Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әдепсіз үйге кірме, әкімсіз елде тұрма

18.02.2021, 13:40 482

Алаш баласы қашанда әйел-ананы құрмет тұтқан. Тірліктің бастау көзі, ұйытқысы, тұтқасы деп сенім артқан Алаш аналарының қайсарлығы мен өжеттілігі тарихи дастандарда аз жазылмаған. Ел басына қатер төнсе, етігімен су кешкен ерлермен бірге атқа қонуға да дайын тұратын, бозторғайдай жанын, қасқалдақтай қанын төгуге әзір әйелдерді қазақ даласынан кезіктіруге болады. Ұлтының ынтымағын, халқының бірлігін, елінің амандығын ойлаған аналардың ішінде де ел басқарып, жер қорғағандары баршылық. Мәселен, кешегі өткен ханға әділдікті қақ жара айтқан Қарашаш, ел тұтқасын ұстаған Айғаным мен Фатима, ержүректігімен жауға қарсы шауып, қылыш сермеген Гауһар, Бопай аналар, тұтас жұрттың тәрбиесі мен тәлімін иіріп отырған Нұрила, Қызай, Қойсана, Қарқабат, Дәулетбике аналардың рухани кемелдегінің өзі том кітапқа жүк боларлық. Ат құлағында ойнаған Тұмар ханым туралы айтпай кете алмаймыз. Тарихтың атасы Герадоттың туындыларында да Тұмар патшайымның тарихи тұлғасы анық ашылған.

Әрине, бүгінгі әйел-аналарды бұл тарихи тұлғалармен салыст­ыруға әсте болмайды. Дегенмен, елінің қамы, жерінің қиыры үшін хал-қадірінше жұмыс істеп жатқан нәзік жанды­лар бар. Өздеріңізге де белгілі, өткен жылы елімізде тәуелсіздік алған уақыттан бері тұңғыш әйел әкім Қызылорда облы­сы басшылығына тағайындалды. Сыр елінің тоғы­зыншы әкімі болып Гүлшара Әбдіқалықованың келуінен түрлі саяси астар іздегендер де бар. Соған қарамастан өзіне жүктелген міндеттер мен талаптарды өз деңгейінде атқарып келе жатқанына жылға жуықтады. Ел алдында жүріп атқарған істерінің қорытындысы ретінде сәрсенбінің сәтінде облыстың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық жағдайын талдай отырып, халық алдындағы есепті кездесуін өткізді.

ІНДЕТ  ЭКОНОМИКАҒА  КЕРІ  ӘСЕР  ЕТТІ

Сөз басын «Дана Абайдың «Бейнет көрмей, дәулет  жоқ»  деген кемеңгерлік қағидасына сүйе­ніп, барша халықтың берекелі бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында бұл қиындықты да еңсере білдік» деп бастаған аймақ басшысы­ әлемді шарпыған індеттің экономикалық үдеріс­ке әсер еткенін айтты.

– Бүгінгі күні Қызылорда облысы «жасыл аймаққа» тұрақтап, эпидемиологиялық күрделі жағ­дайдың алдын алуға дайын. Өткен жылы Қызыл­орда қаласынан заманауи үлгідегі 200 орындық модульді жұқпалы аурухана құрылысы жүргізіліп, толықтай аяқталды. Сәуір айында пайдалануға берем­із, – деді облыс әкімі есепті кездесуінде.

Облыс экономикасының сегментті салаларының бірі ретінде мұнай өндірісіне аса мән берілген. Облыстағы мұнай өнімінің азаюына байланысты 2020 жылдан бастап «Оңтүстік-Тор­ғай», «Сырдария» және «Шу-Сарысу» ойпаттарында жаңа кен орындарын іздеу жұмыстары жүргізілетіндігі айтылған. Өйткені, кен орын­дарының сарқылуы экономиканың күрт төмендеуіне себеп болып отыр.

– 2020 жылы мұнай өндіру көлемі 960 мың тоннаға азайса, ағымдағы жылы тағы да 500 мың тоннаға қысқарады деп болжануда, – деді Г.Наушақызы.

Уран өндіру көлемінің 20 пайызға төмендеуі өнеркәсіптік өнім өндіру мен қайта өңдеу көрсеткішіне теріс әсер етті. Облыс әкімінің айтуын­ша, мұнай мен уран өндірісінің төмендеу салдарын азайту үшін облыста кешенді шаралар қабылдануда.

ШАРУА КӨП, ЖОСПАР ЖЕТКІЛІКТІ

Аймақ экономикасы ілгерілеген сайын өзге де салалар жанданатыны белгілі. 2020 жылы атқарылған шаруа аз емес, 2021 жылға да жоспар жеткілікті. Мәселен, экономика саласының ең маңызды тетіктерінің бірі саналатын инвестиция тарту мәселесі біздің өңірде оң шешімін тап­қан.

– Облыс экономикасындағы кейбір көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, Үкіметпен жасалған меморандум бойынша өңірге инвес­тиция  тарту  230 млрд теңге болып белгіленсе, біз көрсеткішті 27 пайызға артығымен орындап, 292 млрд теңгеге жеткіздік, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, президент тапсырмасымен қосымша 15,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға маңызды 42 жоба жүзеге асырылып, барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша облыста 492 шақырым болатын автожол мен көше жөнделген. 2 көпір және 408 пәтерлі  39 көпқабатты тұрғын үй, 13 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Ал жұмыспен қамту мәселесі мемлекеттік бағдарлама аясында өз шешімін тауып келеді. Өткен жылы ашылған 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының 15 мыңға жуығы – тұрақты жұмыс орны.

 – Биыл 1964 пәтерлік 101 тұрғын үйді пайда­лануға береміз. Бүгінде облыс халқының 97 па­йызы орталықтандырылған ауызсумен, 65 пайы­зы табиғи газбен қамтылған. 2020 жылы 16 елді мекенде су құбыры және кәріз желілерін қайта жаңғырту бойынша жалпы құны 4 млрд теңге болатын 27 жоба жүзеге асырылды. Осының нәтижесінде 100 мыңнан астам адам таза ауызсумен қамтылды. Биыл ақпан айының басында Тереңөзек кентін газға қостық. Жақын арада қалған 2 аудан орталығы – Жосалы және Жала­ғаш кенттерін «көгілдір отынға» қосамыз, – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.

Сұрақ-жауап

Облыс әкімінің есебі барысында «Telegram» каналы, 400-100 call орталығы мен 400-100.kz сайты және жәшіктер арқылы 186  ұсыныс-пікірлер мен сауалдар қабылданған. Сауал­дардың көпшілігі  инфрақұрылым және қоғамдық көлік, тұрғын үй және пәтер кезегіне қатысты, құрылыс, жұмыспен қамту және әлеу­меттік қолдау, денсаулық, білім, спорт және мәдени­ет, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, экология, жер және өзге де мәселелерді қамтыған.

Сұрақ-жауап айдарына алғаш болып Қармақшы ауданы қосылды.

ҚАРМАҚШЫДАҒЫ ЛАГЕРЬ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАШАН БІТЕДІ?

Ләззат Есханова, Қармақшы ауданының тұр­ғыны:

– Мен ауданымызда 4 жылдан бері құрылысы жүргізіліп келе жатқан балалар тынығу лагері тура­лы сұрағым келеді. Біздің ауданның балалары басқа аудандардағы лагерьлерге барып демалады. Жыл сайын «әне ашылады, міне ашылады» деумен әлі келеді. Құрылысы қашан аяқталып, пайдалануға қашан беріледі?

– Лагерь, сауықтыру орындарының балалар үшін орны зор. Біздің облыста Қамбашта, Жаңақорғанда және басқа аудандарда кішігірім лагерьлер бар. Қармақшы ауданындағы лагерь құрылысын  өткен  жылы  барып көргенмін. 2015 жылы құжаттары жасалған, бірақ 2017 жылдан бері бітпей тұр. Жұмысын оңтайландыруды тапсырдым, құны алғашқы кезде 1,3 млрд теңге болса, қазіргі кезде 783 млн теңге қаржы бөліп, биыл бітіреміз. Аймағымызда құрылысы созылып келе жатқан 130-ға жуық объект бар. Биылғы бюджеттен осы жұмыстарды бітіреміз деген жоспар бар, – деп жауап берді аймақ әкімі аудан тұрғынының сауалына.

СЕКСЕУІЛ  КЕНТІНЕ  ҚАШАН  ГАЗ  ТАРТЫЛАДЫ?

Сұрақ-жауап барысында Арал ауданы Сек­сеуіл кентінің тұрғыны облыс әкіміне өтініштерін жеткізді. Яғни, «Сексеуіл кентінде шешілмеген мәселелер араға уақыт салып шешілуде. Дегенмен, кенттегі 12 мың халықтың өтінішін сізге жеткізгім келеді. Ол – газ құбыры мәселесі. Халық­тың өітінішін орындап, газ құбырын тартуға  ықпал  етсеңіз» деді.

 – Былтыр халықпен кездескен сәтте де бұл мәселе айтылды. Бұған дейін бұл жерде шешілмеген мәселе мектеп еді. Балалар теміржолдың арғы бетіне қатынап білім алып келген. Бүгінде мектеп құрылысы дайын, бас санитар дәрігер рұқсат берсе, кезекші топ кластарын ашамыз деген жоспар бар. Сол секілді Сексеуіл кентіне АГТС салуға биыл құжат дайындаймыз. Келесі жылдан бастап құрылыс жұмыстарына кірісеміз. 2023 жылға қарай кент ішіндегі көшелерге тартылады, – деді облыс әкімі.

ШИЕЛІ  АУДАНЫНДА  ЖАСТАР  ОРТАЛЫҒЫ  ЖОҚ

Шахмардан Нығметов, Шиелі ауданының тұр­ғыны:

– Мемлекет тарапынан жастарды қолдау үшін ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі облыс бойынша аудан орталықтарында жастардың басын біріктіретін жастар ғимараты берілуде. Енді сізге Шиелі ауданы жастарының атынан үлкен өтініш бар, аудан орталығынан жастар ғимараты салынса екен.

– Шиеліге желтоқсан айында барғанда осы мәселені талқыладық. РУ-6 мекемесінің бұрын­ғы ғимараттарының бірін қайта жаңғыртудан өткі­зіп, жастар орталығы етуді жоспарладық. Оған 60 млн теңге қаржы қаралды.

ЭЛЕКТР  БАҒАНЫ  КӨЛДІҢ  ҰЛТАНЫНДА  ТҰР

Ізімқұл Бөрібай, Қазалы ауданының тұрғыны:

– Көрші Бозкөл ауылынан келетін электр желісінің бағаны бүгінде көлдің ұлтанында тұр. Күн райының қолайсыз кезеңдерінде көл үстіндегі электр желілерінен ақау шықса, ауылымыз­да 1-2 күн бойы жарық болмайды. Осыған байланысты электр бағандарын сол жақтан көшіріп, басқа бағыттан тартып берілсе деген өтініш бар.

– Кәукей ауылына байланысты жағдайды ақсақалдар маған жеткізген. Бұған тапсырма берілді. Мұнда электр желісін Тасарық елді мекенінен тікелей жеткізу мәселесі қыркүйек айына дейін толық шешіледі, – деп жауап берді аймақ әкімі.

ЖАҒЫМСЫЗ  ИІСТЕН  ҚАШАН  ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Ясипа Боранбаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:

– Өткен жылы қаладағы кәрізсорғы жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілгенін көрдік. Дегенм­ен, қаланың Титов мөлтек аймағындағы лас суды тазарту станциясынан жағымсыз иіс шығады. Осы иістен қай кезде арыламыз?

– Қаладағы биологиялық тазарту станциясы ескірген. Тәулігіне 7000 текше метр суды тазалау керек, бірақ қазіргі кезде толығымен жұмыс істемей тұр. Сондықтан мамандар есебін жасап, 2,8 млрд теңгені құрайтын станцияны модернизациялау бойынша республикаға ұсыныс бердік. Бірақ, басқа бағдарламалар көп болғандықтан әзірге қолдау таппай тұр. Сондықтан Еуропалық даму банкімен қосымша жұмыс жүргізілуде, – деді.

Сондай-ақ, сұрақ-жауап барысында тәуелсіз журналист,  сарапшы Айткүл Шалғынбаева «САРАТС» жобасы туралы сұрады.

– Ел президенті Қызылордаға келгенде бұл мәселеге көңіл бөлуге ерекше тапсырма берді. Бұл тақырып аясында пікірлер алуан түрлі. Сондықтан біздің міндетіміз – ұсыныстарды реттеп, министрлікке беру. Дүниежүзілік банк 1,5 млн АҚШ долларын бөліп, техника-экономикалық сараптамасын жасауға кірісті. Қазіргі мәселе – Көкаралды жөндеуден өткізу, – деді облыс әкімі.

БАРЛЫҒЫ  УАҚЫТТЫҢ  ЕНШІСІНДЕ

Сөз соңында облыс әкімі қызметке та­ғайындалған күннен бастап облыс аудандары мен 80-ге жуық ауылдық округтерді аралап, жергілікті жерлердегі проблемалық жайттармен таныс­ып  шыққанын  айтты.

– 2021 жылы Қызылорда облысын дамытуға  арналған іс-қимыл жоспарын бекіттік. Сондай-ақ, облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Аталған құжатта аймақта шешімін табуы тиіс ең негізгі жобалар енгізілді. Облыста, әрине, өзекті проблемалар бар, барлығы кезең-кезеңмен шешіледі. Барлығы уақыттың еншісінде, – деді.

Аймақтар дамуындағы қазіргі қалып­тасып отырған жағдайды саралау және соған орай аймақтық саясаттың бағыттарын айқындау – өзекті мәселе. Осы ретте облыс экономикасының мақсатты дамуына аймақ әкімінің іс-қимыл жоспарында көзделген тапсырмаларын негіз деуге әбден болады. Онда өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған жобаларды іске асыруға баса мән берілген. Ал мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін білікті әкім, экономикалық қадағалау, бюджеттік ахуал қажет. Қазақ «Әдепсіз үйге кірме, әкімсіз елде тұрма» деп қысқа  қайырған.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: