Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

30 ЖЫЛДА ЖОҒАЛТҚАН СЕНІМДІ ХАЛЫҚҚА ҚАЛАЙ ҚАЙТАРАМЫЗ немесе тығырықтан шығу жолы?!

21.01.2021, 12:30 1024

Қазақстан  халқына

ҚР  Президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаевқа

АШЫҚ ХАТ

Мен академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, парламент­тің 4 рет депутаты, азамат ретінде 74 жасқа қараған кемелденген шағымда көп ойланып, өтпелі кезеңде ел тағдыры қыл үстінде тұрғанын сезіп және одан қалай шығу  жолын  көрсету үшін ауыр болса да осы ашық хатты жазуға  мәжбүрмін.

Әлем күйзелісте, ертең не болары белгісіз. Ақыл айтып жол көрсетер елді, қоғамдық ұйымды көріп тұрған жоқпын. АҚШ-тың өзі анау «капитолиді» басып кіруде, Қырғыздан айыр­ма­шылығы неде? Дамыған мемлекеттер Q7, ЕО, БҰҰ тағы басқа әлемдік ұйымдардың өздері дағдарыстан жол іздеуде, дәрменсіз күйде. Бір коронавирус төрткүл дүниені үлкен нәубетке әкелуде, климаттың жылынуы, аймақтық соғыстар, миграция, су, азық-түлік тапшылығы 1,3 млрд әлем халқын ашаршылыққа әкелуде.

Осындайда еріксіз сұрақ туады. Біз өзі қайда бара жатырмыз? Бізді қайда алып бара жатыр? Біз де білмейміз, алып бара жатқан­дар да білмейді қайда алып бара жатқанын? Біз де есепсіз, жауап­сыз көп уақытымызды жіберіп алдық. Мұның сұрауы болар. Енді «есің  барда еліңді тап» демекші, бізге өз дара жолымызды табатын­  уақыт келді. Немесе  айналадағы  алпауыттарға жұтылып­ кетуіміз  әбден  мүмкін, жер  біздікі деп шығып та жатыр.

30 жыл егемендік тарихымызды еске алсақ, Жоғарғы Кеңестің депутаты, Президиум мүшесі ретінде алғашқы заңдардың жасалуы­, мемлекеттік институттардың құрылуы, өз ақшамыз «теңге» шығып, қаржы жүйесі енгізілуі, бірінші рет Ата Заңымыз, Тәуелсіздік Декларациясы қабылданғанда «ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы орындалды» деп көзімізден жас шыққан уақыттар да болды. Бір-ақ мысал, 1-ші Конституция жазылған­да, жұмысшы топтың (төрағасы Н.Ә.Назарбаев) мүшесі ретінде  менің  ұсынысым бойынша «Мемлекет білім, ғылым мен мәдениеттің  дамуына басымдық қамтамасыз етеді» деп жазыл­ған­  еді. Бұл  баптағы  жазу  екінші Конституция  қабылдан­ғанда­ алынып  тасталды.  Міне, соның  салдарынан  қазіргі  біздің  білім, ғылым  деңгейі  өте  нашар. Біз  білімсіз  қоғамға  айналып бара­мыз­,  ал  оны  басқару  жеңіл.

Бірақ, Тәуелсіздік тарихы таза жазылуы үшін о бастан жасалуы­ керек істер халық бақуаттылығы мен болашақ ұрпақ игіліг­іне бағытталуы керек еді. Өкінішке қарай, бұл жалған ұран болып қалды. Екінші Конституция қабылданып, оған көптеген өзге­рісте­р енгізілді, жердің сатылу қаупі төнді, т.б. демократиядан  тыс, автократиялық  жүйенің  принциптері енгізілді.

30 жыл бойы біз мемлекетіміздің әлеуметтік, саяси, экономи­калық құрылымын жасап келеміз. Тәуелсіздігімізді әлем қабылдады. Қазір сырттан қарасақ, бәрі дұрыс сияқты, Президентіміз бар, Үкімет пен Парламент, партиялық сайлау жүйесі, т.б. Сол ескі сүрлеумен бұл сайлаудың да қалай өткені көнгіш халыққа белгілі. Алматыда 30-ақ пайыз халық кешегі сайлауға барған. Сонда 70% халық қазақтың интеллигенциясы, зиялылары тұратын­ оңтүстік астанада сайлауға наразы деуге бола ма? Бұл көп нәрсені ойландырады, жүйені өзгертуге дейін!

Шынында  солай  ма? Шекарамызды  бекіттік, етек-жеңімізді жинап, саяси тәуелсіз ел болдық, бірақ экономикалық тәуелсіз ел болдық деп айта алмаймыз. Ең өкініштісі, 30 жыл өтсе де демокра­тиялық емес, бюрократиялық, автократиялық шикізат елі болып қалудамыз. Шикізат елі – ол әр уақытта қауқарсыз, тәуелді, кезекті  әлемдік  кризисте  экономикасы күрт құлайтын ел.

Айта берсе әңгіме көп, қарапайым халыққа­ керегі сіздің саясатыңыз бен жалпы экономикаңыз емес, қажеттісі – 30 жылдағы әр адамның күнкөрісі, өмір сүру деңгейінің жақсарғаны. Қысқаша айтсам, қазір халқы­мыздың 1/3 бөлігі кедейш­іліктің күнін кешуде, әсіресе ауылда. Бәріміз де ауылдан шықтық, ауылға барсақ, жүрегің ауырады, кедей­шілік пен  дәрменсіздік байқалады. Бай мен кедей арасы еселеп өсуде, қазір 30 есе дейді. Заңсыз жекешелендірудің арқасында 1% байлардың қолында Қазақстанның 90% меншігі мен байлығы бар. Жалпы сыртқы қарызы­мызды қарасақ, 160 млрд долларға жетіпті, бұл жалпы ішкі өнімнің көлемінен асып, өте қауіпті жағдайда тұр. Себебі мемлекеттің карызы­ ЖІӨ 60%-нан аспаса, ол ел экономикалық тәуелсіз ел деп аталады. Біз әр қазақстандыққа шаққанда 9 мың долларға жуық қарыз екенбіз. Бұл – болашағымыздың алдында кешірілмейтін күнә, өтелмейтін қарыз.

Елбасының өз аузынан «кез келге­ніңді қолыңнан ұстап, заңмен жазала­й­мын» деген сөз де шықты. Негізінде ақылды басшы ешкімді қолынан ұстап жазаламайды, керісінше адамдардың талант­ы ашылуы үшін оларға мүмкіндік жасайды. Ал мұндай келеңсіздіктермен, сыбайлас­ жемқорлықпен күрес қауқарсыз, «иммитация» сияқты, халық арасын­да­ күлкілі болды. Себебі, өздері басқарады, өздері бір партияда, өздері ұрлайды,­ өздері ұстайды, өздері жазалайды, өздері босатады, т.б. «Патша­ тағы – ақылдыны ұлы етер, ал ақымақты ұры етер»,- дейді дана халық. Ең қиыны елдегі қазіргі жағдай, коронавирустың зардабы, әлемдік дағдарыс­, оған қоса Ресейге санкция онсыз­ да мұнай кризисінен зорға тұрған Қазақстан экономикасын құлдыратуы, жүйелік (системный) дағдарысқа алып  келуі  мүмкін.

Осындайда қазақтың айтулы азаматтары, көзі ашық, саналы топтары­ қайда жүр? Жалпы, адамға тән қатаң биліктен қорқу бар. Бірақ адамда әлдеқайда ауыр күнәнің бар екендігін қазір түсіну қиындау болып тұр. Бұл жерде біз билікте, қызметте жүрген азаматтарды былай жік­те­ген болар­ едік. Олардың бір бөлігі автократиялық, диктаторлық жүйеден шыға алмады­, бір ағыммен солардың жетегінде кетті, ойынын ойнауда. Екінші бөлігі орта қалыпты ұстап, шындық жағында болды, бірақ қолдары­нан ештеңе  келме­ді, өз күнін көрумен жүр. Ал үшінші белсенді бөлігі шын­дық­ты ашық айтып күресті де, абақтыға да түсті. Кейбіреулері демократия­ үшін сол аяусыз күрестің  құрбаны да болып кетті.

Зиялы қауымға келсек, олардың жеке де, қоғамдық ұйым ретінде де үні шықпай­ қалды, ал ілуде біреуі өз сөзін, халық сөзін айтуда, талай талант­тарымыз шетелде де жүр. Бизнес өкілдері болса олар осы «систем­аның продуктысы» болғаннан соң бас көтере алмауда. Ал кейбір таза өз еңбегімен байыған бизнес өкілдері өз кезегін­ күтуде, қатты шықса тартып­ алады­ деп қорқуда, солай да болуда. Партиялар қалталы болды, кейбіреу­лері қуғынға ұшырауда, жаңалары тіркел­меуде, жалпы дәрменсіз күйде, бәрінің де қол-аяғы байлаулы.

Жалпы, шындық үшін бас көтергендердің артында билік жағынан бақылау күшті. Оны біз 10 жыл түрмеде отырып шыққан нарық заманы­ның жаңа ойлы қазағы, атом өндірісін әлемдік деңгейге көтерген патрио­т М.Жәкішевтің  өмірі­нен  көрдік.

Енді алдағы экономика қалай даму керек деген сұраққа қысқаша жауабым­. Мен ғалым-экономист ретінде тоқ етерін айтсам, алдағы негізгі мақсат біз эконо­миканың шикізат моделінен кетіп, экономикамызды, өндірісімізді  әртараптандырып  (диверсификациялап),  инновациялық жолға­  түсіп, ары қарай қазақ қоғамын ізгілендіру (гуманизациялау) болып табы­лады­. Барлық байлықты (ресурсты) жаңа технология мен әлеуметтік инновацияға салсақ, тез алға басамыз. Бұл – жаңа қоғамдық және өндірістік  қатынасқа, экономиканың  дамуының жаңа моделіне өту деген­  сөз. Қазақстан  осыған  даяр  ма?

Қазақстан қазір жол айрығында тұр. Егер қазірге дейін 30 жыл бойы шетелдік «серіктестеріміздің» кеңесімен жүріп, ескі жолмен барсақ, онда соңы – тығырық. Бізге керегі – ең озық өзімізге лайықт­ы әлемдік тәжірибені қолданып, қоғамды өзгерте отырып, өзіміздің отандық дара даму жолымызды табу. Сонымен қатар, біздің тегіміздің қандай бол­ғаны, тарихы­мыз бен болмысымызды «тектоникалық тереңдікте сезіне отырып, мына қиын әлемдік өркениетте не күтіп тұрғанын білу керекпіз».

Әрине, таңдау халықта. Бірақ халыққа бұл дағдарыс жағдайдан қалай шығу туралы­ бағдарламасын ұсыну қажет. Бұны жасау қазіргі билікке қиын. Олар шындықтың толық көрінісін көрмейді, өйткені мемлекетті вертикалды түрде, жоғарыдан төмен, ескі әдістермен, орынсыз амалдармен басқарып келеді. Солайша жаһандық желінің, жаппай коммуникациялық, жаһандану жаңалықтарының мәнін түсінбейді. Биліктегі кімде-кім біздің өзгермелі өмірімізді түсінсе де, бірақ қазіргі құрылған жүйе, жемқорлық билік құрылымы бұны не дегенмен жүзеге­ асыруға мүмкіндік бермейді. Бұл Қазақстан үшін «Ариаднаның жұмбақ жіптері»  секілді болып­  тұр. Соңғы уақытта  қабылданып жүрген ішінара шешім­дер халық­қа  өте  маңызды болса да, 30 жыл бойы жиналған проблемаларды шешу  өте қиын болар.

Қазақстанға қазір  бұрын-соңды болмаған қиындық туды, өйткені бізге екі  мәселені  шешу  өте  маңызды:  біріншіден,  мемлекет   қалай  2021 жылы әлемдік дағдары­стың екінші кезеңімен күреспек? Халыққа ауыртпалық түсірмейтін дағ­дарысқ­а қарсы бағдарламаны жасап, қабылдау­ қажет. Екіншіден, көп жылдар бойы қалыптасқан авторитарлы­ өмір салтын­ан кейін, бұндай қиын жағдайда қоғамды радикалды демократи­зациялау  бойынша  саяси  реформалар  қабылдау  керек.

Мемлекет жүйелі түрде өзгеру үшін тез арада 4 жобаның шешу тетіктері­н  жасау  қажет:

1. Қазақстан Республикасында ашық нарықтық экономика болуы керек, әсіресе­ ашық саясат және қоғамды демократияландыру, соңғысы жоқтың қасы. Ол үшін Конституциялық өзгерістен бастап бірқатар заңдард­ың қабылдануымен осы бағыттарды түбегейлі реформалау қажет. Ең маңыздысы, Парламенттік басқару жүйесіне өту, жаңа сайлау жүйесін жасау керек. Оның  ішінде  депутаттардың  50%-ын жергілікті жерден сайлау­  керек.

2. Қоғамның рухани жаңаруы қажет. Heгізгі назар мәдени, тарихи және моральдық-адамгершілік құндылықтарға, әіресе жаңа білімге аударылуы­ керек. Нағыз демократияны тек білімді ел, азаматтық қоғам құра алады. Осындайда ұрандатып Абай жылын өткізе салмай, ел болып ұлы Абайдың­  толық  адам ілімін игеру қажет.

3. Ауылды жаңарту мен ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беру керек. Мұнай мен газдың орнына бренд астық пен сүт өндірісі болуы керек­. Қазақстан өзінің азық-түлік мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Жасан­ды интеллект, робототехника, адам геномы және басқалардың пайда болуы­мен байланысты №1 проблема адам­дарды экологиялық таза өнімдермен және сумен қалай тамақтандыру біздің генофо­ндымызды сақтайды. Сондықтан дәл қазір мүмкіндікті жіберіп алмауымыз және жақын арада азық-түлік державасына айналуым­ыз керек­. Ауылға асар қажет барлығымыздан.

4. Жаңа индустриялық-инновациялық саясатқа көшу, технологиялық құрылымдарды жедел дамытудың тиісті Мемлекеттік бағдарламасымен қатар сыни технологиялар жүйесін жасау және енгізу.

Құрметті көп ғасырлық мәдени және тарихи құндылықтары бар тауқыметт­і көп тартқан халқым!

Құрметті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев!

Осы ұсыныстарды іске асыру алдағы 7 жылда Қазақстан Республикасының «ХХІ ғасыр өркениет пойызының соңғы вагонына» отырып, озып кеткендерді қуып жетуге мүмкіндік береді. Біз не ғасырлар бойы шикізат елі болып қала береміз, не себепсіз бізді қоршаған монопо­лиялық елдердің иемденуіне тап болуымыз мүмкін. Бізде  қазір кеңістік пен уақыт шек­теулі.  Ақиқат  сәті  келді.

Оразалы   СӘБДЕН,

Қазақстан ғалымдар

Одағының президенті,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

ҚР ҰИА академигі, э.ғ.д., профессор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: