Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада көрінеу жалған ақпарат таратылуының 2 фактісі анықталды

20.03.2020, 12:18 570

Төтенше жағдай режимі жарияланған кезеңде қылмыс пен құқықбұзушылыққа жол бермеу жөнінде құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен тиісті түсіндірме жүргізілгеніне қарамастан жалған ақпарат тарату деректері орын алуда.

Атап айтқанда, Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданында «COVID-19» диагнозымен емделіп жатқан тұлғалар бар екендігі туралы шындыққа жанаспайтын, көрінеу жалған ақпараттардың «Whats-app» мессенджері арқылы таратылуының 2 фактісі анықталды.

Бұл деректер бойынша полиция органдарымен ҚК-тің 274-бабы 4-бөлігінің 2)-тармағымен (төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату) сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды.  

Облыстық денсаулық сақтау Департаментінің соңғы мәліметіне сәйкес облысымызда «COVID-19» диагнозымен науқастану жағдайы тіркелмеген. Күдік келтіріліп, карантинге жатқызылған тұлғаларда бұл диагноз расталмаған.  

Қадағалау органы қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген қылмыстық әрекет болып табылатындығын тағы да түсіндіреді.

Көрінеу жалған ақпарат дегеніміз – толығымен ойдан құрастырылған не шынайы деректерді елеулі өзгеріске ұшыратып жасалған, белгілі бір процесс туралы жалған пікір қалыптастыруға бағытталған, ресми көздермен расталмаған ақпарат.

Мұндай әрекет төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалатын болса, ол ауырлатушы мән-жай ретінде қарастырылып, ауыр қылмыс ретінде сараланады.

Аталған қылмысты жасаған тұлғаларға үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Қызылорда облысының прокуратурасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: