«Қоғамды түзеймін десең, алдымен өзіңді дұрыста» деген нақылдың мәні терең. Сондықтан қала тазалығына бәріміз жауаптымыз, біреудің тастаған қоқыс қалдығын біреу тазалауға міндетті емес.
Қоршаған ортаның тазалығы – өркениетті қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі. Көшенің көркі, ауланың ұқыптылығы, табиғаттың тазалығы тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілік деңгейін танытады. Сондықтан тазалық мәселесі тек коммуналдық мекемелерді ғана ойлантпай, әрбір азаматтың азаматтық борышы болуы тиіс. Ащы да болса ақиқаты – осы.

ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ
Қазіргі уақытта тазалық мәселесі өзектілігін жойған емес. Әсіресе, жаз мезгілінде құрылыс қалдықтарының бейберекет төгілуі, қоғамдық орындарда қоқыстың шашылып жатуы тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасын көрсетеді. Тазалыққа немқұрайды қарау табиғатқа ғана емес, қоғамның жалпы мәдениетіне де кері әсер етеді. Халқымыз «Тазалық табалдырықтан басталады» дейді. Алайда осы қағиданы күнделікті өмірде берік ұстанып жүрміз деп айту қиын. Көп жағдайда таза ортада өмір сүргіміз келгенімен, оны сақтауға келгенде жауапкершілікті өзгенің мойнына артып қоямыз. Нәтижесінде көшенің көркін қоқыс бұзып, табиғаттың тынысын тұрмыстық қалдық тарылтады.
Әрине, қала тазалығын қамтамасыз етуде коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегі зор. Олар күн райының қолайсыздығына қарамастан күндіз-түні көшелерді тазалап, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін еңбек етуде. Дегенмен, тазалықты сақтау тек осы сала мамандарының күшімен жүзеге аспайтыны анық. Туған өлкеміздің жарқырап, өзіміздің саф ауада тыныс алуымыз ең алдымен өзімізге тікелей байланысты.
Таза қала – тұрғындарының мәдениеті жоғары, жауапкершілігі қалыптасқан қоғамның белгісі. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау әркімнің өз ауласынан, өз көшесінен басталуы керек. Өйткені, туған жердің тазалығы мен көркеюі – баршамызға ортақ жауапкершілік.

«СЫР ЕЛІНІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ӨЗ ҮЛЕСІМДІ ҚОСҚАНЫМА ҚУАНЫШТЫМЫН»
ШЖҚ «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысшысы Гүлнар Арғынбаеваның осы салада жұмыс істеп келе жатқанына көп уақыт болған. Оның сөзінше, кез келген адам өз жұмысын шынайы жүрекпен қалап атқаруы керек. Сонда ғана істің нәтижесі болады.
– Осы мекемеде алты жылдан бері еңбек етіп келемін. Түске дейін қала ішінің тазалығына жауаптымыз, ал одан соң көше бойының шөбін шабуға шығамыз. Қала тазалығына жыл бойы белсенді қатысамыз. Таза қалада өмір сүру денсаулығымызға да пайдалы. Жаз мезгілінде күн ыстығына да қарамай атқарып келеміз. Жұмысымыз жүріп жатыр. Сыр елінің өркендеуіне өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын, — дейді жұмысшы маман Гүлнар Арғынбаева.

КӘСІПОРЫННЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ ҚАНДАЙ?
Қаланың тазалығы мен көркеюін қамтамасыз етіп отырған «Қызылорда тазалығы» мекемесінде бүгінде ауқымды ұжым еңбек етеді. Мекеме штатында 538 бірлік қарастырылған болса, қазіргі уақытта оның 523-і толықтырылған. Ал 15 жұмыс орны бос күйінде қалып отыр. Қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 270 мың теңгені құрайды.
Мекеменің негізгі күшін тазалық бөлімінде еңбек ететін 204 қызметкер құрайды. Сонымен қатар көгалдандыру және су жеткізу бөлімдерінде 45 маман жұмыс атқарады. Қаланың санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауға 79 жүк тиеуші мен 50 қосалқы қызметкер де өз үлесін қосып келеді. Олардың қатарында техникалық жұмысшылар, күзетшілер және шаруашылық саласының мамандары бар.
Арнайы техникалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында мекемеде 117 штаттық бірлік қаралған. Оның 106-сы жүргізуші болса, қалған бөлігін слесарь және моторист мамандары құрайды. Бұдан бөлек, мекеменің өндірістік және ұйымдастырушылық жұмыстарын үйлестіретін 23 инженерлік-техникалық қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде екі қызметкер басшылық құрамға жатады. Мыңдаған тұрғынның жайлы әрі таза ортада өмір сүруіне күн сайын үлес қосып жүрген бұл мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық.
Таза көше, жинақы аула, күтіп-бапталған жасыл желек қала мәдениетінің деңгейін аңғартады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстарды атқарып келе жатқан мекемелердің бірі – ШЖҚ «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны. Кәсіпорынның негізгі міндеті – қала көшелерінің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және жеке әрі заңды тұлғалардан шығатын тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытылы жинап, арнайы орындарға жеткізу. Бұл жұмыстар күн сайын, демалыссыз атқарылады.
Таңғы сағат үштен бастап арнайы техникалар қала көшелеріне шығып, санитарлық тазалау жұмыстарын бастайды. Қызметкерлер көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын сыпырып, тұрмыстық қалдықтарды жинайды, қоқысты арнайы полигонға тасымалдайды. Сонымен қатар көшелердегі кіші қоқыс жәшіктері тазартылып, санитарлық жағдай тұрақты бақылауда ұсталады.
Жаз мезгілінде мекеме жұмысы одан әрі қарқын алады. Қала көшелеріне су себіліп, шаң-тозаңның алдын алу шаралары жүргізіледі. Екі жүзден астам көшедегі шөп шабылып, бордюрлер мен ағаштар әктеледі. Бұл жұмыстар қаланың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Ал қыс айларында коммуналдық қызмет мамандары қар тазалау және көктайғақтың алдын алу жұмыстарына жұмылдырылады. Қала көшелері қардан аршылып, жолдарға құм-тұз қоспасы себіледі. Мұның барлығы тұрғындар мен көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінде кәсіпорын 500-ден астам көшенің санитарлық тазалығына жауап береді. Бұл жұмыстарды 250 жұмысшы мен 84 арнайы техника атқарып келеді. Күн сайын көпқабатты тұрғын үйлерден, жеке секторлардан және кәсіпкерлік нысандардан шығарылатын қалдықтар жиналып, мыңдаған контейнер уақытылы босатылады. Сонымен қатар контейнер қойылмаған жүздеген көшеден де қоқыс арнайы кестеге сәйкес шығарылып отырады.
Қала тазалығын қамтамасыз ету жолындағы жұмыстардың ауқымын тұрмыстық қалдық көлемінен де аңғаруға болады. Өткен жылы ғана қалалық полигонға жүз мың тоннаға жуық қоқыс жеткізілген. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында ондаған мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылған. Бұл көрсеткіштер қаланың өсіп, тұрғындар санының артуымен қатар тазалық мәселесінің де маңыздылығын көрсетеді.
Соңғы уақытта қала аумағындағы бірқатар рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталып, жойылды. Дегенмен, тазалық мәселесін түбегейлі шешу үшін коммуналдық қызметтің еңбегі ғана жеткіліксіз. Қоршаған ортаны таза ұстау әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігіне байланысты.
Тазалық – тек коммуналдық қызметтің жұмысы емес, ол – ортақ міндет. Қала тұрғындары тазалық талаптарын сақтап, қоқысты белгіленген орындарға тастап, қоршаған ортаға жанашырлық танытқанда ғана Қызылорда өзінің көрікті келбетін сақтап, одан әрі ажарлана түспек.
Тақырып төңірегінде кәсіпорын басшысының да пікірін білгенді жөн көрдік. Айтуынша, мекеме жұмысшылары тиесілі міндеттерін асырып орындап келеді. Тек тұрғындар тарапынан бейжай қарайтын ортаның көптігі алаңдатады.
«БІЗДІҢ БАСТЫ МАҚСАТ – ТАЗА ӘРІ ЖАЙЛЫ ҚАЛА»
– «Қызылорда тазалығы» кәсіпорны қала тұрғындарына қолайлы әрі таза орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Санитарлық тазалықты сақтау, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару және көшелердің көркін келтіру жұмыстары күнделікті бақылауда. Дегенмен, қаланың тазалығы коммуналдық қызметтің еңбегімен ғана шектелмейді. Сондықтан тұрғындарды тазалық мәдениетін сақтауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырамыз. Кейде таңертең тазаланған көшенің кешке қарай қайтадан қоқысқа толып жататынын көреміз. Бұл тазалық мәселесінің тек техникалық емес, мәдени мәселе екенін көрсетеді. Коммуналдық қызмет өз міндетін атқарып келеді. Ендігі кезекте тұрғындардың да жауапкершілігі артуы қажет. Қоқысты белгіленген орындарға шығарып, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға әрбір азамат атсалысса, қаламыздың көркі арта түседі. Таза қала – ортақ еңбектің жемісі, — дейді ШЖҚ «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны басшысы Сапарғали Асылбеков.
Тілші түйіні. Иә, тазалық мәселесі бұған дейін де жазылған, жазыла береді де. Өйткені, ол – қоғамның бір бөлшегі. Адамзат баласы тұтынушы болған жерде тұрмыстық қалдықтар күнделікті болуы заңдылық. Дегенмен, әр азамат өз ортасын таза ұстауы қажет. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тазалық сақтау жүрек тазалығына байланысты. Жүрегі таза адам жүрген жерін, ортасын таза ұстайды. Әсілінде ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!