Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

42500 & 15000

23.04.2020, 11:34 1083

42 мың теңгенің артынан іле-шала Үкімет «15 мыңнан үлестіреміз» деп жариялады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліг­і карантинге жабылған өңірлердегі халықтың жекелеген санаттары­ның коммуналдық шығыны үшін 15 мың теңгеден ауда­ры­латынын мәлім етті. Бірақ 42500 теңгенің «жыры» әлі аяқталған жоқ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі дәл осы мәселеге нүкте  қойғандай  болды. Бұл тақырыптың айналасында айтылып жатқан­ һәм айтылатын әңгіме көп. Қазір ел назары – 15 мың теңгеде. Бір  сауал: оны  кімдерге  берейін  деп  жатыр?  Нақтысы  сол, 18  мил­лион  қазаққа  таратылмайды.  Бұл  да  қазақ  қоғамының  белгілі  бір  әлеуметтік  топтарына  үлестіріледі.

15  МЫҢ  ТЕҢГЕНІ  КІМДЕР  АЛАДЫ?

– Президент төтенше жағдай мен карантин уақытында тұрғындардың коммуналдық қызметке төлейтін ақысының мөлшерін азайту бойынша жүйелі шараларды әзірлеуді тапсырды. Оны орындау аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коммуналдық қызметті жеткізушілермен келісімшарты бар тұтынушылар үшін коммуналдық қызметті төлеуді  қарастыратын тетік әзірледі, – деп хабарла­нды  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық  даму  министрлігінен.

Анығын айтқанда, карантин енгізілген өңірлерде әкімдіктер тұтынушылардың дербес (абоненттік) шоттарына 2 ай бойы 15 мың теңгед­ен аударып отырады. Мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде төлем алушылардың қатарында 1-ші, 2-ші, 3-топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, ҰОС мүгедектері мен қатысушылары, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде­ қаза тапқан тұлғалардың отбасылары, төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар­, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер  бар.

ӨТІНІМ  БЕРУ  ҚАШАН  БАСТАЛАДЫ?

Коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңге төлеуге өтінім қабылдау әкімдіктер өтінім қабылдайтын арнаулы жүйені іске қосқан соң басталады. Коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу тәртібі ағымдағы жылдың 18 сәуірінде бекітілді және бүгінгі таңда әкімдіктер өтінімдерді қабылдау үшін call-орталы­қтар мен ақпараттық ресурстар құру бойынш­а шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Әкімдіктер өтінімдерді қабылдайтын арнаулы жүйені дайындағаннан кейін ол туралы жер­гілікті халықты хабарландырады. Аталған жұмыс мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде жүргізіледі. Сондықтан өтінім беру үшін әкім­діктерден тиісті ақпаратты күту қажет. Бұл туралы­  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналында хабарланды. Мемлекет ағымдағы жылдың сәуір және мамыр айлары үшін коммуналдық қызметтерге ақы төлейді, сондықтан өтінім беруге асықпау қажет. Өйткені барлық өтініштер мамыр­ айын қоса алғандағы кезеңде қабыл­данады. Өтінімдер call-орталықтар мен ақпараттық  жүйелер  арқылы  қабылданады.

42500  ТЕҢГЕ  һәм  НҮКТЕ

Қиын кезеңде тамаққа талғажаусыз, жалпы табысы, күнкөрісінен ада болған азаматтарға 42500 теңгеден әлеуметтік көмек жасалды. Онысының  арты  даңғыра  дауға  айналды.   Себеп – 42500 теңгені уақытша табысынан айыры­лған, әлеуметтік аз қамтылған және өзге де арнаулы топ ғана емес, заңды түрде жұмыс істеп, айлық жалақысынан ажырамаған азаматтар да алған. Бұны байқап қалған Үкімет «заң­сыз­ ақша алғандарды жазалаймыз» деп елді бір шошытып алды. «Алды түрмеге, арты 10 миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуі әбден мүм­кін» деді. Мұны естіген жұрт төбесінен жай түскендей, жапа-тармағай заңды алғаны, заңсыз­ алғаны бар «бәлеге бас тікпейік» деп алған­ тиынын кері қайтарды. Арада бір апта өтер-өтпесте  министр «42500 теңге алғандарды­ ешкім соттайын деп жатқан жоқ» деп қайта мәлімдеме  жасады.

– Бүгінгі таңда төтенше жағдайлардың салдары­на байланысты табысынан айырылған 3 млн 960 мың адамға әлеуметтік төлем тағайын­далды. Оларға 157 млрд теңге төленді. Өкінішке қарай, соңғы 4-5 күн бойы әлеуметтік желілерде, қоғамда «42 500 теңге алғаны үшін қылмыстық тұрғыда жазалайды екен» деген әңгіме көп таралып жатыр. Біз бәрін қарап шықтық­. 5 сәуірден бастап заңгерлеріміз осы мәселеге қатысты пікірлерін айта бастаған. Оның ішінде ерекше таралғаны сол күні Закон.кз порталында орыс тілінде Данияр Нұрланұлы мен Руслан Қожахмет есімді заңгер-адвокаттардың Қылмыстық кодекстің алаяқтыққа қатысты баптарын талдап, соны 42 500 теңге төлеміне қатыстырып жазған мақаласы болды. Осыған байланысты, құрметті қазақстандықтар, ағайын­дар, бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны үшін, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Оны ана талқылап жатқан заңгерлер де біледі. Біз ешкімді тексермейміз. Себебі бұл –әлеу­мет­тік төлем. Бұл – әлеуметке бағытталған төлем, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі  Біржан  Нұрымбетов.

Дұрыс не бұрыстығын бағамдай жатар мемлекеттің өзі. Дегенмен аз ғана ақшаның айналасындағы даудың дәл осылай алысқа кетуінде бір  шикіліктің  бары  анық.

ТҮЙІН. Мәселен, Жапонияда  төтенше жағдайға  байланысты  әрбір  азаматқа 930 доллардан әлеуметтік көмек жасауды ұйғарған. Онда шамамен 127 миллион адам өмір сүреді. Есептей беріңіз. Біздегі жағдайды мұның қасында талдауға, тіпті айтуд­ың өзі ұят. Онда да Қазақстанда әлеуме­ттік төлемді белгілі бір топтар ғана алады. Елдің жайын ескеріп, тамағына талғажа­у болсын деп тиын-тебеннен үлес­тіріп жатқан мемлекеттің қамқорлығына  шүкіршілік  етеді  қазақ.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: