Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұмыт болған қазақ қайраткері

26.08.2023, 11:00 319

HALYQLINE.KZ

1960 жылдың қаңтарында тарих ағымымен үш қазақ елінің тізгінін ұстады. Жұмабек Ташенов Қазақ ССР-нің Жоғары Кеңесінің төрағасы, Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болса, Қонаевтан кейінгі екінші хатшы Фазыл Кәрібжанов болғанымен, қуаныш ұзаққа бармады. СССР басшысы, яғни КПСС-тің бірінші хатшысы Никита Хрущев өзінің бастамасымен басталған тың игеруді одан әрі қарай өрістетем деп, осы үш қазақты Москваға шақыртады да күн тәртібінегі мәселе Қазақстанның солтүстігіндегі Ақмола, Көкшетау, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарын «тың өлкесі» деп жариялап, Ресейге қосатынын мәлімдеді. Сол кезде орнынан тұрған Ж.Тәшенов бірден қарсы болып: «Никита Сергеевич, бұл мәселені күн тәртібінде қараудың өзі саяси және өрескел қателік болып табылады. СССР Конституциясында одақтас республикалар өз еркімен кірген Одақ деп жазылған және оның тұтастығы заңмен қорғалады, әрі билеу құқығы әр республиканың еркіне берілген» дегенде, Хрущев түкірігіне қақалып үйреншікті айқайына басады: «Сен кімсің Саяси Бюроның шешіміне қарсы келетін, керек болса бұл мәселені сендерсіз өзіміз-ақ шешеміз» дейді. Сонда Тәшенов: «Ондай болса, алдымен СССР Конституциясын жоққа шығарыңыз, себебі онда әр республиканың басқару құқығы өзінде деп жазылған. Егер сіздер оған қарамайтын болсаңыздар, біз БҰҰ және Халықаралық сотқа жүгінетін боламыз» дегенде, Хрущев: «Бұл мәселені кейінге қалдырамыз» деп сабасына түседі. Алматыға келгесін Хрущев Қонаевқа: «Тәшеновты орнынан ал» деген ауызша нұсқау береді. Бүкіл ЦК-дан тек қана Фазыл Кәріпжанов қана қарсы болып, Ташеновты аман алып қалады, жалғыз болса да республика басшылығындағы екінші адам болғасын сөзі салмақты еді. Алайда, Хрущев «бұл мәселені қайта қараңдар» дегенде, наурыз айындағы Пленумында осы Фазыл ағамыздың беделі арқасында Тәшеновты орнынан алғанмен Қазақстан Үкіметінің төрағасы қылып, өзі Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің төрағасы болады, осылайша батыр қазақ Фазыл батыр намысты қолдан бермей Қазақстандағы басты үш билікке үш қазақ ие болғанмен, көп ұзамай сол жылдың 25 тамызында қазақ өкіметінің басшысы Фазыл Кәрібжанов 48 жасында өкпе рагі ауруынан қайтыс болады. Сонымен есімі атала бермейтін бұл қазақтың өмірін қысқаша айтып өтейін.

Фазыл Кәрімұлы Кәрібжанов 1912 жылдың 24 қарашасында Ресей империясының Омбы уезіндегі Ақмола облысында дүниеге келеді. Қазіргі уақытта бұл жер Ресейдің Омбы облысының Шебақұл ауданы, яғни қазақтың Ресей құрамында қалып қойған жері. Әкесі Кәрім көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан Арғын тайпасының Атығай руының азаматы еді (Әуелбеков та осы Атығай руынан). Фазыл бір жасқа толғанда 1913 жылы әкесі қайтыс болды. Анасы Айтқожа, Сейтқожа, Батқа, Фазылмен жесір қалады. Үлкен ағасы Айтқожа ат жалын тартып ержеткесін ғана аштықтан тентіреп кетуден аман қалады. Осы Айтқожадан Сәлім дүниеге келеді, Сәлімнің баласы Жәнібекті барлықтарыңыз жақсы танисыздар. Жәнібек Сәлімұлы Кәрібжанов Қазақ ССР және ҚР кезінде екі рет ауылшаруашылық министрі, тәуелсіз Қазақстан кезінде үш облыстың әкімі болды, ҚР үкіметінің орынбасары, Мәжіліс парламентінің вице-спикері, Вьетнам, Моңғолия, КНДР, ҚХР-дағы Қазақстан елшісі болған қоғам қайраткері.

Сонымен Фазыл 1925 жылы бірінші рет он үш жасында мектеп қабырғасын аттайды, еңбекке ерте араласқаннан бір көзіне қораны қоршап тұрған ағаш бұтағы кіріп кетіп, көзі ағып түскен еді. 1927 жылы ВЛКСМ қатарына өтеді. 1929 жылы бесінші сынып бітіріп 17 жасында «рабфакке» оқуға түсіп үздік оқиды. 1933 жылы ВЛКСМ жолдамасымен Сібір ауылшаруашылық институтына түсіп үздік оқып, қызыл дипломмен бітіріп, агроном болып жұмыс істейді. 1938 жылы репрессия салдарынан қазақ мамандарының аздығынан Қазақстанға шақырту алады. 1940 жылы ВКП(б) қатарына өтеді, 1941 жылы соғыс басталғанда бір көзі болмағандықтан соғысқа алынған жоқ, Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығын басқарады. 1945 жылы ЦК-да ауылшаруашылық жөніндегі хатшы, 1946 жылы Қарағанды обкомының екінші хатшысы болады,1953 жылы Қазақ ССР-нің ауылшаруашылық министрі болғанда, Қазақстанның бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтың көзіне түсіп, өзінің орнына дайындай бастайды. Бірақ келесі жылы КПСС ОК Пленумында Қазақстанда тың игеруге қарсы болып, ол «тың жерлер емес мал жайылатын жер» деп қарсылық көрсеткенде орнынан алынып, Қазақстанға жаңа басшы болып П.К.Понамаренко мен екінші хатшы болып Л.И.Брежнев келеді. Понамаренко Москваға ауысып кеткен соң, Брежнев Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болған кезде, сауаттылығы және іскерлігін байқағандықтан Фазыл Кәрібжановты 1957-1960 жылы ЦК-ның екінші хатшысы қылады. 1960 жылы қаңтарда Л.Брежнев СССР Жоғары Кеңесінің төрағасы болып кеткенде, Қазақстан басшылығына Д.Қонаев келіп, екінші хатшы болып Фазыл Кәрібжанов қайта сайланады. Одан кейінгі оқиғаларды жоғарыда жаздым. Ф.Кәрібжанов қайтыс болған соң 28 Панфиловшылар паркіне жерленді. Замандастарының айтуына қарағанда Фазыл Кәрібжанов шаруашылық жүргізудің жетік маманы, өз ісінің дұрыстығын қорғай білетін приципшілдігімен ерекшеленетін, жамандыққа жаны қас, қазақ дегенде жанын беретін ұлтшыл, ең бастысы қолы мен ары таза азамат болған. Қонаев сияқты Кремльге жалтақтауды білмеген, Хрущевтің өзіне қарсы шыққан батыр адам болған екен. Қонаев ел басқаруына келгенде қайтыс болғандықтан, оның есімі ұзақ жылдар бойы ауызға алынбады, Назарбаев дәуірінде мүлдем ұмыт қалды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: