Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада бөтен мүлік ұрлығының тіркелуі азайды

11.08.2020, 10:30 511

HALYQLINE.KZ  «Қылмыстардың ішінде бөтен мүлікті ұрлау – ең кең таралған қылмыстық әрекет. Мемлекет басшысының ұрлық қылмыстарының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жандандыру жайлы тапсырмасына сәйкес, Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған Бағдарламаны іске асыру мақсатында мүдделі органдармен кешенді ұйымдастырушылық іс-шараларды жүргізудің нәтижесінде ағымдағы жылдың 7 айында облыс бойынша бөтен мүлік ұрлығының тіркелуі 58,5 пайызға (2180-нен 904-ке) төмендеді», – дейді Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Серік Шалхаров.

Бөтен мүлік ұрлықтарының ішінде пәтер ұрлығы 63,3 пайызға (433-тен 159-ға), мал ұрлығы 37,4 пайызға (230-дан 144-ке), ұялы телефон ұрлығы 59,4 пайызға (409-дан 166-ға), қалта ұрлығы 37,3 пайызға (59-дан 37-ге), автокөлік айдап кету 30-дан 13-ке төмендеген.

Ұрлықтардың алдын алу, ескерту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, пәтерлерді дабыл сигнализациясымен жарақтау, мал ұстайтын орындарда автономды сигнализация және техникалық құралдармен жабдықтау шараларын жүргізу ұсынылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ұрлықтардың алдын алу, ашу мақсатында департамент қызметкерлері жергілікті әкімдіктер және ветеринариялық қызметкерлермен бірлесіп жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізуде.

Тіркелген пәтер ұрлығы қылмысының 71,7% облыс орталығында болған. Пәтер ұрлықтарына жасалған талдау барысында, 20 дерегі сыртқы есіктердің кілтін іріктеу арқылы, 85 дерегі терезелерді күштеп итеріп ашу, 18 дерегі есіктерін бұзу арқылы, 36 дерегі сыртқы есіктің ашық қалу және тағы да басқа жолдармен кіру арқылы жасалған.

Пәтер ұрлықтарының басым бөлігі қала орталығында жасалуына байланысты, аталған қылмыстарды жасауға бейім адамдар мен бұрын шартты түрде сотты болғандардың тізімдері жасалып, оларға қатысты жедел бақылау орнатылып, тексерілуде. Сондай-ақ, пәтерлерін дабыл қондырғыларымен жарақтау туралы халық арасында жеке күзет құрылымдарымен бірге тұрғындарға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихат іс-шаралары жүргізілуде.

Қалта ұрлықтарының алдын алу бойынша жүргізілген жедел-профилактикалық жұмыстар нәтижесінде 2020 жылдың 7 айында қалта ұрлығының тіркелуі 59-дан 37-ге төмендеді.

Қалта ұрлықтарының басым бөлігі қала орталығында яғни, сауда орындарында, қоғамдық көліктер және басқа да адамдар көп шоғырланған орындарда жасалған. Атап айтқанда, 17 дерегі базарлар мен сауда орындарында, 14 дерегі қоғамдық көліктерде болған болса, қалған 6 дерегі өзге де жерлерде жүзеге асқан.

Қоғамдық автокөліктерде жасалатын қалта ұрлықтарының алдын алу мақсатында Жергілікті полиция қызметі және жедел қызмет салалары қызметкерлерінен мобильдік топтар құрылып, қоғамдық көліктерде азаматтарды шамадан тыс тасымалдап, жолда жүру ережесін бұзғандары үшін көлік жүргізушілеріне заңда белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қолданылуда.

Қалта ұрлықтарымен қатар ұялы байланыс құралдарын ұрлау деректері де кездесуде. Яғни, қалта ұрлығы, пәтер немесе басқа да ұрлық қылмыстарын жасау барысында ұялы байланыс құралдары қоса ұрланып жатады.

Жыл басынан тіркелген 904 ұрлық қылмысының 166-ы ұялы телефон ұрлығы (2019ж.-409), былтырғы жылмен салыстырғанда 59,4% төмендеген.

Бүгінгі таңда еліміздің барлық аумағында кең етек алып отырған мал ұрлығы қылмыстарының тіркелуі былтырғы жылмен салыстырғанда 37,4 пайызға яғни 230-дан 144-ке төмендеді. Дегенмен, мал ұрлықтарының жасалуы әлі де азаймай отыр.

Облыс бойынша мал ұрлығымен айналысқан жалпы 67 адамнан, оның ішінде 13 қылмыстық топ құрықталып, сол топтармен жасалған 43 эпизод құрайтын қылмыстары әшкереленді.

Мысалы, Қызылорда ҚПБ мал ұрлығын жасағаны үшін 4 адамнан құралған 1 топ ұсталып, 9 ауыр санаттағы эпизодтық мал ұрлығын жасағандығы анықталды.

Мал ұрлығының өсім алуының бірден-бір себебі азаматтардың малдың жоғалғаны туралы кеш хабарлауы болуда.

Мал иелері өздерінің малдарын жоғалғанын байқаса да полицияға хабарын бермей, көмегіне жүгінбей өз бетінше іздейді, қылмыс орын алған сәттен арада біраз уақыт өтіп, ұрланған мал мен оған қатысты тұлғаларды іздестіруді жеңілдететін маңызды айғақтар мен іздер жоғалып кетеді.

2020 жылдың 7 айында мал ұрлықтарымен ұсталған қылмыскерлер тергеу және сот процесі барысында жәбірленушіге мал құнын өтеп, нәтижесінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, оларға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмай, босатылады. Оған дәлел, есепті мерзімде жәбірленушімен татуласуына байланысты 13 дерек өндірістен тоқтатылған. Сондай-ақ, мал ұрлығымен тіркеліп, кейін малдары далалық жерде табылып, иелеріне қайтарылған деректер де жиі кездеседі.

Облыстық Ветеринарлық инспекциясымен бірлесіп жұмыс атқару туралы Меморандум негізінде тиісті ілеспе құжаттарсыз мал тасымалдау деректерін анықтау және жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, мал иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары қолға алынған. Рейдтік іс-шаралар барысында, ілеспе хатсыз мал тасымалдаған 52 автокөлік және ет өнімдерін тасымалдаған 3 автокөлік анықталған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: