Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ВЕБКАМ-БИЗНЕС немесе оңай ақша табудың қараңғы тұсы

01.05.2025, 10:40 941

Вебкам индустриясы жайлы бірі білсе, бірі білмейді. Аталған бизнес түрі Қазақстанда тіпті дамымаған. Алайда, жоқ деп дөп басып айта алмаймыз. Оңай жолмен ақша табамын деушілер Қазақстанда да кезігеді.

Ең алдымен ұғымның мағынасына үңілейік. Бұл – интернет арқылы көрермендермен тікелей эфирде байланыс орнатып, бейне арқылы қызмет көрсетуге негізделген бизнес түрі. Оның аясында түрлі платформаға тіркелген модельдер (яғни жүргізушілер) арнайы бөлмеден немесе студиядан онлайн шығып, көрермендермен сөйлеседі, кейде арнайы сұраныстарды орындайды. Бұл салада ең басты валюта – назар мен уақыт. Модельдер экранның ар жағындағы адамдармен қарым-қатынас орната отырып, табыс табады. Вебкамның нақты мақсат-мүддесі анық емес. Бірақ мұндай платформалардың көпшілігі, шыны керек, интимдік қызмет ұсынуды басты кіріс санайды.

ВЕБКАМ-БИЗНЕС  ҚАЛАЙ  ПАЙДА БОЛДЫ?

Вебкам-бизнестің тарихы 1990 жылдардың аяғына таман бастау алады. Интернеттің кең таралуы және бейнеқоңырау технология­ларының дамуы бұл жаңа мүмкіндікті ашты. Алғашқы вебкам модельдер жеке сайттар арқылы көрермендермен тікелей байланыс орнатқан. Сол кездің өзінде онлайн жүздесіп, ақша табу идеясы тың әрі аздап даулы саналды. Дегенмен де, сұраныс жылдам өсті.

2000  жылдары  арнайы платформалар мен агенттіктер пайда бола бастады. Олар модельдер мен көрермендер арасындағы көпірге айналды. Дәлірек айтқанда, бірі табыс іздеді, екіншісі көңіл көтерудің ерекше жолын қалады. Осы кезеңде вебкам-индус­трия нақты бизнес моделі ретінде қалып­тасты: уақытқа ақы төлеу, жеке бөлме үшін қосымша төлемдер, сыйлықтар  мен  бонус­тар жүйе­сі  енгізілді.

Уақыт өте келе вебкам-бизнес тек ересек­терге арналған бағытпен ғана шектелмей, әлеуметтік қарым-қатынас, жай әңгіме құру, тіпті психологиялық көмек көрсету сынды кең ауқымды қызмет түрлерін де ұсына бастады. Кей платформада модельдер тек ән айтып немесе сурет салып, көрермендермен әңгімелесіп қана отырады. Бірақ, жасыра­тыны жоқ, нарықтың негізгі үлесі әлі күнге дейін  интимдік  контентке  тиесілі.

Технологияның дамуы мен интернет­ке қолжетімділіктің артуы бұл бизнесті жаһандық деңгейге шығарды. Бүгінде вебкам-платформаларда жұмыс істейтіндердің географиясы кең. Латын Америкасынан бастап Шығыс Еуропа мен Азияға дейін. Ал табыстың ең жоғары үлесін әдетте Батыс Еуро­па мен Солтүстік Америкадан келген тұтынушы­лар  қамтамасыз  етеді.

Вебкам-бизнес уақытпен бірге өзгере отырып, заманауи еңбек нарығының бір ерекше бөлшегіне айналды. Алайда оның көрін­бейтін  тұстарында  қауіп-қатер  де,  адами  тағдырлар  да  бар.

ИНДУСТРИЯНЫҢ КӨЛЕҢКЕЛІ ТҰСТАРЫ. САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Бір қарағанда вебкам-индустрия оңай ақша табудың тиімді жолындай көрінгенімен, оның көлеңкелі тұстары жылдан-жылға жиі айтылып келеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл салада еңбек ететін адамдар психоло­гиялық тұрғыдан ауыр салдарға ұшырау қаупі­не  жиі  тап  болады.

Психологтар вебкам-модельдердің көп­шілігі ұзақ уақыт бойы эмоционалды күйзе­ліс, жалғыздық сезімі және өз-өзіне деген сенімнің жоғалуы сияқты проблемаларға кезігетінін айтады. Бұл жерде басты себеп — адамның жеке кеңістігі мен тұлғалық шекарас­ының үнемі бұзылуы. Экранның ар жағындағы әрбір көрермен — тек төлеуші ғана емес, сонымен қатар модельге тікелей талап қоятын адам. Уақыт өте келе бұл жағдай модельдің өзін тауар ретінде қабылдауына алып келеді, ал бұл ауыр психология­лық  дағдарысқа  ұрындыруы  мүмкін.

Әлемдік тәжірибеде вебкам-бизнестің қараң­ғы салдары туралы бірнеше нақты жағдай тіркелген. Мысалы, 2021 жылы АҚШ-та жүргізілген зерттеу нәтижесінде вебкам саласында жұмыс істейтіндердің шама­мен 30%-ы күйзеліске ұшырағанын мойындаған. Ал Ұлыбританиядағы Mental Health Foundation ұйымының деректеріне сүйенсек, бұл индустриядағы әр бесінші адамның өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлары болған. Әсіресе, жас модельдер арасында психикалық күйзеліс деңгейі өте жоғары. Олардың көбі кәсіби психологтың көмегіне мұқтаж екендерін мойындағанымен, ашық түрде көмек сұраудан қорқады — қоғамдағы стигматизациядан және өздерінің таңдауын жариялаудан  ұялады.

Тағы бір статистикаға жүгінсек, 2023 жылы әлем бойынша вебкам-платформа­ларда тіркелген модельдер саны 1,5 миллион­нан асқан. Бүгінде оның саны қаншаға артқаны жайлы нақты дерек таппадық. Не де  болса, көбейгені айдан анық. Олардың басым бөлігі — экономикалық жағдайы әлсіз елдердің азаматтары. Солардың ішінде Орталық және Шығыс Еуропа, Латын Америкасы елдері көш бастайды. Сондай-ақ, ТМД және Орта Азия елдерінде де «вебкамшы» арулардың саны артқан. Бұл көрсеткіштің артында көбіне әлеуметтік қысым мен қаржылық тапшылық сияқты мәселелер тұр.

Сарапшылар вебкам-бизнестің тағы бір үлкен қатерін атап өтеді — жеке деректердің таралу қаупі. Көп жағдайда модельдердің видео­лары олардың келісімінсіз тарап кетеді. Бұл өз кезегінде шантажды, беделге нұқсан келтіруді, тіпті физикалық қауіптерді туындатуы  мүмкін.

ВЕБКАМ – ҚАЗАҚСТАНДА. ЗАРДАП ШЕГУШІЛЕРДІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Бүгінде әйел денесін табыс көзіне айнал­дыру тек шынайы өмірде емес, интернет кеңістігінде де қарқын алған. Вебкам индустрия­сы – сол көрінгенге жеңіл табыс уәде етіп, артында үлкен трагедиялар жасырып  тұрған  салалардың  бірі.

Анна – 20 жастағы студент. Ақша тап­шылығы оны вебкам-студияға алып келген. Бастапқыда  бір-екі сағатта бір айлық табыс табу  армандай көрінген. Бірақ көп ұзамай ол қоқан-лоқы (шантаж), қорқыту және ішкі  үреймен  бетпе-бет  қалды.

– Бір рет клиент мені жазып алғанын айтып, қалағанын істемесем, видеоларымды таратып жіберетінін ескертті. Жоқ дей алмай­сың – студияда клиенттен айырылуға болмайды, – дейді  Анна.

Ол енді көшеде біреу ұзақ қарап қалса, өзін танып қоя ма деп қорқады. Өзінің айтуын­ша, видео шынымен таралды ма, белгісіз. Бірақ бұл ой оның өміріне көлеңкесін түсірген.

Томирис есімді тағы бір бойжеткен бас­тапқыда мүлдем басқа жұмыс іздеп жүріп, вебкам-студияның «қақпанына» түскен. Оған  «300  мың  теңге  табасың» деген ұсыныс жасалып, арман қуалап келісім береді. Бірақ бірер аптадан соң қорқыту мен жеке өміріне  қауіп  төнгенін  сезеді.

– Бір клиент менің туған қаламды біліп алған. Әлеуметтік желілерімнен қазіргі мекен­жайымды да тапқанын айтты. Студия басшыларына бұл туралы айтсам, «клиентті жоғалтуға болмайды» деді, – деп еске алады Томирис.

Мира есімді 28 жастағы әйел өз тартымдылығына сеніп, вебкамға кірген. Бірақ нәтижесінде үнемі үрей, паникалық шабуылдар мен өзіндік бағалаудың түсуімен бетпе-бет келген. Әлі күнге дейін бұл индустрия­дан шыға  алмай  жүр.

– Әр камераны  қосқан  сайын  ішімнен  жыла­ғым  келеді. Бірақ кетсем, өмір сүруге табысым  болмайды, – дейді  ол.

Психолог Рената Трубачеваның айтуын­ша, вебкам – бұл сексуалды эксплуата­цияның бір түрі. Оның салдары кәдімгі прос­титуциядағыдай ауыр: әлеуметтік оқ­шау­лану, үнемі әшкерелену үрейі, эмоцио­налды  күйзе­ліс.

Әсіресе, клиенттердің тарапынан болатын қысым әйелдердің өзін «зат» ретінде көруіне алып келеді. Бұл олардың өз-өзіне деген құрме­тін жояды. Нәтижесінде, көптеген модель «мен тек осымен ғана өмір сүре аламын»  деген  қате  сенімге  бой  алдырады.

– Сыртқы келбет арқылы өзін бағалауға үйренген әйел адам өзін тұлға ретінде қабыл­дамай қалады. Ол тек әдемілігімен ғана маңыз­ды екенін ойлайды, – дейді  психолог Екате­рина  Капустина.

Тағы бір маңызды мәселе – отбасымен және достарымен байланыс үзілуі. Вебкамдағы жұмысын жасырған сайын, әйел өзін қоғамнан алыстатады. Ақыр соңында ол кез келген мәселені жалғыз шешуге мәжбүр болады. Бұл ұзақмерзімді әлеуметтік оқшаулануға  әкеледі.

2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда жаңа заң қабылданып, интернет арқылы сексуалдық қызмет көрсетуге тарту қылмыс­тық жауапкершілікке алынды. Бірақ, құқық қорғаушы Халида Ажигулованың айтуынша, бұл тек ұйымдастырушыларға қатысты. Ал вебкам-модельдің өзі заң алдында жаза­ланбайды.

– Негізінде, вебкам – Қазақстанда ты­йым салынбаған, бірақ заңды емес сұр аймақта. Проблема клиент тарапынан сұраныс барында туындайды. Сол үшін мен клиенттерге де жауапкершілік жүктеу керек дер едім, – дейді Х.Ажигулова.

(Оқиғалар The Village Kazakhstan порталынан алынды)

ТҮЙІН. Вебкам-бизнес сырт көзге «жеңіл табыс» болып көрінгенімен, оның астарында адам психикасын күйрететін зорлық, қоқан-лоқы жасау, әлеуметтік оқшаулану және өзін төмен бағалау жатыр. Бұл индустриядан шығу қиын – тек қаржылық емес, рухани тұрғыдан да.

Осыған байланысты қоғамда вебкам-бизнестің шынайы келбетін түсіну, әсіресе жастар арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу – аса өзекті. Себебі оңай ақша уәдесі көбіне өмірлік жара болып қайтады.

Перизат  ЗАХРАДИН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: