Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ветеринария саласындағы жұмыстар сараланды

16.11.2021, 17:45 404

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ветеринария саласында атқарылған жұмыстарды тыңдау үшін облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаевты қабылдады.

Сыр өңірінде мал ауруларының алдын алу мақсатында ағымдағы жылы аса қауіпті 16 түрлі жұқпалы ауруға республикалық бюджет есебінен қаралған 6311,2 мың доза ветеринариялық препараттың бүгінгі таңда, облысқа 6291,2 мың дозасы, немесе 99,7% жеткізілді. Қазіргі күні бекітілген 11 айлық жоспарға сәйкес алдын ала егу жұмыстары 95,9 пайызға орындалды. Сонымен қатар, жануарлардың 6 түрлі энзоотиялық ауруларына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қажетті ветеринариялық препараттар толық сатып алынды және бекітілген 11 айлық жоспар 94,2 пайызға жүргізілді.

Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері бруцеллез ауруына қарсы диагностикалық тексерудің нәтижесінде 47 бас МІҚ, 248 бас уақ мал оң нәтиже көрсетті. Оның ішінде, шектеу қойылған 7 ошақта ауру малдар анықталды. Шектеу қойылған ошақтарда сауықтыру жұмыстары толық жүргізіліп, ауру малдар ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес уақытылы сойылды, мал иелеріне 4430,0 мың теңге өтемақы төленді.

Сондай-ақ, аймақта бірдейлендіру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Осы жылдың 1 қарашасына ақпараттық жүйеде 391,9 мың бас МІҚ, 841,0 мың бас уақ мал, 188,5 мың бас жылқы, 58,3 мың бас түйе, 1,6 мың бас шошқа, 810 бас тақтұяқтылар тіркелген.

Ауыл шаруашылығы жануарларына, олардың өнімдері мен шикізатына берілетін ветеринариялық анықтамалар «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» арқылы рәсімделуде. Жыл басынан 41675 дана ветеринариялық анықтамалар беріліп, мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Баяндама барысында басқарма басшысы Жаңақорған, Қазалы аудандарында судан улану салдарынан мал шығыны орын алуының алдын алу үшін атқарылған жұмыстарды баяндады.

Жаңақорған ауданындағы жеке қожалық пен шаруа қожалықтардағы мал саны (32931 бас МІҚ, 56207 бас уақ мал, 12128 бас жылқы, 856 бас түйе) анықталып, қолданыста 31 құдық бары және ауыл әкімдігі мен шаруашылық тараптарынан 22 құдық қазу қажеттілігі нақтыланды. Қазіргі күні толық қазылып пайдаланылуда.

Сонымен қатар, 2013 жылдан бері жаңартылмай, тозығы жеткен материалдық-техникалық жабдықтау мәселесі көтеріліп, ветеринариялық ұйымдарға компьютерлер, оргтехникалар, қызметтік автокөліктер алу қолдау тапты.

Сондай-ақ, Шахмардан Сұлтанбекұлы жануарлар ауруларының алдын ала егу жұмыстарының нәтижесінде облыс көлемінде аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмей, эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отырғанын мәлімдеді.

Қабылдау соңында облыс әкімі Гүлшара Наушақызы ветеринария басқармасының басшысына ветеринария саласындағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруды тапсырып, қосымша тапсырмалар берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: