Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жәнібек жасаған ерлік

24.04.2022, 10:00 838

HALYQLINE.KZ

Қазақстан тарихы пәні оқулығында «Жәнібек Елеусов – Днепр өзенінен өтерде ерлік көрсетіп, 18 жасында Совет Одағының батыры атанған ең жас қазақ» деп жазылған, тарих пәні мұғалімі ретінде қызығушылықпен іздесем, айтса адам сенбейтіндей ерлікті бір өзі жасапты.

Жәнібек Ақатұлы Елеусов 1925 жылы 20 маусымда Алтай жерінде дүниеге келіп, Тұрат ауылындағы 7 жылдық қазақ мектебін бітіргесін, ары қарай орыс мектебінде оқыған. 1941 жылы соғыс басталғанда әскери комиссариаттың есігін тоздырғанмен, 16-дағы бозбаланы алмайды, 1943 жылы жасы 18 толмаса да, Барнауылдағы әскери курсқа жібереді, сол жақта тамыз айында пулеметші болып майданға жіберіледі.

Днепр мен Десна өзенінен өту үшін Қызыл Армия үлкен шабуылға шығады. Құрамында Жәнібек бар 25-ші атқыштар полкіне, осы екі өзеннің тармағы болып табылатын Припять өзенінен ары қарай өтіп, жау бекінісін жоюды тапсырады.

1943 жылдың 22 қыркүйегінде Плитовцы мен Опацицы деревньясы тұсынан өзеннен өтуді бастайды. Борап тұрған оқ астынан құрастырмалы қайықпен бірінші болып өткен Жәнібек қалған әскер өтіп болғанша жау бекінісіне пулеметпен оқ жаудырды. Полктің бір аптаға созылған шайқасы басталды, күніне 8 рет шабуылды тойтарған кездері болды. Ең соңында бүкіл полктен жалғыз қалған Жәнібек, станковый пулеметін 4 жерге қондырып алып жауға тойтарыс береді, осылайша жау совет әскерлері әлі көп деп ойлап, шабуылын үдете түсті, миноменттен оқ жаудырып, қарсы ұмтылғанмен 4 пулеметке ауысып оқ жаудырып жауды жер жастандырды. Осылайша 4 күн бойы төтеп берді, түнде шабуыл басылғанда тамақ пен суын ішіп алып, пулеметін дайындап алып отырды. Совет әскерлері келгенде таң қалғаны – минометтен жаудырған снарядтар жердің астан-кестенін шығарса да, қалайша Жәнібек аман қалғаны. Қазақ ондайда періштесі қорғап қалды дейді. Жәнібектің әлі кетіп, 4 күн ұйықтамағандықтан көзі қанталап, жұқа тамырлары үзілгендіктен көзінен қан ағып, қолы пулемет гашеткасын үздіксіз басқандықтан күп болып ісіп кеткен болатын. Осы ерлігі үшін 2 айдан кейін, 18 жасында батыр атағы берілді.

Кейін ауыр жараланып, 6 қабырғасын алып тастаған соң, елге қайтты, 1991 жылы зейнетке шығам дегенше ДОСАФ-қа қарасты клуб директоры болды. 1996 жылы 21 ақпанда қайтыс болды.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: