Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сотталғандар Абайдың портретін салды

11.08.2020, 9:20 589

HALYQLINE.KZ Бойға біткен қабілет тасты жарып шығатын қына секілді, қай жерде болмасын өз өрнегін көрсетеді. Темір торда телміріп күндері өтіп жатқан күдіктілер мен сотталғандар арасында шығармашылықпен айналысқан өнерлі азаматтар да бар. Солардың бірі – ЗК-169/1 мекемесінің шаруашылық бөліміне қалдырылған Мақсат есімді сотталған азамат.

Киелі Түркістан жерінің тумасы Мақсат мектепте оқып жүргенде-ақ, сурет үйірмесіне қатысып, шығармашылықпен айналысқанды жақсы көретін. Мектептегі сурет пәнінің мұғалімі Мақсаттың қабілетін байқап, сурет өнерінің қыр-сырын меңгертіпті. Икемі бар, зейінді бала, қылқалам өнеріне тез төселіп, ұстазының еңбегін ақтап, жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Жаңылыспен жаза басып, құқық бұзған темір торда отырып та, сол сүйікті өнерін тастамады. Мекеменің арнайы контигент арасында әлеуметтік- психологиялық тәрбие жұмысы бөлімі ұйымдастыратын әртүрлі іс- шараларға қатысып, қабілетін көрсетіп жүр.

10 тамыз – Абай күні мерекесіне орай Мақсат ұлы ақынның портретін салды. Арнайы контигент арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, әділет аға лейтенанты Ардақ Тұрманов сотталғандарға дана Абайдың ғұламалығын дәріптеді. Мекеменің босаңсу бөлмесінде келген шаруашылық бөліміндегі сотталғандар өздерін еркін сезініп, қолға қалам алып, қиялға қанат бітірді. Бірі тек қара қарындашты пайдаланып отырып, ал Мақсат түрлі-түсті бояулармен ақын портретін салып шықты. Осылайша, жабық мекемедегі жабырқаулы жандар Абай бейнесін бейнелеп, бір сәтке болса да өнерін көрсетіп, эстетикалық тамаша сезімге бөленіп, жаны жадырады.

«Сотталғандармен өткізілген мәдени іс-шаралар олардың өз-өзіне деген сенімділігін арттырып, адамгершілік, ұлтжандылық қасиеттерінің артуына игі ықпалын тигізеді», – дейді әділет аға лейтенанты А.Тұрманов.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: