Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сүйегімді соттайсыңдар»: Қамауға алынған Әмір Қасенов аштық жариялады

16.06.2026, 15:45 85

Алматыда сот «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасын үйқамақтан қамауда ұстауға өзгертті. Журналист бұған наразылық ретінде нәр татпай, су да ішпей аштық жариялайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz Toikenmedia-ға сілтеме жасап.

Шешім 15 маусым күні Алматының Алмалы аудандық сотында ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов пен басылымның бас директоры Әсет Матаевқа қатысты қылмыстық істі қарау барысында шығарылды. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы судьядан Қасеновты үйқамақтан тергеу абақтысына ауыстыруды сұрады. Бұл процестік әрекетті қолдануға сотталушының үйқамақ шарттарын өрескел бұзуы негіз болды. 

Айыптау тарапының мәліметінше, Қасеновке бұдан бұрын үйқамақ кезінде әлеуметтік желілерді, интернетті пайдалануға, хат-хабар жіберуге, кез келген байланыс құралдары арқылы сөйлесуге тыйым салынған. Алайда журналист бұл талаптарды бұзған. Атап айтқанда, А. Қасенов 2026 жылғы 2 маусымда «ҚазТАГ» парақшасында қылмыстық іске қатысты өзінің жеке бейнеүндеуін жариялады. Ал сот процесі өтетін күні, яғни 15 маусымда ол дәл сол парақшада іске байланысты тағы бір жаңа бейнеүндеу таратты.

Қамауға алынар алдында сот залында сөз алған журналист өз ұстанымын қатаң білдірді. «Мен әрқашан заңға сенетінмін және оны қатаң ұстанатынмын. Бірақ мені заңсыз соттауға, тірідей соттауға жол бермеймін. Бұл сот емес, бұл – озбырлық. Осы сәттен бастап мен толықтай аштық жариялаймын. Бұл бопсалау емес. Бұл – осындай әділетсіздікке деген менің ең соңғы уәжім», – деді Қасенов.

Қылмыстық істің тарихына келсек, ҚазТАГ агенттігінің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал қаржы компаниясы аталған материалдар шындыққа жанаспайды деп санайды. Осыдан кейін бас директор Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасеновке Қылмыстық кодекстің 274-бабы, яғни «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылды. 

Редакция тарапы бұл істі журналистік қызметке жасалған қысым деп бағалап келеді. ҚазТАГ өз материалдарында жалған ақпарат жоқ екенін мәлімдеп, мақалалардың журналистерге жүгінген азаматтардың арыздарына негізделгенін айтады. Сондай-ақ редакция жарияланым алдында компанияға ресми сауал жолдағанын, бірақ жауап ала алмағанын атап өтеді.

Айта кетейік, журналист бұған дейін 6 айдан астам уақыт үйқамақта отырған еді. Сот ісі әлі жалғасуда.

Ulysmedia.kz коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: