Өткен жыл бұрынғымен салыстырғанда ерекше болды. Ежелден еркіндікке үйренген халқымыз «жарты жыл» бойына үйінен шыға алмай һәм өзіне таңсық тіршілікке бойұсынғаннан басқа амалы қалмады. Дегенмен, жыл бойы бастан кешкен түрлі оқиғалар маңғаз халыққа сабақ болмаған секілді. Атап айтсақ, жаңажылдық мереке күндері облысымызда 636 құқықбұзушылық дерегі тіркелген. Оның арасында қылмыс жасап, «қолын қанға» бояғандар да бар. Жаңа жылда жас жеткіншектер де бұзақылыққа барып, ата-аналарына «сыйлық» жасаған екен. Көлікті мас күйінде жүргізіп, апаттық жағдай тудырғандар да жетерлік. Осындайда әзілкештердің «Жаңа жылда бақытты адамдарды көрдім, олардың барлығы мас еді» деген сөзі еріксіз еске түседі. Мәселеміздің барлығы құдды жыл бітсе, сонымен бірге аяқталатындай тойлайтынымыз өтірік емес. Осы тұрғыда, жылдар жігінде аймағымызда тіркелген құқықбұзушылықтар жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.
Жаңа жыл қарсаңында халқымыз әдетте екіге бөлінеді. Бірі «бұл жыл қазақтікі емес» деп шүйліксе, бірі «күнтізбенің соңғы күнін тойлаудың айыбы жоқ» деп ақтап алады. Жалпы, бұл мәселе талай жерде көтеріліп жүрсе де, халықтың дені екінші нұсқаны таңдайды. Көптің көңіліне күлкі үйірген жыл соңын қалай тойласа да әркімнің өз еркінде. Дегенмен, сол жаңажылдық тойдың соңы «бой»-ға ұласып, құқықбұзушылыққа, одан қалды қылмысқа дейін барып жатады. Жоғарыда көрсеткендей, Қызылорда облысы полиция департаментінің мәліметінше, аймағымызда жаңажылдық мейрам күндері 636 құқықбұзушылық тіркелген. Оның 50-і араққа «тойып алған», мас күйдегі тұрғындарға тиесілі. «Ұзақ» түнді тойлаймыз деп өздеріне «тұзақ» құрып алғандар да кездескен. Дәлірек айтқанда, түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 10 тұлға жауапқа тартылған.
Бұл күндері көше бойында «шумахерлер» де көп кездескен. Облыс аумағында 500-ге жуық жүргізуші жол ережесін бұзған екен. Оның 110-ы – жылдамдықты асырып, діттеген жеріне лезде жетем дегендер. Жыл бойына бітіре алмаған жұмыстарын соңғы күні аяқтап үлгеремін деп ойласа керек. Жол жайлы жаға ұстататын ақпарат бұл ғана емес. Бес бірдей жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған. Ол аз десеңіз, 44 жүргізуші көлікті құжатсыз айдаған. Мейрам күні әкесінің көлігіне отырып алып, достарын «кәсететіндер» көп екені жасырын емес. Солардың бір буыны құқық қорғаушылардың құрығына іліксе керек. Жыл ауысатын түні көше кезіп кететін балалар да бар. Кәмелетке толмаған 39 жасөспірім Жаңа жылды түнде тойлап жүріп ұсталған. Оның екеуі ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алыныпты.
Жаңа жыл қарсаңында «отшашу ұйымдастырғандар айыппұл төлейді» деген ақпар тараған болатын. Сол ақпарат әлеуметтік желінің тең жартысын жаулап алып, бүкіл халық «бұ не сұмдық?» деуге басты. Халқымыз өткен жылғы карантиндік айыппұлдан соң, «штраф» деген сөз естісе, шошитын халге жетіп қалған. Алайда бұл жаңадан бекітілген заң емес. Бұл заң бұдан бұрында болды. Негізінде заң қызметкерлері жаңажылдық отшашуға «көз жұма» қарайды. Дегенмен, көп елдерде бұл күні отшашу ұйымдастыру заңмен рұқсат етілген. Ал біздің елде әзірге ондай өзгерістер жоқ. Бұған дейін «салют атып, штрафқа ілініпті» дегенді де естіп көрмегенбіз. Осы жолы құдды «вирустай» тез тараған ақпарат бірнәрсені өзгертті ме деген оймен облыстық полиция департаментіне хат жолдаған болатынбыз. Алайда департамент бұл сұрағымызды жауапсыз қалдырды. Оның орнына отшашу саудасының ережесін бұзған 18 сатушы ұсталған дерегін көрсеткен екен.
Байқап қарасаңыз, 3-4 күнге созылған мейрам күндерінде тіркелген құқықбұзушылықтар саны өте көп. Бұл тек тіркелген, ресми деректер ғана. Мейрам күні «байып» қаламын деп «бармақ басты, көз қысты» қылғандардың көп екенін ауыз айтып, көз көрмесе де білеміз. Ал отшашу туралы ақпараттың жауапсыз келуін – ол күні отшашу ұйымдастырып, «қылмыскер» қатарына кіргендердің жоқтығынан болар деп пайымдадық. Бұл күні отшашуға заң рұқсат бермесе де, «жұлдызды иық» полицейлердің өздері рұқсат беріпті. Жылдың соңғы күні «соғым соймаса» да, қауіпсіз отшашулар атудың айыбы жоқ та шығар. Не болса да, Тышқан жылының соңы мен Сиыр жылының басын заң бұзуға арнаппыз. Қалған күндерде «бас жазайық» деп бәлеге ұрынбай, керісінше, заңға «бас білдірсек» болғаны…
Бекзат ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!