Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төрт түлікке екпе салынды

05.07.2022, 16:16 292

Көшпелі брифинг

Өңірде күннің климаттық жағдайы адамдардан бөлек, ірі қара үй жануарларының жағдайына кері әсерін тигізіп, түрлі ауруға шалдығуына әкеп соғуда. Десе де, былтырға қарағанда биыл ірі қара малдың жұқпалы ауру арқалап, түрлі кеселге тап болу жағдайы азайған. Және аймақта мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтардағы жануарларға екпе егу тұрақты жалғасуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі мен облыстық ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте айтылды.

Таңсәріде тілшілер қауымы ветеринария қызметкерлерімен бірге Қызылорда қаласына қарасты Белкөл ауылдық округі жанындағы «Абай» шаруа қожалығына аттандық. 298 бас мүйізді ірі қара, 83 бас жылқы, 7 бас түйе, 100 тауық өсірілетін қожалықтың  директоры Мұрат Нұрсейітов бұл жерден тек мал санын көбейтіп ғана қоймай, сүт өнімдерін өндіретін шағын цех жасақтапты. Табиғи өнімдердің сұранысы артқан шақта сиыр, жылқы және түйенің амандығы, денсаулығы басты назарға алынады. Жаз уақытында аусыл, қарасан, пироплазмоз ауруларының  алдын алу мақсатымен ветеринарлар олардан арнайы қан алып, екпе егу жұмысын бастады.

  • Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында ауру ошақтарын болдырмау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатындааса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруға республикалық бюджет есебінен қаралған6345,2 мың доза ветеринариялық препараттың облысқа 3957,2 мың дозасы (62,4%) жеткізілді. Жоспарға сәйкес 3083,1 мың данасы алдын ала егіліп, 6 айлық жоспар 100%-ға орындалды, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Бұдан кейін жылқылардың жайын біліп, оларда кездесетін ауру түрін білуге, кенеге қарсы улау жұмыстарына куә болу үшін «Жирен» шаруа қожалығына бардық. Қазанаты бір бөлек тұлпардың да ауру аймағына кіру қаупі жоқ емес. Көмейіне құрт түскен жылқылардың 80 пайызға жуығы дерті өршіп, жан тәсілім ететін көрінеді. Ол ауру «гастрофилез» деген терминге ие. Бұл дерт қалай пайда болатынын білгеніңіз жөн. Жылқы күннің ыстығында теріге қонған шыбын-шіркей қонған жерді тілімен жалағанда түскен құрт тіл арқылы ауыз қуысына таралып, оны құрттатып жібереді екен. Міне, осындай аурудың алдын алып, бірнеше жылқының тіл аймағына ауруға қарсы дәрі түрін пайдаланып, оны болдырмау жұмыстарын жүргізеді. Мұнымен бірге, барлық дерлік жүйрікті бір жерге жинақтап, толық кенеге қарсы улау жұмысы жүргізілді.

  • Мұндай жеке қожалыққа көрсетілетін қызметтер Қызылорда облысы ветеринариялық станциясына өтініш білдірген қожалық басшыларының айтуымен жүзеге асады. Улауға қарсы сұйықтықтар мен препараттарға кететін қаржыны қожалық иесі төлеп, екпелер мен дәрілерді сатып алып келаладыеді, – деді қалалық ветеринария станциясының директоры Нұрлан Сейітұлы.

Ветқызметкерлер аптап ыстықта да демалыссыз әрі беймезгіл жұмыс істеуге дайын. Өйткені «ауру айтып келмейді» демекші, үй жануарларында туындаған дерттің жайын шешіп, тіпті төлдетіп, сынған сирақтарын да емдеп береді екен. Мұның барлығы жұмыс уақытында болатын жағдай емес екені түсінікті. Еткен еңбегі көзге көрінбейтін сала мамандарының мал шаруашылығы мен ветеринария ғылымында орны айқын екенін байқадық.

Келесі «Аруана» шаруа қожалығына ат басын тіредік. Бұған дейін мүйізді ірі қаралар мен шабысы дара тұлпарлардың күйіне қанық болсақ, бұл жолы төрт түліктің төресі түйелерге екпе егудің қамын көрдік. 113 бас сауынды түйе жануарының 90-ы – ірі түйе, ал қалған 23-і – бота. Жылына шамамен 30-40 түйе төлдеп, сан мен сапасы артуда. Өркешті жануарлар сібір ауруына қарсы ивермек екпесін алды. Нар түйелер адамға қауіп төндіретін аурумен де сырқаттанып қалады екен. Сол үшін  екпе маусымы тұрақты әрі толықтай жүргізіліп отыратынын жеткізді «Аруана» шаруа қожалығының ветпункт меңгерушісі Алтынбек Әбдіраманов.

Аймақтағы аса күрделі проблемалардың қатарына экология мен климаттық жағдай кіреді. Одан кейін жануарлар арасындағы індет пайда болмас бұрын ветеринария саласына да назар аударып, қажет ететін дәрі-дәрмектер берілуі керек. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау болса жеткілікті.

                 Ердәулет ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: