Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Рим қаласынан «Аналар аллеясына» дейін: ТАҒЫЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ТОҚТАТАМЫЗ?

22.10.2020, 12:30 1073

Қаланың сыртқы келбеті – жергілікті тұрғындардың мәдени, рухани бейнесі. Дегенмен, өңіріміздің қазіргі келбетіне қарап, бұл түсінікті жоққа шығарғың келіп тұрады. Өкініштісі, ойнап жүріп ойына келгенді жасайтын бұзақыларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр. Шынында, алты Алаштың ардақтылары жиналған­ Сыр елінде вандалдық әрекеттер белең алып барады. Көгергенді қиратып,­ сырланғанды сындыруға құмар қаскөйлерді уақытысында ұстап, жазалау­ да мүмкін болмай тұр екен. Қала әкімдігінде өткен брифингте қала әкімінің орынбас­ары Асқарбек Есжанов осылай деді.

– 2020 жылдың 9 айында 42 дана түнгі жарық шамдарына зақым келген. Бүгінде қала әкімдігі тарапынан тиісті шаралар қолданылып жатыр. Қазіргі таңда бұл біздің қаламыздың бюджетіне үлкен шығын келтіруде. Жарық шамдардан бөлек көптеген вандалдық әрекет деректері болып жатыр. Тиісінше, қала әкімдігі тез арада бұзылғанды қайта жөндеп, барлығын орнына келтіруде. Дегенмен, жоғарыда айтқандай бұның барлығы қала бюджетінен жасалып отыр. Бір сөзбен айтқанда, жоғымызды бүтіндеп, жыртығымызды жамайтын қаражатты бұзақылардың бүлдіріп-сындырғанына жұмсап отырмыз. Осы кезге дейін ескерткіштерді, түнгі жарық шамдарды, гүлзарлар мен аллеяларды сындыру деректері көп кездесті. Біздің жағамызды ұстатқа­н жағдай – қаламыздағы аналар аллеясының қиратылуы. Қазіргі таңда бұл жағдай зерттеліп жатыр,– деді қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.

Расында, «Аналар аллеясында» бейберкетсіздік болған. Мұндай әрекеттер көбіне жастардың қатысуымен жасалатыны белгілі. Демек, жастар әлі де болса, ой өрісі, сезім тереңдігі, ар-ұят жақтарын біраз сүргілеуді кажет ететін сияқты. Аналарымыздың құрметіне салынған аллеяның аяқ асты болуын басқаша қалай түсінеміз? Заңсыздықтың алдын алуға арналып қойылған бейнебақылау камералары да «вандалдардың» алдында шарасыз көрінеді. Қала айналасы толған камера­ болса да, бұзақылар оған түспейді екен. Бұл туралы брифингте әкім орынбасарының өзі мәлімдеді. Заңсыздықты тоқтату үшін түнгі рейдтер де жүргізіліп келеді. Сонда да олардың тағылық әрекеттері азаймай тұр. Бүгінгі таңда вандалдық әрекет­тердің әсерінен қала бюджетіне 48 миллион теңгеге жуық шығын келіп отыр.

Жалпы, қала сәулетіне зиян келтірушілердің бір бөлігі – жүргізушілер. Себебі, жол-көлік апатынан бағдаршам, жарық бағаналарына көп зақым келуде. Жоғарыд­а атап өткен 42 түнгі жарық шамдарынан 12 миллион 670 мың теңге шығын келген. Қазіргі таңда 29 бағана бойынша келтірілген шығындардың 8 миллион 754 мың теңгесі өндірілді. қалған 20 бағананың ісі сотта қаралуда. Ал, 9 соғылған бағана­ деректері бойынша жалпы құны 2 миллион 730 мың теңгені өндіруші азаматтар айыппұлдан жалтарып жүр. Әкімдік осы жағдайға құзырлы органдардың көңіл бөлуін  сұрайды.

Негізінен, «вандал» термині ерте замандағы вандал тайпасының Рим қаласын қиратып кеткенінен кейін пайда болған. Тарихи құндылықтарды сыйламай, вандал­дықтар алдында кездескеннің барлығын жайпаған болуы керек. Содан бері, қала құндылықтарын қадірлемейтіндерді де осылай атау үрдісі басталған екен. Қызығы сол, «вандал» терминінің қазақ тілінде баламасы да жоқ. Бұдан байқайты­нымыз, «вандалдық» әрекеттер қазақ халқының бойында болмаған. Табиғатынан көркемдікті, сұлулықты сүйген бабаларымыз әрқашанда туған жердің ажарын сыйлап өткен. Дегенмен, уақыт өте «вандализм» сырттан келген сергелдеңдей, біздің басымызға да «бәле» болып алды. Уақыт өте жағдайды ушықтырып алмас үшін қала сәулетіне зиян келтірушілермен жұдырықтай жұмылып, бірге күресуіміз қажет. Осындайда Ахмет Байтұрсынұлының «Жұрт жұмысы – құмырсқаның илеуінд­егі жұмысқа ұқсайды: құмырсқаша жабыла тынбай істесе өнеді» деген сөзі ойға келеді. Шынында, «вандализмге» қарсы ұлт болып күресу қажет.

Қала тұрғындарының шаһар көркіне көңілдері толмайтынын да көріп жүрміз. «Ай мен күндей – әмбеге бірдей» ғимараттардың арасында өмір сүргілері келеді. Дегенмен, қаланың бүгінгі келбеті осындай. Барды бағаламай, жоқтың қуғыншысы болып жүрміз.

Қатерлі жерде қаперсіз отырғанымыздың соңы неге апарары белгісіз…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: