Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жедел жәрдем жеделдейтін болды

12.11.2020, 17:20 430

Қазір заман өзгерді. Өткенді сағынып, қазіргіге қамығып жүрген уақыт келді. Бойымыздан сәл ыстық сезілсе жедел жәрдемге хабарласып, соларды тосумен уақыт өтіп жатыр. Ақ халаты болмаса да, ақ жүрегі бар жандар тозығы жеткен көлігімен салдырлап науқасқа жетіп, күнелтіп жүр екен дегенді талайдан еститінбіз. Пандемия кезінде шақырту саны күрт көбейіп,  «қайнаған қазанға» бір кіріп шықты. Осы орайда, пандемияның екінші толқыны басталып кетсе, абдырап қалмайық деп жедел жәрдем қызметкерлеріне 44 жаңа санитарлық автокөлік табысталды. Медициналық құралдармен толық жабдықталған автокөліктер облысымыздың барлық аймақтарында қызмет көрсететін болады.  «Жедел жәрдем уақытында келсе, қам көңілде қаяудай арман қалмас еді» деп жүрген халықтың тілегі де орындалды.

– Халық денсаулығы еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе, әлеуметтік жағдайына ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан, қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы ретте, алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға әкеледі. Бүгінде Қызылорда облысы халқына 2423 дәрігер, 9528 орта буын мамандары медициналық қызмет көрсетеді. 2016 жылдан бастап өңірге қажетті медицина мамандықтары бойынша 91 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалды. 2017-2019 жылдары республикалық және жергілікті бюджет есебінен 37 автокөлікке ие болсақ, қазіргі таңда өңірімізге лизинг арқылы толығымен жабдықталған 40 дана жедел жәрдем реанимобильдері және 2 дана жылжымалы медициналық кешен жеткізілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің демеушілігімен 2 реанимобиль алынды. Осымен,  короновирустың екінші болжамды кезеңіне дайындыққа қатысты Қызылорда облысы барлық республикалық индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етті,- деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Жаңа автокөліктердің табысталуы өз кезегінде, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын көтеруге жасалған қадам болды. Әлемді шарпыған пандемия кезеңінде жанын шүберекке түйіп, ұлт саулығын ойлаған жедел жәрдем өкілдеріне көлік кілтін облыс әкімінің өзі табыстап, қызметкерлерге жылы лебізін білдірді. Кейбір аудандардың кәсіпкерлері кеңдігін көрсетіп, өз аймағының ауруханаларына демеушілік жасады. Атап айтқанда, «Аралтұз» акционерлік қоғамы демеушілігімен 2 реанимобиль алынған. Тиісінше, олар Арал ауданаралық ауруханасына табысталды. Сонымен қатар, заманауи талаптарға сай 2 дана жылжымалы кешен Қармақшы және Жалағаш аудандарына табысталды. Мұндай кешендер облыс аумағында бірінші рет беріліп отыр. Бұған дейінгі кешендер жүк көлігіне орналастырылып, мүмкіншілігі де аздау болатын. Кешен ішінде кез келген анализ алуға барлық жағдай жасалған. Аталған шарада сала ардагерлеріне де сөз беріліп, медициналық көліктердің кілтін табыстау құрметі бұйырды.

– Күннің барлығы да жақсы ғой. Бірақ, бүгінгі күн ерекше. Дәлірек айтқанда, денсаулық саласы үшін ерекше күн. Фельдшерлердің коронавирус уақытында жұмысы көбейіп кетті. Дегенмен, артылған жүкті, сенімді абыроймен ақтап шыға алды. Тиісінше, үкімет тарапынан мол қаржы бөлініп жатыр. Денсаулық жанашырларына қосымша сыйақылар тағайындалған. Енді міне, көріп отырғандарыңыздай, медициналық құралдармен толықтай жабдықталған көліктер сыйға тартылуда. Науқасқа уақытылы бармаса, оған дер кезінде қажетті көмек берілмесе, жағдай қиындайды. Қазір аурудың түрлері көп. Науқас тағдырын сағат емес, минут шешуі мүмкін. Осы кезде осындай автокөліктердің көмегі мол болмақ. Бұның ел үшін, халық үшін пайдасы зор. Сол үшін медицина қызметкерлерінің атынан осы игі іске атсалысқан барша жанға алғысымды білдіремін,- деді денсаулық саласының ардагері Тұрғанбай Маханұлы.

Жалпы, жедел жәрдем қызметіне күніне шамамен 800-дей қоңырау келіп түседі. Бүгінге дейін облыс аумағында 79 автокөлік қызмет жасады. Оның 22-сі қалада болса, қалғандары аудандарда. Қазіргі таңда автокөліктердің 65%-ның тозығы жеткен еді. Бүгінгі толықтырудан кейін олардың жаңару көрсеткіші 90-95%-ды құрайтын болады. Айта кететін жайт, 2020 жылы шақырыстарға кешігу 2,5%-дан 1,9%-ға азайса, жедел жәрдем тобының көз алдындағы өлім көрсеткіші 3,2%-дан 1,6%-ға азайып, нәтижелі реанимация 47,2%-дан 56,3 %-ға көтерілді.

– Бүгін міне, тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Пандемияның болжамды екінші толқынының қарсаңында жедел жәрдем қызметінің автокөліктері жаңарып отыр. Аймақ басшысының қолдауымен 40 жедел жәрдем автокөлігі берілді. Сонымен катар, екі кешенді көліктер сыйланды. Айта кету керек, жедел жәрдем көліктері заманауи талаптарға сай, барлық жабдықтармен жабдықталған. Мысалға,  өкпе желдеткіш аппараттары, оттегін беру аппараты және т.б. Ал медициналық кешеннің ерекшелігіне тоқталсақ, ол мезгіл таңдамай, кез келген уақытта жұмыс істейтін болады. Ішінде қажетті анализ жасау үшін барлық жабдықтар бар десек те артық емес. Біздің жедел жәрдем қызметінің басты мақсаты – науқастарға дер кезінде көмек беру. Біздің көліктердің ескіргенінің әсерінен бұл сәл қиындау болып еді. Пандемияның күрт көбейген уақытында 1 күннің ішінде 2500 шақыру тіркелді. Сол уақытта үлгеру сәл қиындау болды,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов.

Бас дәрігер өңірдегі жағдайдың оңалғанына қарамастан, жергілікті тұрғындарды санитарлық шараларды сақтауға шақырды. Бұған дейін, жедел жәрдем қызметі негізсіз қоңыраулардың көбейіп кеткеніне шағымданған еді. Соның кесірінен жағдайы ауыр науқастарға көлік жетпей қалатындығын ескерткен. Бұл жағдай жаңа көліктер келісімен сәл де болса оңалатын болды. Дегенмен, тамағы қышыса, 103-ті теретін жандарды жедел жәрдемді шақырмас бұрын «қажеттігін» саралап алуды сұраймыз. Ұнамды істен ұлтымыз ешқашан қашпаған. Табысталған жаңа көліктер ақ халаттылардың қолына қуат, беліне сүйеу болып, ендігі жұмыстарына жаңа леппен кіреді деген сенімдеміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: