Мамыр айының 25-і. Абылай бүгін қызы Еркеназдың 9-сыныпты бітіру салтанатына қатыспақшы. Өзінің балалық шағы есіне түсті, кезінде әке-шеше мұғалімге деген сыйластықты баласының бойына дарытып, мұғалім мақтаса мадақтап, жамандаса ұрысып беретін. Мұғалімнің айтқаны заң болатын. Себебі, мұғалім оқу мен жазуды, қоғамдық ортада өзіңді қалай ұстауды үйрететін. Өмірдегі алғашқы жетістіктеріміздің куәсі де солар. Ал, қазір ше… Оның ойын қызының дауысы бөлді.
– Әке, уақыт болды. Үлгермей қалармыз, шығайық…
– А-а-аһа… Кеттік…
Осы кезде оның ұялы телефоны шыр ете қалды.
– Иә… Полковник Абылай Қайсенов тыңдап тұр.
– Полковник мырза, сізді департамент бастығы шұғыл шақыртып жатыр.
– Түсінікті, қазір боламын!
Сәлден соң Еркеназ анасы Айшамен бірге мектепке, Абылай болса полиция департаментіне қарай бағыт алды.
Департамент бастығы, генерал Рахымжан Әбуов бұл кірісімен тез-тез сөйлей мән-жаймен таныстыра отырып, тапсырма берді.
– Осында бір мектепте мұғалім асылып өліпті. Сол жаққа барғандардың айтуынша, мұғалімге қысым жасалған сияқты. Оқушы дәптеріне «Мен шаршадым, мені қорғайтын ешкім жоқ. Әділетсіздіктен шаршадым, ата-аналардан да, оқушылардан да шаршадым» деп жазыпты дейді. Сол жерге тез жет… Іске кіріс… Сағат сайын маған не болып жатқанын баяндап тұр.
…Ол оқиға болған мектептің табалдырығынан аттағаннан-ақ мұндағы мұғалімдер мен қызметкерлердің өңдері қаша, кіреберіс фоэеде жиналып тұрғанын аңғарды. Кіріп келе жатқан бұған барлығы да үрпиісе қарайды. Сірә, мұны күтіп жүрсе керек, алдынан шыққан қалалық полиция басқармасының бастығы мен тергеушісі болған жайды баяндады. Абылай олардың «Істі департамент өздеріне алса жақсы болар еді, мына бір жұмыстан құтылатын» деген ойын сезді. Сосын сөзді созбұйдаға салмай қысқа қайырды.
– Іс – сіздердікі. Біріккен жедел тергеу тобы құрылады. Бұйрық дайындалуда. Ал, енді маған мәйіт жатқан жерді көрсетіңіздер. Мектеп басшылары кетіп қалмасын, криминалистер келді ме?
– Иә. Олар сол жерде. Мектеп басшылығына ескертілген.
– Мәйітті бірінші көрген кім? Асулы тұрған жерінен шешіп алушы кім?
– Мұғалімнің асылып тұрғанын бірінші көрген оқушылар. Олар шыңғырып жылап, сосын бірнеше мұғалім барып асулы тұрған жіпті қиып, денені жерге түсірген.
– Олардан жауап алынды ма?
– Алынды. Ештеңе білмейді. Оқушылардың шыңғырған дауысын есітіп жүгіріп келген. Олар келген кезде дене мұздап қалыпты. Сосын директорды шақырып, бізге хабарлаған. Сынып бөлмесіне біз келгенше ешкім кірмеген.
Безендіруінен бітіру салтанатына дайындық жүргені байқалатын мектептегі барлық мәдени іс-шара тоқтатылыпты, оқиға болған сынып ұзынша дәліз бойында, бұл бөлік шамамен алты-жеті сыныпқа арналған сынды, дәліз есігі алдында полиция қызметкері ол жаққа ешкімді өткізбей тұр екен. Осы кезде әдеміше киінген қырықтардағы әйел жақын келіп, өзін таныстырды.
– Мен мектеп директоры Шара Мақсатқызымын.
Ол бұларға ере жүріп, оқиға болған 3 «б» сыныбының есігін ашты. Сынып іші талапқа сай жабдықталыпты, көрнекіліктер, терезе алдындағы гүлдер бұл бөлмеге жауапты болған жанның талғамы жоғары, ұқыпты жан екенін көрсетеді. Он екі парта мен жиырма төрт орындық, мұғалім үстелі де тап-таза, тақтадан жоғары үлкен әріппен «Білімдіден шыққан сөз – талаптыға болсын кез» деп жазылыпты. Жоғарыдан интерактивті тақта орнатылған темірге байланып, салбырап тұрған жіп пен жыртылған дәптер парақтары және қисая құлаған мұғалім орындығы ғана сол ұқыптылыққа нұқсан келтіріп тұр.
Ал жерде ақ матамен жабылған мәйіт жатыр. Криминалистер жұмыс істеуде екен. Абылай алдыңғы партаға барып отырды да, мектеп директорының қолындағы папканы алып қарай бастады. Кадр есебі жөніндегі парақ пен дипломның, мақтау қағаздары мен сертификаттар, бұйрық көшірмелерін парақтап қарап шыққан ол фотодағы көзі мөлдіреген әдемі қыздың келбетіне асықпай қарады. Сосын барып орнынан тұрып, мәйітпен салыстыра бастады. О, тоба! Екеуін екі басқа адам дерсің… Тіпті, мүлде басқа адам дерсің… Мәйіттің бет сүйегі шодырая шығып, екі ұрты ішіне кіріп кеткен, көзінің алды қап-қара, қолдары арық, салмағы 40 келіден аса қоймас. Суреттегі сұлу қыз мына жатқан адам дегенге ешкім сенбесі анық. Абылай кадр есебі парағының қашан толтырылғанына көз жүгіртіп еді, екі жыл бұрын рәсімделіпті. «Апыр-ай, адам баласының екі жылда осыншалықты өзгеруі мүмкін бе? Егер қиын жағдай, қысталаң кез болса түсінер еді, мынадай бейбіт заманда… Не болды екен…». Абылай директорға бұрылды.
– Шара Мақсатқызы, мына жатқан адам Самал Дәулетова ма?
– Иә, бұл – Самал Дәулетова.
– Мына суреттегі адам мүлде басқа сияқты ғой.
– Бұл сурет осыдан екі жыл бұрын, оқу жылы басында түсірілген ғой. Университетті қызыл дипломмен бітірген, сол бойда бізге жұмысқа орналасты. Әке-шешесі де қалаға белгілі мұғалімдер еді.
– Сонда бір жыл сегіз айдың ішінде осыншама өзгеріске ұшыраған ба?
– Солай боп тұр ғой…
– Сіздер бұл өзгерістерді байқамадыңыздар ма?
– Енді… Біздің жұмыс оңай емес қой… Барлық мұғалім оқу жылын аяқтаған кезде азып-тозып кетеді, барлығымыз да осындаймыз.
– Түсінікті. Маған осы сынып оқушылары мен ата-аналары тізімі керек.
Абылай облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі қызметінде болатын. Жұрт оны аймақтағы аса күрделі істерді тергеп, ақырына дейін жеткізетін тергеуші ретінде білетін. Сол себепті оның объективтілігінде және ұқыптылығында ешкімнің күмәні болмайтын.
Оқиға орнына сот медицина дәрігері Қамбар Алтаев келіп, дереу мәйітті қарай бастады. Оның сот медицина дәрігері болып жүргеніне 30 жылдан асқан, облыстағы осы сала үздіктерінің бірі еді. Абылай қызмет жолын бастаған кездің өзінде ол білікті маман болатын, екеуі талай қылмыс басында кездесіп, бұл оның талай рет шешімдеріне тәнті болған-ды.
«Мәйітті қарап, тексеру басталды, сағат 09:17. Та-а-а-к, мәйіт – әйелдікі, бойы – 165 см, салмағын нақты зертханада анықтаймыз, көз алды қараюы бар, дене бітімі арықша келген, астыңғы мен үстіңгі тістері айқасып, жағы қарысып қалған, көзіндегі майда капеляр тамырлары жарылған, ол адамға ауа жетпеуінен, тұншыққаннан немесе суға батып кеткеннен пайда болады, мойнында айнала қызыл түсті жарасы бар, жараға қарап оның жаңа екенін айтуға болады, жара ізі жіп немесе сол тектес заттыкіне ұқсайды, механизмі: жоғарыдан төмен қарай, қолында, аяғында, денесінде ешқандай зақым белгілері жоқ, яғни, көзінің капеляр тамырларының жарылуына және тұншығу механизміне қарап өз-өзіне қол жұмсау дерегі деп айта берсе болады, денесінде зорлық-зомбылық белгісі жоқ, өлім себебі – механикалық асфексия. Мәйітке қарап тексеру аяқталды, мәйіт сот-медицина зертханасына тапсырылып, қосымша зерттеулер жүргізіледі, сағат 09:26».
Бір қарап осыншама деректі тек өз ісінің шебері ғана айта алары анық. Қамбар Алтаев мәйітті зертханаға алып кетті. Абылай мектеп директормен бірге оның кабинетіне барды. Абылай:
– Шара Мақсатқызы, Самал неге бұлай жасады екен? — деп сұрады.
– Мен білмедім… Кеше ғана жұмысқа келіп, оқушылардың 3-сыныппен қоштасу рәсімін жасауды ақылдасып кеткен еді.
– Самалдың оқу жүктемесі қалай? Қосымша сыныптан тыс жұмысқа тартылды ма?
– Сынып жетекшілігінен басқа қосымша мектептен, сыныптан тыс қоғамдық жұмысы жоқ, жүктемесі – 16 сағат, толық ставка. 3-сынып болған соң олимпиада, жарыстарға көп қатыспайды.
– Самалдың достасып жүрген жігіті бар ма? Мектеп ішінде, не сыртта…
– Жоқ, естуімше оның жігіті жоқ. Бірақ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ғани Алматов оған өзінің сезімін бірнеше рет білдіріпті деп естігенмін. Бірақ, Самал тек жұмысын ғана ойлайтын. Онымен қоса қазір барлығы электронды түрде болған соң, бағаны электронды қоясың және күнделік те, тапсырма да, барлығы электронды түрде. Сол күнделікті толтырамын дегенше түн болады. Ертеңгі күнгі сабаққа дайындаламын дейсің, одан киім-кешектерді қарайсың. Мұғалім болған соң бірден сырт келбетіңе көз түседі. Сол себепті жеке өміріңе көп қол тие бермейді. Қорыта айтқанда, екеуінің арасында ештеңе де жоқ.
– Самалдың құрбы, достары болды ма? Болса, оларды танисыз ба?
– Самалды бастауыш сынып мұғалімдері Әлия Тұрсынова, Гүлжамал Шайыровамен бірге көп көретінмін.
– Самалға біреулердің қысым жасауын не оның іс-әрекетінен өзгерістерді байқадыңыз ба?
– Қысым дегенде… Қысым деуге болар ма оны. Осы оқу жылында Самалдың сыныбына жаңадан Жасұлан деген оқушы ауысып келді. Сол оқушының анасы бірнеше мәрте Самалдың үстінен шағымданды. Шағым мазмұны баласына дұрыс қарамау, басқа оқушылардың көзінше Жасұланның қатесін шығару, онымен қоса Жасұланды сыныптағы ауқатты отбасы балаларымен достастырмады деген сипатта. Ал, мен Самалмен сөйлескенімде білгенім, Жасұланның анасы бұған психологиялық қысым көрсетіп, нақтырақ айтқанда, ұялы телефонына дамыл бермей жаза береді екен. Мен Самалға көмектеспек болып, бірнеше рет мұғалім ісіне араласпауды сұрадым. Алайда ол менің де үстімнен арыз жазып, министрліктен ескерту алдым. Содан кейін Самалға ұялы телефонымен тек жұмыс уақытында ғана жауап беруін, жұмыстан тыс жауап бермеуін талап еттім. Сонымен бітті.
– Сіз Жасұланның анасы жайлы мәліметтерді дайындап, бізге жіберіңіз. Ал Самалдың әлгі екі құрбысын ертеңге облыстық полиция департаментіне шақырамыз. Міне, шақырту қағазы…
Ол кабинетіне келіп, барлық деректі ойша қорыта бастады.
«Жігіті жоқ, бірақ сезімін білдіргендер болған. Бұл сталкинг құрбаны ма? Бәрі де мүмкін. Соңғы хатына қарасаң, «мұғалімдерден, оқушылардан, ата-аналардан шаршадым» деген. Демек, «жау сырттан келмейді» дегендей мәселе мектептің айналасында болғаны. Соңғы жазған хатында почеркі бірқалыпты, асығыс адамның жазуына ұқсамайды. Өзіне қол салу саналы, жоспарлы түрде болғаны ма, жоқ па – белгісіз. Ендеше, алдымен Самалдың соңғы хатына сараптама тағайындау керек. Сараптама тағайындау барысында сарапшыларға қойылатын сұрақтар нақты болмаса, олар да нақты жауап бермейді. Демек, қойылатын сұрақтар тыңғылықты болуы тиіс.
Сонымен, біріншіден, хаттанулық сараптама тағайындасам. Сұрағым: шынымен хатты Самал өзі жазды ма, хат қандай күйде жазылған, оның күйзелісте болған-болмағаны, мәжбүрлеу дерегі бар ма, жоқ па, масаю күйінде жазды ма? Екіншіден, техникалық-криминалистикалық сараптама тағайындасам. Сұрағым: хаттың жазылғанына қанша уақыт болды? Сияның қағазға сіңу және кебу деңгейіне қарай нақтылануы керек, ол дәл өлім алдында ма, әлде бірнеше күн бұрын жазылды ма? Хат қандай қаламмен (шарикті, гельді) жазылды? Қағаз қай дәптерден жыртылып алынды? Оқиға орнынан табылған қалам мен дәптерге сәйкес келе ме? Үшіншіден, автортанулық сараптама тағайындасам. Сұрағым: хаттағы сөйлем құрау стилі, жіберілген грамматикалық қателер мен ерекше сөз тіркестері Самалдың зияткерлік деңгейіне, біліміне немесе мамандығына сәйкес келе ме? Хаттағы сауаттылық деңгейін анықтау керек, хатта өте дөрекі, сауатсыз қателер бар ма? Төртіншіден, дактилоскопиялық сараптама тағайындасам. Сұрағым: Хатта тек оның саусақ ізі ме, әлде өзге де саусақ іздері бар ма? Бесіншіден, сот психологиялық-филологиялық сараптама тағайындасам. Сұрағым: хатта жасырын белгілер бар ма? Хат жазу барысында эмоционалдық жай-күйі қандай болды, хатта логикалық байланыс бар ма? Осы сұрақтарға жауап берсе, істің мән-жайы жартылай ашылып қалар еді».
Абылай сағатқа қарап еді, түнгі 22:29 екен. Бүгінгі күн салтанатты басталғанымен, соңына қарай «мектеп мұғалімі өзіне қол жұмсады» деген хабар бүкіл облысқа тарады. Үйге келе салысымен Абылай дереу қызы Еркеназды іздеп, болған жағдайды түсіндіргісі келді. Алайда ол ұйықтап қалыпты, тек әйелі Айша ғана ояу екен.
– Айша, бүгін қалай болды? Еркеназ ренжімеді ме?
– Ой… Жоқ… Еркеназ да, біз де үйреніп қалдық қой. Өзің қалайсың? Жаңалықтардан өзіне қол жұмсаған мұғалім жайлы айтып жатыр. Сен сол жаққа кеттің бе?
– Иә, сол жаққа барғанмын. Қайтыс болған мұғалім жас қыз екен, үйленбеген, бүкіл өмірі алда еді ғой, өзіне қол жұмсаумен мәселе шешілер ме, сірә. Оның жағдайын көріп, қатты шошып кеттім. Мен талай өлім мен қылмысты көрген едім, бірақ бұл барлығынан ауыр тиді.
– Түсінікті! Сен демалып алсаңшы, — деді Айша.
Көзін жұмғаны сол еді, әйелі Айшаның сөйлеп жатқанынан оянып кетті. Сағатты қараса, таңғы 07:42. Апыр-ай, жаңа ғана ұйықтаған секілді еді, қалай уақыт тез өткен. Ол асығыс тамақтанып жұмысына беттеді.
Департаментке кіреберісте кешегі шақыртылған Әлия мен Гүлжамал келіп тұр екен. Екеуін ілестіріп кабинетке келіп, сөзге тартты. Сұрақ қойып, тергеу барысында ол жантүршігерлік, адам сенгісіз жағдайлар жайлы ести бастады. Сабақ барысына ата-аналар араласып, олардың мұғалімге оқушылар көзінше ұрысып кететіні, сабақ пен мектептен тыс болған жағдайларды да мұғалімнен көретіні, бала үй тапсырмасын орындамай келсе де мұғалім кінәлі болып қалатыны, тіпті кейбір ананың балаларына ескерту жасатпауына, себебі, оның өзіне деген сенімділігінің төмендеп кету қаупі бар деп ескертетіні, сыныпта шуласа да, бұзықтық жасаса да, ескерту жасамауды талап ететіні дағдылы жағдайға айналыпты. Кей ата-ана мұғалімнің ұялы телефонына күн, түн демей хабарласа беретіні және бейәдеп сөздер айтып, қит етсе мұғалім үстінен арызданатыны, болмаса, оқушыға психикалық қысым жасады деп немесе мұғалім кәсібилігіне күмән келтіріп шағымданатыны белгілі болды. Олар бұл жағдайда мұғалімдердің қорғансыз екенін, мектеп директоры мен оның орынбасарлары бұл жайға араласуға қорқатынын атап өтті. Себебі, басында директор барлығын объективті түрде қарауға тырысқанын, алайда, оның да үстінен арыз жазылып, соңында тәртіптік жазаға тартылғасын мектептің барлық ата-анасы осы әдіске көшкенін, қазіргі уақытта барлығы қорқынышта өмір сүретінін жайып салған олар Самалдың екі жыл бұрын жұмысқа келген кездегі жайнаған жүзін, жайдарылығын, балаларға білім беруге деген ынтасын ашық көрсетті. Алайда мектеп өмірі өздері ойлағандай болмағанын, университетте оқушыға білім беру мен даярлығын үйретіп, кәсіби маман қылып дайындап шыққанмен, мұндай психологиялық қысымдарға дайын болуды үйретпейтінін айтты. Әңгіме соңында олар Самалға оқушысы Жасұланның анасы Ләйланың күн бермей, мазасын алғанын, қысым жасағанын айтты. Әлгі оқушының үш жылдың ішінде төрт мектеп ауыстырғанын, ата-ананың кесапаттығы салдарынан Самалдың қатты азып, көзінің сәл қисайып, ауық-ауық жыбырлап тартылуы пайда болғанын, соңында психотерапевтке көрініп, психосоматологке жолдама берілгенін айтты.
– Барлығын түсіндім. Ал, Ғани Алматов жайлы не айтасыздар? Самалмен арасында достық қатынас болды дегенді естіген едім, — деді Абылай.
Бұл сұрақ тосындау болды ма, екеуі де абдырап қалды. Бұл олардың өңіндегі өзгерісті байқады. Гүлжамал тез қалыпқа түсті.
– А-а… Е, біздегі дене шынықтыру мұғалімі ме, ол ғой сезімін, ұнататынын білдіріп жүрген, бірақ Самал оны ұнатпады.
– Ғани мен Самал екеуі арасында сөзге келіспеушілік, жанжал, қыр соңынан қалмай қою, мазасын алу дегендер болды ма?
– Ондайды байқамаппын. Менің сыныбым Самалдың сыныбына дейін орналасқан. Мен 25-і күні сыныпта отырғанымда есік тұсынан Ғанидың жылдам жүріп өткенін байқадым. 25 мамыр болған соң барлығымыз асығып жүреміз ғой. Бірақ Ғанидың кімнің сыныбынан шыққанын білмедім.
Мұның артында үлкен бір құпия жатқаны анық болды. Мектеп ішінде не болып жатқаны түсініксіз. Жағдай бұл ойлағаннан да күрделі сияқты. Енді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ғанидан жауап алсақ, біраз жайт анықталып қалатын шығар. Марқұм мен күдікті арасында ең қиын дәлелденетіні – психологиялық жағдай. Егер жәбірленуші тірі болса, оны дәлелдеу жеңіл болар еді. Ал бұл жағдайда мәйіттің психологиялық жағдайын дәлелдеу өте қиын. Қызметтік телефон шырылдады, департамент бастығы екен.
– Полковник Қайсенов, тез маған кел!
– Құп болады!
Есікті ашып рұқсат сұраймын дегенше генералдың дауысы естілді.
– Мында… Жақын отыр. Мен қазір ғана министрмен сөйлестім. Іс ана жақтың контролінде. Істі толық, объективті, жан-жақты тергеу керек. Барлық құралды, мүмкіндіктерді пайдалануға рұқсат. Осы күннен бастап іс департамент қарамағына өтеді. Тергеу әрекеті жайлы тек екеуміз ғана білуіміз қажет. Аптасына үш рет анықтаманы министрге жолдап отырамыз. Күдікті бар ма?
– Түсінікті. Күдікті бар, бірақ оны дәлелдеу өте қиын. Іс тым күрделі, бірақ оны шешудің амалы бар. Маған қыз тергеуші… (Ол сыбырлап сөйлеуге көшті).
– Түсінікті. Барлығы дайын деп ойлай бер, жұмысыңа кіріс.
– Құп болады, жолдас генерал!.
Өз кабинетіне кірсе теледидар жаңалықтарынан мұғалімнің өзіне қол жұмсағаны жөнінде айтылуда екен, енді барлық телеарна мен газеттер, журналистер, оған блогерлер қосылып, шулай бастады. Барлығының айтуынша, өзіне қол жұмсайтын мұғалімдер мектепте жұмыс істемеуі тиіс екен, барлық мұғалім психологиялық тестен өту керек, олардың кәсіби даярлығын күшейту қажет екен. Бірақ қоғамда бірде-бір адам қайтыс болған мұғалімнің жағдайы, мұғалімнің жұмысының қиын екендігі жайында тіс жармады.
Оқиға орнында мәйіттің сөмкесінен ұялы телефон табылған болатын. Оны ашып қарау барысында ешқандай инстаграм, фейсбук, тик-ток, яғни, жастардың қолданатын әлеуметтік желілері жоқ екені анықталды. Тек интернетке кіреді, уатсапқа кіреді. Уатсапты ашып қарағанда күдікті ешнәрсе жоқ секілді көрінгенімен, «Жасұлан мамасы» дегенмен көп сөйлесілгені көрініп тұр. Уатсапта барлығы бірыңғай Самалға бұйыру тәсілімен жазылған. Яғни, «балама қатты сөйлеме, баламды әжетханаға алып бармаңыз, ол ұялады, көп сабақ сұрамаңыз, айтқаныңызға жауап бере алмаса, ол ыңғайсызданады, баламның киімі неге шаң болып келеді үйге, балама біреу түкіріп жіберіпті, мен сол баланың ата-анасына арыз жазамын, менің баламды Дамирмен достастырмаңыз, оны Шәріппен достастырыңыз» деген жазбалар өте көп екен.
Абылай ойға батты. «Бұл не деген бассыздық сонда? Бұл қалай, біздің бала кезімізде мұғалім айтса болды заң еді, ата-аналар жиналысында мен жайлы не айтты екен, линейкаға шығармаса екен, ата-анама айтса, оңбай таяқ жейміз ғой деп ойлаушы едік. Ал, қазір ше, ата-аналар үшін мұғалім өмірі ойыншық болып қалған ба? Бұл ата-ана қателігі ме әлде қоғамнан кеткен қателік пе?».
Телефон ішінде Ғанидың нөмірі бар, бірақ ешқандай хабарлама келмеген. Мүмкін шынымен оның қатысы жоқ шығар…
Бекмухамбет ӘБДРАСУЛЛАЕВ.
Жалғасы бар
«Халықтың» коллажы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!