Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

159 МЫҢ ТЕҢГЕ: сүйінші ме, сарказм ба?

20.02.2020, 11:19 1044

Ғалым Смағұлұлының карикатурасы

Енді елімізде сегіздеткендерге сексен мың, оннан асырғандарға ешкімнің түсіне кірмейтін жәр­демақы тағайындалмақ. Сондағысы 10  балаға – 105 мың, 15  балаға – 159 мың теңге. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрым­бетов осылай деп мәлімдеді. «Жаулықтылардың жәрдемақысын өсіреміз» деп жұбатқысы келген түрлері болар. Бірақ, мұны сүйінші­ден гөрі биліктегілердің сырғалы­ларға сарказмы десек, бек жара­сады. Халықтың қазір бұрынғыдай емес, көзі ашық. Ақ пен қараны ажырата алады. Бұл жолы да ат үстіндегілер өздерін алаштан ақылды етіп көрсеткісі келді. Бұқара  да қалаған жерінен құлақ шығарғыс­ы келген қазаншының сырын­  біліп  қойды.

Қайсыбір жолы экс-президенттің «баланы дүниеге әкелерд­е бізбен ақылдасып па едіңдер?» дегені бар еді. Бұны бала туса мемлекетке «масыл» бола кететін кәдімгі көпбалалы әйелдерге қаратып айтқанын түсіндік. Енді ешкім­мен «ақылдасудың» қажеті жоқ. Министр мән-жайды­ тайға таңба басқандай, ап-анық айтып берді. Билік бір балаға бақандай он мың теңгені аямаймыз деп шешіпті.

– Қазіргі уақытта байқасаңыздар жеті баладан әрі қарай біркелкі мөлшерде. Сондықтан бұл жағдайды қарастырып, сегізінші және одан кейінгі балаларға да жәрдемақыны саралан­ған түрде төлеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Енді  сегіз  балаға  74000  теңге  емес, 85000 теңге, он балаға – 106000 теңге, он бес балаға 159 мың теңгеден төленетін болады. 42500-ден 74400 теңгеге дейін төленетін жәрдемақы 370 мың отбасыға берілген,- деді ҚР Еңбек және  әлеуметтік  қорғау  министрі  Б.Нұрымбетов.

Оның айтуынша, көпбалалы отбасыларға табыстарына қарамастан, балалар санына қарай сараланған мөлшерде 42500 теңгеден 74400 теңгеге дейін төленетін жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы қазірдің өзінде шамамен 370 мың  отбасына  төленді. Осылайша биыл осы мақсаттарға бюджеттен 177,6  млрд  теңге  қарастырылған.

Серік Абас-Шах, тележурналист:

– Министр Б.Нұрымбетовтың есептеу жүйесіне жүгінсек, жәрдемақы көлемін 1 мың долларға жеткізу үшін қазақ әйелі кем дегенде 35 бала туу керек. Ал ондай «бақытқа» қол жеткізу үшін 18 жаста күйеуге шығып, 53 жас­қа  дейін  тоқтаусыз  туу керек.

Ресейде бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақының 40 пайызына тең. Соны­мен қатар, анасына сомасы шамамен 2582248 теңге болатын «ана капиталы» сертификаты беріледі. Оны олар зейнетақы қорына сала алады, баспана жағдайын жақсарту мақсатында, яғни ипотеканың алғашқы төлемі ретінде, сондай-ақ, баланың білім алуына жұмсай алады. Жәрдемақы соңғы екі жылдағы табысқа байланысты есептеледі. Ал Германияда бірінші және екінші балаға берілетін ай сайынғы жәрдемақы –  83248  теңге  (194 еуро),  үшінші  бала­ға – 85822 теңге (200 еуро), ал үшінші және одан кейінгі балаларға – ай сайын 96550 теңге (225 еуро). Францияда бала дүниеге келгенде берілетін бір жол­ғы жәрдемақы – 396171 теңге (923,08 еуро), ал бала асырап алған жағдайда 792338 теңге төленеді (1846,15 еуро). Бұл жәрдемақының ата-анасының жалақысы 15023 теңгеден (35 еуро) аспаса ғана берілетіндігі айтыл­ады. Сондай-ақ оларда ай сайын Allocation de base  атты  жәрдемақы қарастырылған. Оның мөл­шері – 78995 теңге (184 еуро).

Салтанат Байқошқарова, эмбриолог, репродукт­олог:

– Адам мал емес. Адамның жануардан айырма­шылығы адамда сана бар. Он бес баланы­ дүниеге әкелу үшін де денсаулық кере­к  шығар.

Қармақшы  ауданының тұрғыны Әсел Шүрегеева  – бүгінде 4 баланың анасы. Балалары әлі мек­тепте оқиды. Министрдің 15 бала үшін төленетін жәрдем­ақыны «жыр» қылуының жөні жоқ дейді.

– Айтуға ұят нәрсе.  Қазір үйде бала тәрбиесімен отырған әйелдердің барлығы бірдей сауатсыз емес. Барлығынан хабардар. Баланы ешкім міндетсініп дүниеге әкелмейді. Бірақ мемлекеттің қамқорлық танытып беріп жатқан тиын-тебені жұртты ызадан күлдіреді, – дейді көпбалалы ана Ә.Шүрегеева. 

ТҮЙІН. Осы жолы шынында ақжағалылар ашындырды. Адамның жаны мемлекетке ойыншық­ емес. Көпбалалының күйіне түспей министр­ де мән-жайды ұқпайтыны тағы анық. Нарық та ешкімді қарық қылып отырған жоқ. Жалақы мен жәрдемақының сиқы осы болса, ақжағалылардың төбеде отырып ойына келгенді айтып, таяғын ойнатуы – әсте жарасымсыз қылық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: