Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өңірде қаржы пирамидаларының жолын кесу және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. Бұл туралы департамент басшысының орынбасары Руслан Нұрланұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, есептік кезеңде облыс аумағында 5 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Тергеу нәтижесінде жәбірленушілерге келтірілген жалпы залал көлемі 59 миллион теңгеден асқаны анықталды.
Сот үкімдерінің негізінде мемлекет кірісіне құны 5,6 миллион теңге болатын автокөлік пен 2,9 миллион теңгеден астам USDT криптоактивтері тәркіленген. Сонымен қатар қаржы пирамидасының белгілері анықталған 3500-ден астам интернет-ресурс бұғатталған.
Брифинг барысында қаржы пирамидаларын ұйымдастыру ғана емес, оларды жарнамалау да қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны ерекше атап өтілді. Осыған байланысты департамент өкілдері тұрғындарды күмәнді инвестициялық жобаларға қаржы салмас бұрын олардың заңдылығын мұқият тексеруге және қаржылық сауаттылықты арттыруға шақырды.
Мамандардың айтуынша, жоғары әрі қысқа мерзімде кепілдендірілген табыс уәде ететін ұсыныстарға сақтықпен қарау қажет. Егер қаржы пирамидасының белгілері байқалса немесе осындай заңсыз әрекеттер туралы ақпарат белгілі болса, азаматтарға бұл жөнінде уәкілетті органдарға дереу хабарлау ұсынылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!