Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық полицейлер тал екті: табиғатқа деген жанашырлықтың жарқын үлгісі

02.05.2026, 18:20 37

HALYQLINE.KZ

Сыр елінің бас шаһарында жаңғыртудан өткен Президент саябағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тәртіп сақшыларының ұйымдастыруымен кең ауқымды экологиялық іс-шара өтті, деп жазады Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Іс-шараға департамент басшылығы, Ардагерлер кеңесі және жеке құрам қатысты. Қатысушылар белгіленген дресс-кодқа сәйкес ақ түсті кепка, «Таза Қазақстан» логотипі бар ақ футболка және көк түсті шалбармен келді.

Таңғы салқынмен тәртіп сақшылары бұл күні өздерінің әдеттегі қызметінен бөлек қырынан көрінді. Облыстың бас полицейі өзі бастап тал екті. Қызметкерлердің бірі күрек алса, енді бірі шелекпен су тасыды. Әрбір егілген тал қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған маңызды қадам болды.

Аталмыш акция Мемлекет басшысының қолдауымен республика көлемінде жүзеге асырылуда. Бұл бастама елімізде қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға және табиғатты аялауға бағытталған.

Қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл игі бастама арқылы полиция қызметкерлері болашақ ұрпақтың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, қоршаған ортаның жақсаруына өз үлестерін қосты.

Бүгін егілген әрбір көшет – ертеңгі күннің саялы бағы, болашақ ұрпаққа қалдырылған құнды мұра.

Сонымен қатар акция аясында полиция қызметкерлері ардагер қариялардың үйлеріне арнайы барып, оларға көмек көрсетті. Үй аулаларын тазалап, көптен бері жиналып қалған қоқыстарды шығарып, айналаны ретке келтірді. Өз кезегінде ардагерлер тәртіп сақшыларына алғыстарын айтып, аталық ақ тілектері мен баталарын беріп шығарып салды.

Бұл бастама үлкенге құрмет көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың жарқын үлгісі болды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы – еліміздің табиғатын қорғау, қоршаған ортаны жақсарту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды бастамалардың бірі. Бұл акция тек сенбілік немесе ағаш отырғызумен шектелмейді, ол – әр азаматтың туған жерге деген жанашырлығын, жауапкершілігін көрсететін игі іс.

Бүгінгі отырғызылатын ағаштар – болашақ ұрпаққа қалатын жасыл мұра. Әр отырғызылған тал – еліміздің экологиялық қауіпсіздігіне қосылған үлес»,- деп атап өтті Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов.

Полицейлердің бұл іске қатысуы олардың тек тәртіп сақшысы ғана емес, қоғамға жанашыр азамат екенін де көрсетті. Олар табиғатты қорғау әр адамның ортақ міндеті екенін іс жүзінде дәлелдеді. Осылайша қарапайым тал егу жұмысы үлкен тәрбиелік мәні бар, елге үлгі болатын игі іске айналды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: