Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда қолды болған қаражат

30.07.2020, 10:55 781

Ел ішінде біршама уақыт бұрын «Қазпошта» АҚ Қызыл­орда облыстық филиалы Қазалы аудандық пошта байланыс торабының Бекарыстан би ауылдық пошта байланыс бөлім­шесіне ұры түсіп, ақша ұрланғаны, суық қолдылардың ұсталмағаны туралы сөз желдей есті.

«Құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидатымен мәселенің анық-қанығын білмек оймен БАҚ туралы заңға сүйене отырып, құзырлы орындарға хат жолдадық. Көп ұзамай­ жолдаған хатымызға «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директоры А.Әбибуллаева қол қойған (17.07.2020 ж № 01-05/ 531) жауап хат алдық.

Онда «2020 жылдың ақпан айының 07-сінен 08-іне қараған­ түні белгісіз тұлғалар «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы Қазалы аудандық пошта байланыс торабының Бекары­стан би ауылдық пошта байланыс бөлімшесінің (бұдан әрі – Қызылорда ОФ Қазалы АПБТ Бекарыстан би АПББ) терезесі арқылы пошта бөлімшесіне кіріп, бөлімшеде орналас­қан сейфтің есігін бұзу арқылы «Қазпошта» АҚ-ның 1 115 416 теңгесін ұрлап, оқиға болған жерден бой тасалап кеткен.

Бұдан бөлек, 2020 жылдың ақпан айының 07-сінен 08-іне қараған түні белгісіз тұлғалар Қызылорда ОФ Қазалы АПБТ Жанқожа батыр АПББ орналасқан ғимаратының дәліздегі терезесі­н сындыру арқылы ғимаратқа кіріп, ғимаратта орналасқан пошта бөлімшесінің есігінің құлпын бұзу арқылы бөлімшеге кіріп, бөлімшедегі сейфтің есігін бұзуға әрекет жасағ­ан, алайда белгісіз тұлғалар ойларын жүзеге асыра алмағандықтан оқиға болған жерден бой тасалап кеткен. Оқиға бол­ған жерлерге Қазалы аудандық полиция бөлімінің тергеу-оперативтік тобы (бұдан әрі – Қазалы АПБ) келіп қарау жүргізген.

08.02.2020 жылы ұрлық фактілері бойынша Қазалы АПБ ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. 07.03.2020 жылы Қазалы АПБ тергеп-тексеру барысында қылмы­стық құқықбұзушылық жасаған адамдар анықтал­мауына байланысты қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеп-тексер­у  мерзімдері  үзілген.

Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша өз міндет­теріне немқұрайлықпен қарағандары және ішкі нормативтік құжаттары­ның талаптарын бұзуға жол бергендері үшін тәр­тіптік шара ретінде Қазалы АПБТ бастығы Ж.М.Нурбаевқа және оның орынбасары А.Ж.Қуандыққа «сөгіс», Бекарыстан би АПББ бастығы Р.М.Тілеуқұловқа және Жанқожа батыр АПББ бастығы А.Нұрғалиге «қатаң сөгіс» жарияланған» деп жазылыпты.

Біздің білуімізше, Қазалы АПБТ бастығы Жайлаубай Нурбае­в («Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директо­рынан келген жауап хатта фамилиясы осылай жазылып­ты) – аталмыш салада тәжірибесі мол адам. Қазалы АПБТ бастығы лауазымын 2011 жылдан бері (жаңылсам, кешірім өтінемін) атқарады. Аз уақыт емес.

Осындайда білікті басшы басқарған АПБТ-да жоғарыдағы жауап хатта айтылғандай, «өз міндеттеріне немқұрайлықпен қарағандары және ішкі нормативтік құжаттарының талап­тарын бұзуға жол бергендері үшін» деген сөз құлаққа тосын естіледі екен. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ бол­майды. Дегенмен сала жұмысына қанық, тәжірибесі мол адамдар мұндайға қалайша жол берді екен деп тағы қынжыласың. Бірақ… Бекарыстан би және Жанқожа батыр АПББ болған оқиғаны ешкім жоққа шығара да алмайды.

Енді Қызылорда облысының полиция департаментінен келген (4.07.2020ж 1-4-3/4271) жауап хатқа да назар аударсақ. Аталмыш жауап хатта жоғарыда болған оқиғаның (07.02.2020ж) мән-жайы ұғынықты баяндалыпты. Сондай-ақ, төмендегі мына дерек­ те оқырманның көңілін елең еткізері анық.

Онда «2018 жылдың 10 желтоқсанында Бекарыстан би ауылы, Тілеубаев көшесі №18 «А» мекенжайда орналасқан «Казпочта» АҚ-ның Қазалы аудандық пошта байланыс торабын­да (редакцияға келген жауап хатта дәл осылай деп жазылғ­ан) орын алған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігінің 1, 3-тармақтарымен (ескі редакция) адамдар тобыны­ң алдын ала сөз байласуы арқылы қызметтік үй-жайға заңсыз­ кірумен жасалған ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасыры­н жымқыру) сотқа дейінгі  тергеп-тексерудің бірың­ғай тізіліміне №184344031000611 қылмыстық іс тіркеліп, тергеп­-тексеру нәтижесімен аталған оқиғада қылмыстық құқықбұзу­шылықтық құрамы болмауына байланысты ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы, 1-бөлігінің 2-тармағының талабына  сәйкес  өндірістен  тоқтатылып, қабылданған шешім Қазалы аудандық прокуратурасымен келісілгенін хабар­лай­мын» делінген. Демек, аталған Бекарыстан би ауылындағы пошта­ үйіне биылғы ақпан айынан бөлек, 2018 жылдың 10 желтоқсанында  да  ұры  түскен  болып тұр ғой…

Оған ешқандай таласымыз жоқ. Алайда біздің де санамызда­ сан сауал қылаң берді. Жоғарыдағы оқиғалардың барысына қарап, ұрылардың «Қазпошта» ғимараттарын торитынын аңғару қиынға соқпайды. Мұның себебі неде жатыр?! Мәселен, Жанқожа батыр ауылы Бекарыстан би ауылынан қашық орналасқан. Десе де, бір түнде екі ауылда да ұрлық жасалған. Абырой болғанда, батыр баба ауылында суық қолды сұғанақтар оңай олжаға кенелмепті. Сонда екі ұрлықтың бір-бірімен байланысы болғаны ма? Жарайды, жауапты тұлғаларға тәртіптік шара көрілді делік. Бірақ… оларға берілген «сөгіс», «қатаң сөгіс» келесі жолы ұрлықтың жасалмауына тосқауыл болса жақсы. Жоғарыда айтылғандай, «тергеп-тексеру барысында қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамдар анықталмауына байланысты қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілгені» ұрылардың өздерін ұсталмастай көріп, еркін сезінуін туындатпасына кім кепіл болады? Оған қоса миллион­даған тұрғыны бар алып қала емес, шағын ауылда қылмыстық құқық­бұзушылық жасаған адамдардың анықталмауы да көңілге кірбің ұялатады. Бәлкім, қолды болған қаражаттың орны толған да шығар.­ Әрине, адамның амандығына ешнәрсе жетпейтіні басы ашық жайт. Дегенмен халқымыздың «өзіңе-өзің бекем бол, көршіңді ұры тұтпа»  деген  даналық  лебі­зін ескеріп, өткеннен сабақ алсақ  екен.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер:
  • Құқықбұзушылық жасаған адамдар анықталмауына байланысты қылмыстық іс үзілді деген не сөз?! Сонда біздің із кесушілеріміз не бітірдік деп айлық алып жүр, түсінбедім. Бұл аудандық ішкі істер бөлімінде білікті мамандар жоқ, болмаса жалпы жұмыс жоқ дегенді білдірмей ма? Түк түсінсем бұйырмасын…

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: