Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мораторийді жалпыхалықтық қоғам пікірі өзгерте алады!

28.07.2020, 10:15 527

HALYQLINE.KZ  Сәтпаевтағы сұмдық оқиғадан соң ату жазасы жайлы жазбаған мен ғана шығармын?! Өлімге үкім шығаруды біз қанша айтқанымен оны өзгертетін заң шығарушы және қабылдаушы орган – Мәжіліс пен Сенат. Жалпы, ұлт тарихында өлім жазасы Жеті жарғы бойынша 3 жағдайда кесілген: адам өлтіру, әйел зорлау, 7 атаға жетпей үйлену.

Ал, Кеңес кезінде келісімшартты орындамағандар, тонау, тіпті, пара алғаны үшін де адамдар атылып кете барды. 1962-1989 жылдар аралығында 24 422 адам өлім жазасына кесілген.

Қазақстан егемендік алған жылдан 2003-ке дейін 536 адам ату жазасына кесілді. Өзгелердей электр орындығы, басын шабу, дарға асу, газ камерасы бізде жоқ, тек атып өлтіреді.

Ал, 2004 жылдың 01 қаңтарынан өлім жазасына мораторий жарияланды.

Тек мына жағдайда ату бұйырылды:

1. «Соғыста тыйым салынған құрал мен әдістерді қолдану»;

2. «Геноцид»;

3. «ҚР бірінші Президенті Елбасы өміріне қастандық жасау»;

4. «ҚР Президентінің өміріне қастандық»;

5. «Диверсия», «Соғыс кезеңінде әскери борыштан қашу, бас тарту».

Мораторий жарияланғалы Қазақстанда ату жазасына 5 Үкім шықты. Өлімге балама есебінде өмір бақи бас бостандықтан айыру жазасы ұсынылды. Қазір мұндай Үкім кесілген 100 қылмыскер бар. Олар негізінен Қостанайдағы «Қара бүркіт», Арқалықтағы жабық түрмеде жазасын өтеуде. Жалғыз адамдық камера, бойын тік көтеріп жүре алмайды, қолы артқа қайырылған, көзін жауып тастайды. Олардың арасында А.Сәрсенбаевты өлтірген офицер Р.Ибрагимов, 10 адамды қырып салған террорист Т. Күлекбаев бар.

Кезінде 2016 жылы өлім жазасына қатысты Қылмыстық кодекс талқыланды. Бас прокурордың орынбасары И.Меркель өлім жазасынан толық бас тартуға келіспейтінін білдірді. «Тізімге жемқорларды, есірткі саудагерін және педофилды қосу қажет» деді. Алайда сол кездегі сенатор Д.Назарбаева «педофилге өлім жазасы кесілмейді, оларға химиялық кастрация қолданылады» деп кесіп айтты. Химиялық кастрация дегеніміз не? Ине арқылы ағзадан тестестерон гармонының шығуын тоқтату. Бұл бір реттік егу емес, тәсіл 4-6 ай бойы жалғасады. Бір сөзбен еркекті белден айыру! Себебі, педофилдың 90%-ы – еркектер.

Бүгінге дейін елімізде 11 педофилге кастрация жасалған.
Осы орайда айтайық БҚО, Тасқала ауданы, Ақтаудағы елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаға қатысты сот процесі басталды. 3 ай бұрын әйелі мен екі қызын шырт ұйқыда жатқан жерінен тірідей өртеп жіберген күйеуі (әкесі) С.Хафизовты Жадыраның туыстары өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Жадыра, Инабат, Айша…

Қорлықпен ғұмыры өткен жас келіншек пен өмір сүріп үлгермеген 2 қыздың ғұмырын ұрлаған адам өмір сүруі керек пе? Өмір бақи бас бостандығынан айырылды делік, оның тірі жүргенін білу марқұмның туыстарының жүрегіне мәңгілік азап. Қайтпек керек?
Шариғатқа салсақ, адамға өмір беруші де алушы да Алла. Алайда бұл – Құдайын ұмытқан азғындар.

Өлім жазасына мораторий шексіз уақытқа жарияланды. Бұл шешім кез келген уақытта өзгеруі мүмкін. Мораторийді жалпыхалықтық қоғам пікірі өзгерте алады!

Гүлмира ӘБІКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: