Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КАРАНТИН: жігіттердің жүйкесі сыр берді ме?

23.04.2020, 11:01 816

Кейбір мәліметтерге сүйенсек, дәл қазір дүние дидарындағы 3 миллиардқа жуық адам карантинде отыр. Тиісінше отбасылық жанжал, зорлық-зомбылық көбейген. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш осылай деп дабыл қағуда. Ол Твиттер желісі арқылы жасаған видеоүндеуінде:

– Соңғы аптада экономикалық және әлеуметтік қысым мен үрей күшейген кезде, біз отбасылық зорлық-зомбылықтың куәсі болып отырмыз. Оқшаулану кезінде бірқатар әйелдер күйеуінің «қақпанына түсіп» құрбанына айналып жатыр. Кейбір елдерде көмек сұраған әйелдер саны артқан. Құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлерінің жұмысы ауырлап тұрған кезде, оларға көмектесетін қызметкерлер жетіспей жатыр. Бұл мәселені шешу үшін БҰҰ бас хатшысы билікке үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруды ұсынды. Сонымен бірге дүкендер мен дәріханаларға зорлық-зомбылыққа қауіп төнген жағдайда жедел жәрдем жүйесін орнату қажет, – деп кеңес берді.

Гутерриш мәлімдемесінің жаны бар. Өйткені әр ел қалыптасқан экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік мәселелерді шешудің жолын іздестіріп жатыр. Бұл жайт әр отбасыға тікелей әсер ететіні анық. Соның салдарынан отбасылық ұрыс-керіс жиілеген. Белгілі психолог Анна Құдиярованың да пікірі Гутерриш хабарламасымен үндес. Ол «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында карантин кезінде отбасылық дау-дамайдың көбейетінін ашық айтты.

– Қазір адамдарды ашу-ыза буып тұр. Бұл жағдай отбасындағы жанжалды, ұрыс-керісті туындатады. Ақыры үйдегілердің бірінің (көбіне ер адамдар) ішкілікке берілуі де көбеюде. Мұның соңы отбасылық зорлық-зомбылыққа апарады. Эмоциялық немесе экономикалық тұрғыда қазір жағдай мәз емес. Әйтсе де, дәл осы кезеңде адамдар бір-біріне түсіністікпен қарап, сабырлы болуы керек. Әлбетте, шектеулі кеңістікте қамалып қалу оңай емес. Мұндай күрделі кезеңде ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілері артып кете ме деп қорқамыз. Айналып келгенде жауапкершілік өз мойнымызда екенін ұғынуымыз керек. Кез келген қадамға бармас бұрын, балаларыңыз бен отбасыңыздың жайын ойлағаныңыз жөн, – деді  психолог.

Қызылордада да жағдай мәз емес. Карантин режимі қалыптасқалы отбасылық жанжал көбейген. Мұны «Қамқорлық» дағдарыс орталығының мамандары айтып отыр. Олардың сөзіне сенсек, соңғы уақытта зорлық-зомбылық құрбандарының саны   2 есеге өскен. Осыған дейін орталыққа күніне 5 қоңырау түссе, дәл қазір бұдан әлдеқайда көп. Айталық, орталық қызметкерлері 2019 жылдың І тоқсанында 31 адамға көмек көрсетсе, биыл  104 адамға қол ұшын созған.

Төтенше жағдай кезеңінде орталық жұмысы карантиндік режимге уақытша ауыстырылды. Бүгінде мұнда 16 отбасы (46 адам) қызмет алуда. Карантин енгізген уақыттан бастап 50-ге жуық қоңырау түсіп, оның ішінде өмірлеріне қауіптілігі жоғары 5 отбасы (12 адам) орталық қызметіне қабылданды. Алайда жүгінушілерді орталыққа карантин жағдайында қабылдауға мүмкіндік жоқ. Орталық небәрі 40 орынға арналған. Төсек-орындарын қосымша 20 орынға ұлғайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Біз орталық меңгерушісі Жанар Алтынбасовамен телефон арқылы байланыс орнаттық.

– Жаңа ғана бір келіншек хабарласты. Күйеуі үйден қуып шыққан. Ал ағайындары қабылдамай отыр. Қайда барарын білмейді. Біз орталыққа қабылдайық десек, орын тапшы. Қолымыздан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Отбасылық ұрыс-керіс көбіне әлеуметтік мәселеден туындайды. Карантин режимі орнағалы көмек сұрап хабарласып жатқан қыз-келіншектер көбейіп кетті, – дейді ол.

Бірқатар мекемелер жұмысын тоқтатты. Ер-азаматтар уақытының басым бөлігін үйде өткізуде. Есесіне, отбасылық кіріс азайып, шығыс ұлғаятыны рас. Бұл мәселе –отбасылық жанжалдың тұтануына түрткі болатын негізгі фактордың бірі.

Отбасы – шағын мемлекет. Мамандар мұндай мезетте сабырлық сақтап, балалардың тәрбиесіне көңіл бөлген жөн дейді.

Қозы  Көрпеш    ЖАСАРАЛҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: