Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ата заңымызға – ширек ғасыр

30.08.2020, 10:00 341

«Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат – тұрақтылық пен татулықтың тұғыры».

Н.Ә.Назарбаев

Алғашқы қазақ хандығы құрылғанда ата-бабалар дәстүрімен қатар 1511 жылы 19-баптан тұратын Негізгі заң қабылданған. Оны қазақ «Қасымханның қасқа жолы» деп атаған. Әлі де солай аталады. 1690 жылы Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдады. Осы заңдарды қазақ даласындағы алғашқы Ата Заң десек қателеспейміз.

«Жеті жарғыны» жасауға данагөй билер белсене атсалысыпты. Аты аңызға айналған атақты Төле би қайтыс болар алдында үш жүздің игі жақсыларын жинап алып: «аттың құнын, ердің құнын, әйелдің құнын өз ақылымызша шешкен жөн» деп кеңес берген екен.

Бүгінгі Коституциямыздың басқа Конституциялардан артықшылығы осы. Яғни, ең бірінші, мемлекет ретінде жеке адамға аса құрметпен қарайтындығында. «Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп бірінші бапта жазылған. Үшінші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық» дейді.

Елдің көз алдында, 1991 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Одан кейін, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынып, оны Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамыздағы Республикалық референдумда бір ауыздан мақұлдады. Конституция Президент лауазымына үлкен міндеттер мен зор жауапкершілік жүктеді. Ата Заңда атап көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының Президенті – халықтар бірлігі мен ынтымақтастығы, азаматтар және адамдар құқығы мен бостандықтарының нақты кепілі.

Ата Заңымыздың басты ерекшелігі мына төрт ұстанымында жатыр дейді зиялы қауым. Ол төрт ұстаным: бірінші, қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екінші, экономикалық даму, үшінші, қазақстандық патриотизм, төртінші, маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу.

Конституция мемлекетіміздің тарихи дамуының негізгі ретінде ғана танылып қоймай, ол – барлық заңдардың бастауы.

Қазақстан Республикасының Ата Заңы біздің еліміздің дамуына жол ашып, жаңа тәуелсіз мемлекет буынының бекуіне себеп болды.

Біздің міндетіміз – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Басты талап – Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс. Ата Заңымыз жарқын болашаққа апаратын айқын жолымыз, арқасүйер асқар тауымыз, ардағымыз, айбарымыз.

Б.ДАНИЛОВ

Қызылорда облысы

төтенше жағдайлар департаментінің бастығы

азаматтық қорғау полковнигі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: