Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сот жүйесіндегі ақпараттық технологиялардың тиімділігі

22.04.2020, 23:34 1552

HALYQLINE.KZ –| Мемлекеттік қызмет саласына ақпараттық технологияларды енгізудің нәтижесінде тұрғындардың мемлекеттік қызметке қолжетімділігі арта түсті. Ал, сот саласына ақпараттық технологияларды енгізу сот жариялылығын, ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етті. 

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты ақпараттық сервистерді дайындау барысында азаматтардың мүддесін ескере отырып, электронды технологиялардың халыққа қолайлы, ыңғайлы және қолжетімді болуына басымдық берді.

Сот жүйесіне заманауи технологияларды енгізу сот ісін жүргізуді біршама жеңілдетті. ІТ-технологияларды кеңінен пайдалану, ақпараттық жүйелерді біріктіру, ақпараттық технологияларды қолдану сот жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге септігін тигізді.

Бүгінде сотқа ақпараттық технологиялар арқылы талап-арыздар мен шағымдарды беру, құжаттардың көшірмелерін алу және іс материалдарымен танысу мүмкіндігін көздейтін электрондық сот төрелігі кеңінен қолданысқа ие екендігі баршаға белгілі. Сот жүйесін ақпараттандыру бағытындағы жаңашылдықтар құжаттарды қабылдаудан бастап, шешімдерді, атқарушылық парақтарды, үзінді көшірмені берумен аяқтай отырып, сот төрелігін іске асырудың барлық кезеңдерін қамтиды.

Бүгінде сот саласында процеске қатысушыларды SMS-хабарлама және электронды почта арқылы хабарландыру жүйесі, «Сот құжаттарымен танысу», «Сот істерін қарау кестелері», «Сот кабинеті», «Сотқа шақыру қағаздары» сервистері белсенді қызмет етеді.

Қазіргі уақытта еліміздегі төтенше жағдай режиміне байланысты, сот жүйесі толықтай онлайн жұмыс режиміне көшті. Барлық талап арыздар, істер тек электронды түрде қабылданады. Қазіргі жағдайда сотқа жүгіну аса қажет болған жағдайда, «Сот кабинеті» сервисі өте тиімді екенін атап өткен жөн. Аталған сервиске тіркелу үшін алдымен электрондық цифрлық қолтаңба болуы қажет. Оған тіркелген әрбір тұлға электронды құжаттарды беру жүйесін пайдаланушы болып саналады. Жеке және заңды тұлғалар өздеріне қолайлы, кез келген уақытта үйден шықпай-ақ, онлайн режимінде «Сот кабинеті» сервисіне электронды түрде талап арызын, шағым және сұранысын беріп, олардың орындалу барысын қадағалай алады. Сот отырыстары мобильді қосымшаларының көмегімен қашықтан қаралуда.

Байқоңыр қалалық соты еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасап, құқықтарын онлайн режимінде қорғауға баса көңіл бөлуде. Өндірістегі істер «TrueConf», «WhatsApp» мобильді қосымшаларының көмегімен қаралуда.

«TrueConf» мобильді қосымшасын қолдану тәсілі өте қарапайым. Ол үшін «Playmarket» бағдарламасы арқылы аталған қосымшаны смартфонға жүктеп, сот отырысына қосылу үшін сот отырысының хатшысы берген сервер нөмірі, логин мен пароль болса жеткілікті.

Ал, «WhatsApp» мобильді қосымша халық арасында кеңінен қолданысқа ие болып табылатындықтан, сот отырыстарын қашықтан кедергісіз өткізуге септігін тигізуде.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері Байқоңыр қалалық соты барлық істерді онлайн режимінде қарап, сот отырысына қатысушылардың, сот қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берді. Негізгі мақсат – төтенше жағдай режимі кезінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, сот жүйесінің қолжетімді болуын қамтамасыз ету және заманауи технологияларды кеңінен пайдалана отырып, қауіпсіз жағдай жасауға атсалысу.

Қорыта айтқанда, сот жүйесіне ақпараттық технологияларды енгізу қазіргі уақытта өзінің тиімділігін көрсетуде. Азаматтардың уақыты үнемделіп, сот қызметіне қолжетімділік еселене түсті. Бұл адамдардың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Телжан  Жүсіпов,

Байқоңыр  қалалық  сотының  төрағасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: