Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар 4 жылын ешқандай қайтарымы жоқ процеске жұмсап жүр

18.06.2026, 7:00 70

Қазір дамыған елдерде «ізденіс жылы»  (Gap Year) атты жаңа тренд қалыптасып келеді. Ол – мектеп бітіре сала бірден жоғары оқу орнына жүгірмей, бір жылды ерікті болуға, қысқа курстар оқуға және өзін түсінуге арнау мәдениеті. Бұл туралы бізге полиглот, профериентолог Нұршат Әбу айтып берді. Кейіпкерімізбен болған шағын сұхбатта жастар үшін көптеген маңызды лайфхак айтылды.

Сала маманының сөзінше, нарықтық болашақты болжау жүйесінің әлсіздігінен ЖОО-лар 4-5 жылдан кейін қандай мамандықтардың алға шығатынын  дөп  басып  айта  алмай  жүр.

– Сұраныс азайған, жойылу қаупі төніп тұрған мамандықтар қандай?

– Қазіргі халықаралық зерттеулер, соның ішінде Дүние­жүзі­лік экономикалық форумның (WEF) соңғы баяндамалары алго­ритмдер мен автоматтандыруға бағынышты кәсіптердің бірінші кезекте өзгеріске ұшырайтынын көрсетеді. Технология мен жасанды интеллект адамның механикалық жұмысын белсенді алмастырып  жатыр.

Деректерді қолмен енгізуші­лер, қатардағы есепшілер, банк операторлары, курьерлер мен диспетчерлердің нарықтан ысырылу қаупі бар. Мәселе – маман­дықтың біржола жоғалуында емес, оған деген сұраныстың күрт төмендеуінде. Мысалы, бұрын он есепші атқаратын жұмысты қазір бір бағдарлама мен бір білікті маман игере алады. Шығармашылықты, сыни ойлау­ды қажет етпейтін, қайталанатын іс-әрекеттер нарықтан бір­тіндеп кетеді.

– Мектеп бітіруші түлектер мамандық таңдауда нендей қате­ліктерге  жол  береді?

– Гарвард университетінің зерттеулері көрсеткендей, табыс­ты мансаптың 85%-ы адамның икемді дағдыларына (soft skills – коммуникация, бейімделгіштік, эмоционалды интеллект) байланысты. Алайда, біздің түлектер арасында мынадай жүйелі қате­ліктер  жиі  кездеседі:

* Түлектер мамандықтың маз­мұнын емес, грант санын немесе ата-анасының қалауын таңдайды.

* Олар «бұл сала менің тұлғалық ерекшеліктеріме сай келе ме?» деп емес, «қазір бәрі қайда кетіп жатыр? / басқа түлектер не таңдап жатыр?» деген сұраққа сүйеніп  шешім  қабылдайды.

* Тұлғалық ерекшеліктерді анықтайтын кәсіби психометриялық талдаудан (мысалы, Gallup немесе MBTI әдістемелері) өтпей, тек ҰБТ пәндерінің үйлесімділігіне  қарап  таңдау  жасау – болашақта мамандық бойынша жұмыс істемеудің бас­ты  себептерінің  бірі.

– Еліміздегі  жоғары  оқу орындары қажетсіз, яғни сұранысқа ие емес маман­дықтарды  көбірек оқытып  жатқан  жоқ  па?

– Бұл – жасыруға келмейтін өзекті мәселе. Қазіргі уақытта білім беру бағдарламалары мен еңбек нарығының арасында үлкен құрылымдық алшақтық бар.

Университеттер жыл сайын мыңдаған экономист, заңгер немесе дәстүрлі бағыттағы педагогтарды дайындап шығарады. Бірақ бүгінгі нарыққа тар бағыттағы (узкое направление) деректер аналитиктері, цифрлық мамандар және  пәнаралық  (interdisciplinary)  кадрлар  қажет.

Нарықтық форсайт-тал­даудың (болашақты болжау жүйе­сінің) әлсіздігінен ЖОО-­лар 4-5 жылдан  кейін  қандай маман­дық­тардың алға шығатынын дөп басып айта алмайды. Нәтижесінде қолда дипломы бар, бірақ жұмыс беруші талап ететін нақты практикалық дағдылары жоқ кадрлар­дың демпингі пайда болады.

– Тек диплом үшін ЖОО оқитын жастар шоғыры қалып­тасып келе жатқан секілді көрінеді. Жалпы, мұның соңы неге әкелуі мүмкін?

– Бұл үрдіс экономикада «дип­ломдар инфляциясы» (degree inflation) және адам капиталының құнсыздануы деп аталады. Егер жоғары білім тек әлеуметтік статус немесе «қағаз» үшін ғана алынса, оның салдары ауыр  болады.

Жастар өз өмірінің ең өнімді 4 жылын және отбасы қаржысын ешқандай қайтарымы жоқ процеске жұмсайды. Нарықта жоғары білімі бар, бірақ біліктілігі төмен жұмыссыздар тобы қалыптасады.

Қазіргі әлем дипломға негізделген модельден дағдыға негізделген модельге көшіп болды. Құр қағаз ешкімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырмайды, нарық тек нақты мәселені шеше алатын құзыреттілікке  ақы  төлейді.

Осы орайда дамыған елдердегі «ізденіс жылы» (Gap Year) мәдениетін айту керек. Мектеп бітіре сала ЖОО-ға жүгірмей, бір жылды ерікті болуға, қысқа курс­тар оқуға және өзін түсінуге арнау қате таңдаудың алдын алады. Бізде де «міндетті түрде бірден ЖОО-ға түсу керек» деген стерео­тип өзгеруі тиіс деп ойлаймын.

– Көп тіл  білудің артықшы­лығы мен шетелдік тәжірибенің маңызы  қандай?

– Заманауи когнитивті ғы­лымдар (когнитивистика) көп тіл білуді (полиглотизмді) жай ғана қарым-қатынас құралы емес, мидың икемділігін арттыратын фактор  ретінде  қарастырады.

Негізгі халықаралық тілдерді, әсіресе ағылшын тілін меңгеру әлемдік ғылыми, технологиялық және бизнес ақпараттың шамамен 80%-ына тікелей жол ашады. Тіл білетін маман ақпаратты бірінші  дереккөзден  алады.

Ал шетелге шығу мен халық­аралық тәжірибе адамның «мәдени интеллектісін» (CQ – cultural intelligence) қалыптастырады. Өзге мәдениетті көру адамның өресін кеңейтіп, стереотиптерден арылтады. Бұл маманды жергілікті деңгейден жаһандық (global talent) деңгейге шығарады.

Болашақтың басты дағдысы – өмір бойы оқу (lifelong learning) және қайта бейімделу (re-skilling). Бір алған диплом өмір бойы асырайтын заман өтті, сондықтан жастар мамандық емес, үнемі жаңарып отыратын дағдылар портфолиосын жинауды  үйренуі  керек.

– Әсерлі  әңгімеңізге  көп  рақ­мет!

Сұхбаттасқан 

Рыскелді  ЖАХМАН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: