренбековтің басты ерекшелігі саясатты тек кабинеттен емес, халықтың ортасынан қарастыруында. Оның пікірінше, бүгінгі партиялар халыққа тек сайлау кезінде емес, күнделікті өмірде қажет болуы тиіс. Егінге қажет су мәселесі, жастардың жұмыссыздығы, білім сапасы жалпы әлеуметтік сала үлкен саясаттың бір бөлігі.
Қазіргі қоғамға ескі саяси әдістер емес, жаңа саяси мәдениет қажет. Ол мәдениет халықты тыңдай білуден, шынайы диалогтан, ашықтықтан және жауапкершіліктен басталады.
Саясат біреуді қаралау алаңы емес, елдің ертеңіне қызмет ететін орта болуы тиіс. Егер жаңа буын саясатқа осы түсінікпен келсе, онда қоғамда әділетке деген сенім де күшейеді.
Бүгінгі Қазақстанға керегі айқай емес, салмақты сөз. Популизм емес, парасат. Жалған белсенділік емес, нақты әрекет. Сонда ғана мемлекет пен халық арасындағы сенім бекиді. Ал сенім бар жерде қашанда даму бар.
Болатбек Төлегенов,
«Қызылорда облысы бойынша Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан ұрыс қимылдарының ардагерлері» ҚБ төрағасы.
Коллаж: Halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!