Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Милиционер әкеден тәлім алған ҚАЖ қызметкері

09.11.2020, 11:00 504

HALYQLINE.KZ  Ер бала үшін әкенің берген тәрбиесі мен көрсеткен үлгі өнегесін еш білім ордасы,еш тәрбиеші бере алмайтындығы белгілі. Әр әкенің күнделікті отбасындағы өзгелермен қарым-қатынасы, қызметіндегі азаматтық тұлғасы, жалпы адамгершілік қасиеттерінің ақ қағаздай таза бала санасына игі әсерін тигізетіні анық. Осы орайда, тілге тиек, мақаламызға өзек болғалы тұрған кейіпкеріміздің өмірінде әкесінің орны ерекше.

Қызылорда облысы ЗК-169/1 мекемесі бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Жамуров Қанат Серікбайұлының бүгінгі таңдағы алған асуы, шыққан бигі бала күнгі арманы мен биік мақсатының нәтежиесі. Әке көрген оқ жонар деген, 27 жыл ішкі істер саласында табанды еңбек еткен әкесі Жамуров Серікбай Қойшыбайұлының өрнекті өмірі, өрімдей жастың санасында өз өрнегін салғаны соншалық, мамандық таңдау сәті туғанда, ойланбастан құқық саласына баруды ұйғарды. Арманын арқалаған жас, Шымкент қаласындағы ІІМ-не қарасты заң колледжіне келіп құжат тапсырды. 2000-2002 жылдар аралығында осы коледждің курсанты атанған жігіт, аталған оқу орнын жақсы нәтежиемен бітіріп, дипломымен ЗК-169/1 мекемесіне келіп жұмысқа тұрды. ҚАЖ саласындағы алғашқы еңбек жолын 2002-2004 (жылдар аралығында) РжКБ-нің инспекторы болып бастаған жас маманның тәлімгері, сол кездегі аға инспекторы, әділет капитаны Әлишбеков Батырхан мен мекеме бастығының орынбасары, подполковник Шабаев Лечи болды. ҚАЖ саласының қыр-сырын меңгерген, тәжерибиелі алдыңғы буын ағалардың ақыл-өсиет, бағыт-бағдарын тыңдай отырып, Қанат Жамуров өзі де, пененитенциянарлық жүйенің қиындығы мен сан кедергілерін бастан өткерді. Арманы болған салада құлшына жұмыс істеуге талпынып тұрған талапкер еңбек ете жүріп, Алматы қаласындағы ІІМ-не қарасты академияны сырттай оқып бітірді.

Білімін жетілдірген білікті жас маманның кез келген жұмысқа байыппен қарап, тапсырылған істі жауапкершілікпен атқара білетіндігін байқаған мекеме басшылары Қанат Жамуровқа мекемедегі бөлім салаларын басқаруды сеніп тапсырды. 2004 жылдан бастап Жедел бөлімге ауысып, қызметтің қыр-сырын игерген соң, 2009 жылы осы бөлімнің бастығы болып тағайындалды. Отызға келіп, ой тоқтатқан шағында сәт сайын күтпеген оқиға туындауға бейім тұратын бөлімнің отына күйіп, суығына тоңды. Қиын сәттерді бастан өткеріп, күрделі нәрселердің күрмеуін шешті. Сондай оқиғалардың бірі ретінде, 2012 жылы мекеме аумағында қамауда жатқан жазаланушылардың тарапынан болған ішкі тәртіпті бұзу фактісі болғанда Жедел бөлімнің жауапты басшысы ретінде атқарған іс-әретін ерекше көрсетіп айтуға болады. Дәйектірек айтар болсақ, қапастағылар камера қабырғаларын бұзып, екінші бір камераға өтпекші болған. Іште шу шығып, сотталғандар емін-еркін жүріп, бейбастық орын алған болатын.

«Туындаған төтенше ахуалға байланысты, сол күндері мекемеде қатаң тәртіп орнап, ішкі режимді бұзушы әр жазаланушымен заң аясында жеке түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сол тәртіпсіздікті жойып, орнына келтіру үшін сағатпен санаспай, ерте келіп, кеш кетіп, ішкі режимнің қатаң сақталуын қадалаған күндеріміз де болды», – дейді Қанат Серікбайұлы.

Міне, сол оқиғадан кейін, қырандай қырағы, сауысқандай сақ бола жүріп, жұмыла жұмыс істеуіміздің нәтежиесінде, бүгінгі таңда, біздің ЗК-169/1 тергеу изоляоры республика аумағындағы 18 тергеу мекемелер арасында, алдыңғы қатардан көрініп келе жатыр. Сол бір қиын шақтарда еңсем түсіп, қанатым қайырылғандай болып жүргендігімді көріп әкем: «Балам, органға кіру қиын, шығу әп-сәтте. Бүгінгі қиындық – ертеңгі күннің жемісі. Бұл өмірде әр адамның мақсаты, құлқынның қамы емес, абырой-беделге, құрметке ие болу үшін адал еңбек ете білуге талпыну болу керек. Ал, ол биікке осындай қиындықтарды тек сабырлықпен жеңу арқылы ғана жетесің» деген ақылы, мені серпілтіп, алдағы жұмыс күндеріме деген құлшынысымды арттырды. Бар ғұмыры құқық қорғау саласында өткен тәжербиелі, өмірден көрген түйгені көп әкем, мен үшін әр уақытта осылайша кеңес беріп, қолдап, қорғап, асқар таудай тірек болып келеді. Еңбек жолын 1971 жылы Сырдария аудандық арнайы комендатураның милиционері болып бастаған әкем, облыстық ішкі істер басқармасында, облыстық ішкі істер департаментінде, облыстық полиция департаментінде түрлі лауазымдық міндеттерді атқарған. Ішкі істер саласының барлық сатысынан өтіп, соның ішінде қылмыстық атқару саласында да, өзіндік өрнегін қалдырды. Жамуров Серікбай Қойшыбайұлы – Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник, зейнеткер, 11 немеренің атасы. Әкемнің облыс көлеміндегі ел таныған, құрметті, абырой-беделі жоғары тұлға болып танылуы мен еңбек жолындағы жеңісті күндерінің бәрі,әрине, емін-еркін жұмыс жасауы үшін жағдайын жасап, баптап, ер-азаматын қадірлей білген анамның еңбегі деп білемін. Анам Ермағанбетова Роза Ыдырысқызының әкесі Ұлы Отан соғысына қатысқан майор болған. Анамның өзі Москвадағы Ленин атындағы Педагогикалық институтын бітірген. Мамандығы бойынша, облыстық арнайы мектеп интернатында табанды 35 жыл еңбек еткен, қадірменді педагог-дефектолог. Ел игілігі үшін, иіліп жүріп жұмыс істеген ата-анамның өмірдегі де, отбасындағы да азаматтық тұлғасы біздерге, яғни төрт баласы үшін үлгі-өнегенің ұясы болды. Төртеуіміздің де бүгінгі жеткен жетістігіміз, сол кісілердің ұлағатты өмір салтын ұстануының нәтежиесі деп білемін. Үлкен ағам Жамуров Қайрат Серікбайұлы – Қаржы Полициясының зейнеткер подполковнигі. Үлкен апам Жамурова Лаура – Көші-қон полициясының подполковнигі. Ал, кіші апам, Жамурова Венера – ауыл-шаруашылық университетінің профессоры. Барлығымыздың да жоғарғы білім алып, өмірде өз орнымызды тауып, таңдаған мамандығымыз иесі болғандығымыз үшін ата-анамызға қарыздармыз» деп Қанат отбасы туралы мақтанышпен, тебірене әңгімелеп берді.

Қанаттың өзі де – бүгінгі күні үш перзентінің үлгі тұтар әкесі. Еңбегі еленіп, «ҚР полициясының 25 жылдығы», «Мінсіз қызметі үшін», «Қылмыстық атқару жүйесінің үздігі», «Қылмыстық іздестіру қызметіне 100 жыл» орден, медальдарымен марапатталған. Өмірлік серігі Ибрагимова Ғалия Ермағанбетова да – ұрпақ тәбиелеу ісіне белсене араласып жүрген үздік педагог. Педагогика ғылымдарының магистранты. Қаламыздағы Н.Илиясов атындағы №9 мектеп-гимназиясында оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Үлкен шаңыраққа ие болып, қарт ата-аналарына құрмет көрсетіп,бағып-қағып отырған Қанат пен Ғалия – екі ұл, бір қызына ата-аналарындай, жеке бас қасиеттерімен, күнделікті өмірлік адамгершілік ұнамды әдет-дағдыларымен, өнегеліктің үлгісін көрсетіп келе жатқан жандар. Балалары да үріп ауызға салардай сүп-сүйкімді, оқу озаттары. Жеткен жетістіктері де баршылық. Тұңғыштары Бақмұхамед №12 Мұрагер мектебінде 5-сыныпты тамамдады. Бақмұхамед 1-сыныптан түрлі олимпиада жарыстарға, соның ішінде Республикалық «Зерде» ғылыми жобасына қатысып, химия-биялогия бағыты бойынша, Көкшетау қаласында өткен республикалық кезеңнің жүлделі иегері атанған. Спортта да, өзінің мықтылығын көрсетіп, жасөспірімдер арасында бокстан өткен олимпиада жүлдегері. Екінші ұлы Ыдырыс та Мұрагер мектебінің 3-сыныбын үздікке оқып бітірді. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай түп нағашы атасы, Ұлы Отан соғысының ардагері болған майор Ідіріс Ермағанбетовтың ерлігін дәріптеп, әлеуметтік желіге ролик дайындаған болатын. Бұл ролигі ҚАЖ департаментінің kyzyloda_duis сайтында жарияланды. Облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резервтік мектебіне барып, бокс спорт түрі бойынша жаттығып жүреді. Полковник атасы мен подполковник әкесіндей құрыш білекті, болат жүректі еліне сүйеу болар азамат болып өскісі келеді.

Иә, «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмас»деген, милиционер әкеден тараған Жамуровтар әулетінің ішкі істер саласындағы ұлағатты ғұмыры осылайша, ұрпақ жасампаздығымен жалғаса береді деп ойлаймыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: