Зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегі көтерілгеннен кейін, азаматтардың қаражатын мерзімінен бұрын алу белсенділігі күрт төмендеді. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) ресми сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды halyqline.kz.
Қор деректеріне сүйенсек, өзгеріс енгізілмес бұрын, яғни 5 маусымға дейінгі соңғы күндері салымшылар ерекше белсенділік танытқан, ол кезде 43 мыңға жуық адам өтініш беріп үлгерген. Алайда шекті мөлшер көтерілген соң, 5-10 маусым аралығындағы бес күнде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында небәрі 52 өтініш қана тіркелді.
Бүгінде БЖЗҚ салымшыларының жалпы санынан 0,28 пайызы ғана, яғни 30 мыңнан сәл асатын адамның жинағы жаңа жеткіліктілік шегінен асып отыр. Демек қаражатты мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі азаматтардың өте аз ғана тобына қолжетімді болып тұр.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин бұл жайтқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жинақты мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі бар адамдардың басым бөлігі бұл құқығын бұған дейін-ақ пайдаланып қойған. Вице-министр осы мүмкіндікті өзі де қолданып, жинағының бір бөлігін «Отбасы банкіндегі» есепшотына аударғанын жасырмады.
Жалпы алғанда, зейнетақы қаражатын баспана мәселесін шешуге жұмсау науқаны саябырсыған сыңайлы. Қазір басты назар зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен салымшылардың болашақ зейнетақы көлемін сақтауға бағытталып отыр.
Сурет авторы: Tengrinews.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!