Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Түйе табанының түсуі аса қауіпті ауру емес»

08.07.2021, 20:30 181 0

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысы, Арал ауданында биылғы жылдың маусым айының соңғы он күндігінде түйе табанының түсу белгілері анықталып, жергілікті билік тарапынан жедел шаралар қабылданды. Бүгінгі күні Арал ауданының Аққұм, Қарақұм ауылдық округтері және Жақсықылыш кентінде 24 бас түйенің ауруы тіркелді. Ветеринар мамандар ауру белгілері бар түйелерге клиникалық тексеруді бастап, «Некробактериоз» болжамды диагнозын қойып отыр. Алайда сала мамандары түйедегі аталған ауру аса қауіпті аурулардың қатарына жатпайтындығын растап отыр.

Ауру белгілері анықталған өңірдегі ахуалға сәйкес жауапты сала мамандары шұғыл түрде баспасөз брифингтерін өткізіп, қажетті шаралар мен болжамды себептерін атап өтті.

Некробактериозбен жануарлардың барлық түрлері ауырады. Бұл ауру әсіресе қажетті жем-шөп қорегінің аздығынан, қуаңшылықтың болуынан қыстан арық, көтерем болып шыққан, иммунитеті төмен малдарда жиі кездеседі. Яғни, бактериялар жарақат алған жануарларда тарайды. Көбінесе ауырған түйелердің табанын зақымдап, мазольді қабатын бұзып түсіреді. Сондай-ақ, лайлы-шалшық жерлерде, көктемде қора-жайларға механикалық антисанитарлық жұмыстардың жүргізілмеуінен пайда болады.

Ветеринар дәрігерлер ауырған түйелерді емдеу үшін түрлі антибиотиктерді қолдануда. Оның ішінде «Бициллин-3», «АСД фракция-3» ерітіндісі, «Ашокси», «Нитокс-200» ветеринариялық препараттарын малдарға егу жүргізілуде. Препараттар мал иесінің өз қаражаты есебінен егілуде. Оған шамаман 8 000-нан 10 000 теңгеге дейін қаражат жұмсалады.

Қазіргі күні ауырған түйелердің жағдайы қалыпты деңгейде. Ауырған 24 бас түйенің бүгінде 14-і сауыққан. Ал, қалған 10 бас түйеге емдік шаралары жүргізіліп жатыр, – деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дармағанбетов.

Бүгінгі күні ветеринар мамандар мал иелеріне емдеу процесін тегін жүргізіп жатыр. Мал аурулары тұрақты бақылауға алынған. Айта кетейік, ауру белгілері анықталған түйелерден қосымша сынама алынуда. Сынамалар Республикалық ветеринарлық лабораторияның Қызылорда облысындағы филиалына тапсырылатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: