Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құқықтық мәдениетіміз осал

29.04.2026, 10:05 83

Жуырда бір жиында болып, онда білім ошақтарындағы «Сталкинг», «Буллинг», «Кибербуллинг» деген ұғымдардың қасіретін ұғындық. Бұл ұғымдардың астарына үңілсеңіз қаншама зардап шеккен тағдырларды ұғасыз. Сондықтан қоғамдағы осы шетін мәселені балаларымызға түсіндіріп, оның артында адам тағдыры мен темір тор тұрғанын түсіндіруіміз керек.

Мәселенің төркіні тереңде. Біздің басты қателігіміз құқықтық сауатты тек заңгерлердің шаруасы деп қарауымыз. Ал шындығында құқықтық тәрбие ананың сүтімен, әкенің үлгісімен берілетін ең басты иммунитет екенін білгеніміз абзал.

Буллинг пен Сталкерлік: «Балалық» емес, Қылмыс!

Бұрын балалардың өзара ерегісін жылы жауып қоя салатын едік. Бүгіндері ондай жалпақшешейлік кетті, заң үстемдігі орнаған мемлекетте құқықтық негізде жауап беретін қылмыстың біріне айналды.

Сталкинг (із кесу) — адамның жеке өміріне қол сұғып, оның ізінен қалмай, психологиялық қысым көрсету. Буллинг — ортадан шеттету мен кемсіту. Кибербуллинг — цифрлық дәуірдің «жендеті».

Ата-аналар назарына. Балаңыз буллинг пен сталкерліктен аулақ болсын. Егер біреудің суретін рұқсатсыз жариялап немесе желіде келемеждесе бұл жай ғана «тентектік» емес, бұл біреудің тағдырын талқандау және заң алдындағы жауапкершілік болып есептеледі.

14 жас пен Құқықтық жауапкершіліктің шекарасы

Қазақстан заңнамасы бойынша, 14 жасқа толған жасөспірім бірқатар ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Біз баламызға 14 жасқа толғанда тек жеке куәлік алуды емес, Жеке Жауапкершілікті арқалауды үйретуіміз қажет.

Сондықтан құқықтық сауатты 14 жастан бастап емес, бесіктен бастап қалыптастырып, осы жаста нақты заң нормаларын санасына құю керек. Бала заңды «қорқыныш» деп емес, «қорған» деп түсінуі тиіс.

147-бап: Әр ата-ана мен бала білуі тиіс

ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы (Жеке өмірдің қолсұғылмаушылығын бұзу) бүгінгі күннің ең өзекті тармағы. Бұл бапты әрбір мектептің кіреберісіне, әрбір үйдің төріне іліп қойса да артық емес.

Адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын мәліметтерді оның келісімінсіз жинау, тарату немесе жариялау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Егер балаңыз біреудің жеке суретін рұқсатсыз «чатқа» тастаса, біреудің жеке өмірі туралы ақпаратты таратса ол 147-бап бойынша істі болуы мүмкін. Бұл баланың болашағына түскен қара таңба. Ата-ана ретінде балаңызға «біреудің телефонына үңілу қылмыс, біреудің құпиясын жариялау заң бұзушылық» екенін қатал ескертуіңіз міндет.

Құқықтық қоғамды құрамыз десек, менен 3 ұсыныс

1. «Сандық гигиена» сабағы

Тек Сыр өңірінде ғана емес, республика бойынша мектептерде киберқылмыс пен 147-баптың зардаптары туралы ашық сағаттар емес, заңгерлердің қатысуымен нақты кейс-тренингтер өткізілуі керек.

2. Ата-ана жауапкершілігі

Баласы буллинг жасаған ата-анаға тек айыппұл салып қоймай, оларды құқықтық қайта даярлау курстарынан өткізуді міндеттеу қажет. Баланың тәртібі ата-ана сауатының айнасы.

3. Мектептегі «Медиация»

Кез келген дау-дамайды заң шеңберінде шешуді үйрететін мектеп соттары немесе медиация орталықтарын белсендіру қажет.

Біз «баламыз қатардан қалмасын» деп ең қымбат телефонды алып береміз, бірақ сол телефонның ішіндегі әлемде өзін қалай аман алып қалуды үйретпейміз.

Нұрбек Дәуренбеков,

Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: