Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Заңсыз байыған шенеуніктер жұмыстан босатылуы мүмкін

02.09.2020, 16:35 278 0

HALYQLINE.KZ Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Facebook парақшасында жазды. Ол қазіргі күні Қазақстанда шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.

– Президенттің 2021 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқартуды жеделдету шешімінің стратегиялық маңыздылығын ерекше атап өткен жөн. Осылайша, лауазымдық жалақыларын екі есе ұлғайта отырып, еңбекақы төлеудің факторлық-баллдық жүйесіне толыққанды көшу мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытындағы тағы бір даусыз артықшылық болады. Қазіргі таңда Үкіметпен бірлесіп, ЭЫДҰ, ГРЕКО, БҰҰ ұсынымдарынан туындайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар пысықталды. Олардың негізгісі – шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті енгізу. 2021 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңін іске қосуды ескере отырып, біз келесі тетікті ұсынамыз. Бастапқы кіріс декларациясында мемлекеттік қызметші өзінің барлық активтерін тіркейді. Егер кезекті декларацияны тапсыру кезінде оның негіздей алмайтын табысының едәуір өсуі анықталса, оған мемлекеттік қызметтен босату және негізсіз асып кеткен соманы тәркілеу шарасы қолданылады, – деді Алик Шпекбаев.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, дамыған елдерде қолданылатын кәсіби сатылмаушылыққа тексеру институтын енгізу біршама алдын алу әсерін беретін болады.

– Сондай-ақ, күн тәртібінде мемлекеттік қызметші емес, бірақ жариялық міндеттерді орындайтын тұлғаларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолдану мәселесі де бар. Яғни, біз пара алғаны үшін коммерциялық банктердің топ-менеджерлерін, табиғи монополиялар субъектілерінің басшыларын, жеке сот орындаушыларын және жария қызметшілердің басқа санаттарын мемлекеттік қызметшілер сынды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынамыз. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде кең таралған. Бүгінгі таңда қоғамның сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға деген талпынысы бұрынғыдан да зор. Сондықтан жемқорлыққа қарсы кешенді реформалардың өзектілігін асыра бағалау мүмкін емес. Елбасы мен Мемлекет басшысының толық қолдауына ие бола отырып, біз алдымызға Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең пәрменді құралдарды енгізу мақсатын қоямыз. Бұл – экономикалық өсу мен азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі шарты, – деді Алик Шпекбаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: