Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелідегі қыз өліміне қатысты полиция қылмыстық іс қозғады

05.06.2026, 18:46 113

Қызылорда облысы Шиелі ауданында қыз баланың мәйіті каналдағы шлюзден табылды, деп жазады halyqline.kz.

Әлеуметтік желіде бұл оқиғаға қатысты түрлі ақпарат тарады. Facebook желісінде «Қазақтың Аружаны» деген никнейммен жазба қалдырған Шиелінің тумасы оқиғаға байланысты алаңдаушылық білдіріп, құзырлы органдардың жұмысына қатысты өткір сын айтқан. Желі қолданушысының жазбасында қыз баланың зорлық-зомбылыққа ұшырағаны, денесінің байлаулы күйде табылғаны және осы іске қатысты басқа да ауыр мәліметтер келтірілген.
Алайда Қызылорда облыстық Полиция департаменті мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тарап жатқан мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Полицияның ресми дерегінше, 3 маусым күні кешкі уақытта Шиелі ауданындағы ауыл тұрғындарының бірі каналдағы шлюзден қыз баланың мәйіті табылғанын хабарлаған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барған. Қыз баланың жеке басы анықталған.

Аталған дерек бойынша адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды.

Алдын ала мәліметке сәйкес, туыстарының айтуынша, қыз бала 2 маусым күні кешке үйінен шығып кетіп, содан кейін қайта оралмаған.
Қазіргі уақытта қылмысты ашу және күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылған. Оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Полиция департаменті тергеу мүддесіне байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейтінін хабарлады.
– Мессенджерлер арқылы таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Полиция азаматтарды жалған ақпарат таратпауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамада көзделген жауапкершілік бар екенін ескертеді, – делінген Қызылорда облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.

Аталған қылмыстық істі тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: