Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әбдіқалықова қандай кітап оқиды?

19.05.2020, 9:30 344 0

HALYQLINE.KZ  Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова фейсбук парақшасында кітап оқу челленджін қабыл алғанын жазған екен. Сондай-ақ, жазбада өзінің қандай кітап оқитынын және эстафетаны кімге жолдағаны туралы да айтқан.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы кітап оқу челленджін маған жолдаған еді. Зор құрметпен қабыл алдым және әрдайым қайталап оқып жүретін маңызды кітабымды өздеріңізбен бөліспекпін. Ол – «Әлемнің екінші ұстазы» атанған, ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактаты.

Елбасы өзінің «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» атты мақаласында «Замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет», – деген болатын. Осы орайда тарих пен бүгініміздің және жарқын болашағымыздың көкжиегін сабақтастыра білуіміз маңызды. Биыл біздің елімізде әл-Фарабидің 1150 жылдығы аталуда. Ғұламаның мерейтойы ЮНЕСКО аясында әлемдік деңгейде де атап өтілуде. Әл-Фараби бабамыздың жоғарыда айтылған еңбегінен оның идеалды қоғам жасауға ұсынысын көреміз. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен үндес келеді.

Трактатта ғалым «қайырымды қалаға» былайша сипаттама береді: «Адамдардың бірлесуінің мақсаты шынайы бақытқа жету істерінде өзара көмек көрсететін қала, қайырымды қала болып табылады және бақытқа жету мақсатында адамдар бір-біріне көмек көрсететін қоғам, қайырымды қоғам болып табылады. Данышпан ізгілікті қоғамды қалай билеу керек, оның бөлшектері туралы, әділ билеудің әдістері мен билеушінің қабілеті, белгісі, негізгі шарттары жайлы пайымдайды».

Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің қоғамды қалыптастыру, мемлекетті басқару, адамзатты ізгілікке тәрбиелеу сияқты жазбалары мен ұстанымдары 11 ғасыр өтсе де бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Осы дүниелерді жаңғырту арқылы, жоғарыда айтқан жарқын болашаққа қарай нық қадам басуға тиіспіз.

Ендігі кезекте «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челленджін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевқа, белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеевке және Әлемнің төрт дүркін чемпионы, ауыр атлет Илья Ильинге жолдаймын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: