Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түрмеде отырып түрлі бұйым жасаған

19.08.2020, 16:30 777

HALYQLINE.KZ Кемелерді құрастыруда оның әр бөлігінің шынайы су көлігінің түпнұсқасына ұқсауына Бақытжан шебер ерекше мән береді. Алғашында шағын қайықтар мен аса үлкен емес кемелерді құрастырған азамат қазір нағыз хас шеберге айналған. Біздің әңгімеге арқау болып отырған Бақытжан Есенбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылып, бүгінде Қызылорда қаласындағы ЗК169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Оның қолынан шыққан көздің жауын алатын түрлі кемелер талайды тамсандырмай қоймайды.

Бүгінгі күні шебердің қоржынында кеме, ұшақ және басқа да бұйымдар бар. Бақытжан бұл мекемеге 2017 жылы жазасын өтеуге келді. Ерекше өнер иесін бұл кәсіпке қалай келгендігін сұрап білдік.

«Мен бұл мекемеге түскен жылы алдымен кірпіш зауытында жұмыс істедім. Жұмысы ауыр. Дегенмен, темір торда телміріп жата бергенше, күн ұзаққа бір іспен айналысып, оның үстіне тиісті жалақымды алып отырайын дедім. Бала күннен кеменің капитаны болуды армандаушы едім. Сол арманымды шағын кеме жасау арқылы жүзеге асырғандаймын. Бір күндері ағаш цехында жұмыс істеп жатқан жігіттердің ісіне қарап, қатты қызықтым. Негізі, қолөнермен айналысу адамға ерекше әсер сыйлайды. Әр қолдан шыққан дүниені бар ынтаңмен беріліп жасап, нәтижесінде жұрт қызығарлықтай керемет бұйым шықса, еңбегіңнің жемісін жегендей боласың», – дейді сотталған азамат.

«Жет рет өлшеп, бір рет кес» демекші, Бақытжан кемені жасауға кететін материалдар мен жұмыс барысын жіті түсіндіріп берді. Алдымен қағазға макетін салып алады екен. Кейін оның каркасын дайындау үшін тиісті ағаш дайындап алу қажет.

«Кеме жасауға көктерек ағашын таңдап алған дұрыс. Өйткені ол иілгіш, кеме жасау үшін таптырмайтын ағаш, – дейді Бақытжан өндіріс орындарында жатқан әр ағашты көрсетіп тұрып.

«Бұл жұмыс аса сабырлықпен төзімділікті қажет етеді. Бір кеме жасау үшін шамамен он күн мен бір айдың арасындағы уақыт кетеді. Яғни, шағын кемені 7-10 күнде, ал үлкен кемені жасау үшін бір ай уақыт кетуі мүмкін. Онда да қолыңда қажетті материалдар болса, – дейді жазасын өтеуші кезекті кеме жасап отырып.

Бақытжан Есенбаевтың жұмысына қарап отырып, оның өз жұмысын аса сүйіспеншілікпен жасайтынын байқадық. Қолына алған әр ағашқа мұқият зер салып қарап шыққан шебер кемеге таңдап алған ағаштарын арнайы құралдарымен тазартуды бастап кетті. Оның наждакпен ысқылап тегістеп шықан соң, керек өлшем бойынша кесіп, бір- біріне жапсырып шықты. Тіпті, кеменің желкенін таңдауға да аса бір ерекшелікпен мән береді екен. Желкенді көбіне кеменің түсіне қарап, таңдап алатын көрінеді. Бірнеше бөлшегі мен өте көп құрамнан тұратын кемені жасап жатқан Бақытжанның қолы қолына жұқпайды. Біресе сызып, өлшем бірліктерін салыстырса, енді бірде оны кесіп, бір- біріне түйістіріп көріп жатады. Бір қызығы, кеме жасау үшін ешқандай шеге мен бұранданың қажеті жоқ екен. Кемеге қажетті бөшкелер мен зеңбірек те шынайы. Иә, шебердің туындысы тамсандырмай қоймайды.

Алдағы уақытта түрлі күрделі кеме құрастыруға бел буған Бақытжанның қолынан бүгінде 40-қа жуық су көлігінің макеті дайындалыпты. Шеберлік пен табандылықты талап ететін бұл кәсіпті нәсіп еткен жазасын өтеушінің жеке өмірін де сұрап білдік.

Бақытжан Есенбаев Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Ата-анасының біреудің ала жібін аттама деп өсірген тәлім-тәрбиесіне құлақ аспағанына қазір қатты өкінеді екен. Бостандықта жүргенде жеке шаруа қожалығын басқарып, кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкер бұл іске не үшін барғанын күні бүгінге дейін өзі де толық түсінбейтін көрінеді.

Жұбайы қайтыс болғаннан кейін жалғыз қызымен және қарт анасымен қалған Бақытжан жан күйзелісін бастан өткерген тәрізді. Әйтпесе ақылшы анасы бар, қыр гүліндей құлпырған қызы мен шағын кәсібі бар азаматқа есірткі сатып не болды? Он жылды арқалаған жігіттің ендігі арманы – аман-есен қызы мен қарт анасына қамқор болып, ел қатарлы өмір сүру.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: