Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Университеттің 85 жылдығы тойланады

30.11.2022, 15:45 522

 HALYQLINE.KZ Биыл – өңіріміздегі үздік жоғары оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне 85 жыл. Мерейлі мерейтой аясы 2-3 желтоқсан күндері ауқымды іс-шаралармен жалғасып, қорытынды кешпен аяқталмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова хабарлады.

– Өздеріңізге белгілі, Сыр өңірінде тереңдетілген білім беруде және үздік мамандарды даярлауда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны болып табылады. Жалпы біздің оқу орны 4 бағыт бойынша ауқымды түрде жұмыс істейді. Атап айтқанда, білім беру, ғылым және инновацияны нығайту, әлеуметтік-мәдени бағытты дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша білім беруді басты назарда ұстайды. Бүгінде білім ордамызда 5 институт, 24 кафедра, 5 ғылыми орталық қызмет етеді. Ал студенттер саны жыл сайын артып, 2019-2020 оқу жылымен салыстырғанда 70 пайызға, яғни 9014 білім алушыны құрап отыр.

Университетіміздің 85 жылдық мерейтойын түрлі бағыттағы форумдар, кездесулер, ғылыми конференциялар және басқа да игі іс-шаралармен салтанатты түрде атап өтпекпіз. 85 жылдық мерейтой аясында «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті: дамудың жаңа кезеңінде» және «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты кітаптар жарық көреді.

Сондай-ақ, «Университет ақпарат айдынында», «Біздің түлектер» кітаптары электронды түрде жарияланады. 2 желтоқсан күні педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Күлбарам Сәдуақасқызы атындағы химиялық білім беру ғылыми-әдістемелік орталығы ашылса, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Аманкелді Саданов атындағы микробиологиялық ғылыми зерттеу орталығы ашылады. Ал 3 желтоқсан күні «Жоғары білімге қол жетімділікті кеңейту: болашағы мен мүмкіндіктері» және «Өңірлік университеттер – 2032: адами капитал және ғылым» атты форсайт-сессиясы өтеді. Дәл сол күні «Ұлттық руханияттың ұлы ордасы» атты салтанатты жиынмен қорытындылынады, – деді ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: