Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың немере інісі Бақытжан Байжанов рақымшылыққа ілініп, мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Курсив басылымының жазуынша, бұл ақпаратты Байжановтың адвокаты Ғазиз Ынтықбаев растаған. Оның айтуынша, 2026 жылғы 22 шілдеде Степногорск қалалық соты рақымшылық жасау туралы қаулы шығарып, сотталған азаматты қамаудан дереу босатқан.
Бақытжан Байжанов 2024 жылы Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Еске салайық, 2024 жылғы 13 мамырда Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіріп, азаптады деп танып, 24 жылға бас бостандығынан айырған болатын.
Тергеу және сот материалдарына сәйкес, Бақытжан Байжанов қылмыс жасалған күні оқиға орнында болған. Сот оның ауыр қылмыс туралы біле тұра құқық қорғау органдарына хабар бермегенін және қылмысты жасыруға әрекет еткенін анықтаған. Осыған байланысты ол Қылмыстық кодекстің «Қылмысты жасыру» бабы бойынша төрт жылға сотталған.
Адвокаттың мәліметінше, Байжанов рақымшылық туралы заң аясында жазасының өтелмеген бөлігінен босатылған. Степногорск қалалық сотының қаулысы шыққан күні ол түзеу мекемесінен босап шыққан.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!